• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2011

«Кез келген тапсырманы орындауға әзірміз!»

495 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда айбынды армиямыздың тәуелсіз елімізді, кең байтақ жерімізді, айдын шалқар көлімізді қорғауға толық мүмкіндігі бар. Олай дейтініміз осыдан 19 жыл бұрын тұсауын кескен Қарулы Күштеріміздің қазір бұғанасы бекіп, қанаты қа­тайды. Оң-солын танып, алыс-жақын шетелдік әріп­тестерімен бәсекелесе алатын қау­қарға жетті. Әрине, мұның бәрі оңайлықпен келмегені белгілі. Соған орай айтарымыз мына ма­қаламыздың кейіпкері де жаңа заманға бейім жас буын өкілдерінің бірі. Ол келмеске кеткен Кеңес Одағы тарап, Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы ат­қан шақта бар жоғы 11 жастағы бозбала бо­латын. Оның азаматтық тұлғасы да жаңа тәуелсіз елмен бірге қалыптасты. Сол бір жұмбағы көп жауапты кезеңде асық ойнап, доп қуған балаң жас, ел тағ­дырының қалыптасуы жөніндегі үдерістердің және де саяси оқиғалардың шиеленісті түрде жүріп жатқандығынан бейхабар еді. Кейін ес біліп, етек жиған шақта асқар таудай аға буынның өнегесін көрген орта буыннан көп нәрсе естіп, жадына түйді. Әсіресе, Елбасының «Қазақстандық жол» шы­ғармасын оқып отырып ол, сол бір әлем жұрт­шылығын елең еткізген ел тынысының дү­бірін көз алдына елестетеді, сол себепті бұл кітап Әскери-теңіз күштерінің барлық офицерлері секілді оның да бағыт берушісіне, ақылшысына айналды. Оның деп отырғанымыз бала кезден Отан қорғаушысы мамандығын таңдап, кейін оны жанына айнымас серік еткен капитан-лейтенант Қ. Умаров. Бірде Қорғаныс министрлігі делегациясының Кореяға сапары барысында Корея Респуб­ли­ка­сының Ұлттық қорғаныс министрлігімен қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес әрбірінің су ығыстырғыштығы 150 тонналық кемелер біздің Әскери-теңіз күштеріне берілген болатын. Атал­ған кемелерді қиыр шығыстан Батыс Қазақстанға дін аман жеткізу көп күшті қажет етті. Сол кездегі теңіздегі алғашқы сапары мен тұңғыш мемлекеттік тапсырманы қалай орындағаны әр текті корабльдер жеке дивизионының командирі капитан-лейтенант Құсайын Алдабергенұлының есінен кетпейді. – Бәрі де күні кешегідей есімде. Әкелетін кемелер Корея Республикасында тиісті модернизациялаудан өтті. Аталған жобаны іске асыру шеңберінде 30 адам шамасындағы қазақстандық жиынтық экипаж қойылған міндеттерді іс жү­зінде пысықтай отырып Корея Республи­касында даярлықтан өттік. Оқу қорытындысы бойынша халықаралық стандарттар бойынша сертификаттар алдық. Кемелер мен экипаждың өз күшімен Ақтау қаласына дейін жүзіп өтуін дайындауға Түрік Республикасының Бас штабы үлкен көмек көрсетті. Біздің теңізшілер Гельджук қаласын­дағы Түркия Әскери-теңіз күштерінің Оқу орта­лығында қосымша даярлықтан өтті . Бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанза­қов­тың басшылығымен кеме жасағы Қара және Азов теңіздері, Волга-Дон су жолы арқылы Жерорта теңізінен Каспий теңізіне дейін үш мың теңіз милінен астам жүзіп өтіп, Ақтау портына табан тіреді. Бұл 2006 жылғы 30 мамыр күні жү­зеге асты. Демек, бұл күнді Қазақстан Респуб­ликасы Әскери-теңіз күштерінің қазіргі заманғы тарихының басталған күні десе де болады. Тап­сыр­маның айта салуға оңай болғанымен іс жү­зінде өзіндік қиыншылықтары мен жауапкершілігі мол еді. Бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанзақов Владивосток қаласындағы С.­О.Ма­каров атындағы Тынық мұхиты жоғары әскери-теңіз училищесінің түлегі. Тынық мұхиты фло­тын­да атом су асты кемесінде қызмет етіп мол тә­жірибе жинақтаған әс­кери маман. Түркия мен Ақ­тау қаласы аралығында күндіз-түні жүзіп отыр­дық. Босфордан өтер кезде ауа райы күрт бұзылды. «Шапшаң», «Батыл», «Өжет» кемелерін төңкере жаздаған ақжал толқындардың арыны басылар емес. Алысып келеміз, бір-бірімізден қалыспауға ты­рысамыз. Бұған дейін өз елімізде алған біліміміз бен шетелдерде жинақтаған тәжіри­беміз кәдеге асып, өз нәтижесін берді деуге болады. Бірінші ран­галы капитан Жандарбек Жанзақовтың кәсі­би­лігіне шынымен теңіздегі жорықта көз жет­кіздік, дейді Құсайын. Үкімет қамқорлығы арқасында көптеген жас қазақстандықтармен бірге әскери офицерлеріміз де әлемнің ең мықты оқу орындарында білім алу құқына ие болды. Әңгіме етіп отырған кейіпкеріміз де әлемдегі ең беделді деген әскери-теңіз оқу орындарында дәріс алып, ірі әскери базалар мен үлