• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2011

Жылылық пен сұлулық мерекесі

725 рет
көрсетілді

Тәубе, ғасырлар тоғысында Сарыарқаның самалы оңынан соғып, заман түзелді. Түндігі бүтін тәуелсіз ел болдық, өз қолымыз өз ау­зы­мызға жетті. Бодан болған кездері көз жазып қалған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаң­ғырып, халық игілігіне қызмет етуде. Сонау 80-жылдардың соңында солтүстікте ақ қар, көк мұздың үстінде тұтанған алаудай – әз Наурызбен қайта қауышқан халықтың да қуанышы шексіз еді. Қызылжар өңірінде алты ай қыс түскен қалың қардың көбесі наурызда еркін сөгіле қоймайды. Соған қарамастан, алғаш рет облыс орталығында, барлық аудандарда киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Көңіл толқыды, жанарға жас үйірілді. Ол – қуа­ныштың көз жасы! Халық мәре-сәре болып, бір-біріне «Жыл басы құтты бол­сын!», «Ақ мол болсын!» деген сияқты, бұрын тіл ұшы­на жиі іліге бермейтін ақ тілектер арнады. Содан бері бұл өңірде де Наурыз мерекесін жыл басы ретінде дүр­кі­ретіп атап өту дәстүрге берік енді. Бұл күні еліміздің бар­лық елді мекендеріндегі сияқ­ты көне Қы­­зыл­жар­дың көше­лері­не де ха­лық симай кетеді. Со­лардың жай­дары жүз­дері, шат күлкісі көктемнің шуа­ғы­мен нұрла­нып, табиғат-ана ерек­ше елжірейді. Осындай жылылықтың, сұлулықтың сырын қасиетті ме­­рекенің тарихы мен таби­ға­ты­нан іздеу жөн сияқты. Та­р­их қойнауынан бізге жеткен бір аңызда Нұх пайғам­бар­дың кемесі Қазығұртқа күн мен түн­нің теңескен уа­қы­тында ке­ліп тоқтағаны ай­т­ы­лады. Зерт­теу­шілер Нау­рыз мерекесі той­лан­ғалы 127 ғасыр өтті деген деректі де жоққа шы­ғар­майды. Ұлы Абай­дың «Ол күн­де Нау­рыз деген бір жаз­ғытұрым мей­­­ра­мы болып, нау­рызнама қы­ла­мыз деп той-тамаша қылады екен» деуі де, Нау­рыздың та­мыры тереңде жатқанын аңғартса керек. Қазақтың Наурыз келгенде ерекше қуа­нуы­ның, шаттануының түп-тамыры қайда жатыр? Малы мен жанын сақтаған қазақ жылдың төрт мезгілінде де ауа райының құбылмалы мінезін қалт жібермей қадағалаған, бәріне мән берген, қыс жеңіл болса – құт, ауыр болса – жұт болатындығын ескерген. Ол төрт түлікті аман сақтау үшін қысқы аязда, ақ түтек боранда көрмегенді көріп, малымен бірге өріп, жуан­ның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер шағынан шаруасын күйзелтпей, ашаршылыққа ұшыра­май, аман-есен өтуді аңсаған. Сол күнге жеткен­де, әрине, ерекше қуанған. Сол себепті Ұлыстың ұлы күні қазан толтыра ас әзірлеп, молшылық болуын тілеген. Өкінішке орай, күтпеген жерден осы қуа­ныш сап тыйылды. Кеңес үкіметі аталмыш мерекені ислам діні тудырған “кертартпа рә­сім­дер” қатарына жатқызып, 1926 жылы ресми тойлауға тыйым салды. Ислам діні бұл өлкеге сегізінші ғасырдан ене бастағанын, ал Наурыз қазақ даласында одан бұрын той­лан­ғанын ескерсек, бұл қисынсыз, қия­натты шешім еді. Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұ­м­а­­баев та осыны дәттейді. «Қазақтың наурызы – дін мей­рамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруа­шы­­лық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғы­лыммен байла­ныс­тырып, қоғамға пайдалы игі іс ж­а­сайтын, ауыл адамдарын тап жігімен ұйым­дастыратын мейрам ету керек», – деп жазды ол. Атақты сөз зергері Ғабит Мүсірепов өзінің күнделігінде: «Қазақтың жылы наурыздан бас­талады. Жылдың басы жазғытұрғы күн мен түннің теңелуінен басталуы, әрине, дұрыс. Бұл – табиғаттың өзінің жаңаруы, өсімдік те, жан-жануар да бірі бүршік атып, бірі төлдеп, жа­ңа­рып, туынды беріп жататын кезі... Күн мен түн­нің жазғытұрғы және күзгі теңеулерінде қан­ша­ма мән, қандай жөн сілтеу жатыр десеңізші! Туар кез, өсер кез, көбейер кез, тозар кез, ескірер кез десіп тұрған жоқ па?!» – дейді. Наурызға қа­тысты ойларын Ғабең күнделігіне 1926 жылдан кейін түсірген сияқты. Өйткені, ол «озық» ел­дер­дің жыл басын қаңтардан бастауында еш­қан­дай ғылыми ақтау жоқ, күштің еріксіз көндіруі ғана бар», – деп қынжылыс білдіре келіп: «Адам баласы бір кезде өз қылығына өзі әділет жолы­мен қарап, ғылымға дәл сүйенген кезде, бұл мәселеге бір оралмай қоймасқа керек», – депті. Жазушының көре­ген­дігіне бас иесің. Наурыздың табиғаты ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, бір сөзбен айт­қан­да, тек жақсылыққа негізделген.Содан да, Нау­рыз біз­дің елі­міз­де жыл басы ғана емес, бере­ке-бір­ліктің, қа­йы­рым­ды­лық пен із­гі­ліктің мерекесі ретінде той­ланып келеді. Бұл күні үлкен болсын, кіші бол­сын, көшеге шығып, көңілді ойын-сауық­тарға қа­ты­сады. Мереке бағ­дар­ла­ма­сы шең­берін­де түрлі сайыстар ұйым­дас­тырылып, арнайы құрылған сахналардан ән мен жыр төгіледі. Әр үйде қазан көтеріліп, Наурыз көже пісіріледі. Наурыз дас­тарханы басқа да та­ғам­дарға толады. Бір қуанарлығы, соңғы кезде адал асқа арақ-шарапты араластырмауға көп көңіл бөлінуде. Ол да тегін емес. Наурыз мерекесі күндері шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге ежелден қатты тыйым салынған. Жоғарыда Наурыздың салтымызға қайта ора­луы­на ұлт жанашырларының көп еңбек сіңір­ге­нін айттық. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында тұратын Са­қып Құсайынова. Ол жылда Наурыз тойының бел ортасында жүреді. Еліміздің іскер әйелдері­нің съезіне бір емес, бірнеше рет қатысқан оймақ шебері, қазақтың қолөнерін дәріптеп, жас ұрпақты қастерлі құндылықтарға баулып жүрген Сақып Рақымжанқызы Наурызды нағыз халық­тық мереке деп біледі. «Наурыздың сәні, әні қазақтың бо­йын­дағы асыл қасиеттерден көрініс береді. Оның әлі ашылмаған мүмкіндіктері мол. Мәселен, Нау­рызға қатысты пайда болған Наурызнама, Нау­рыз­көже, Наурыз тойы, Наурыз жыры сияқты атау­лардың бәрінің де астарында үлкен ой, ма­ғы­на жатыр, осыны жастарға жеткізуіміз керек», – дейді ол. ...Жақында ауылға барып қайттым. Қой қоз­дап, қора шуға толып, мал төлдеп жатыр екен. Ди­қан­дар егіс қамына кірісіп кеткен. Ал балалар көктем құсы – Наурыздекті асыға күтіп жүр. Кешікпей олар да келеді. Осылай Наурыз қайта оралғалы Қызылжарға да көктем ерте келетін болды. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.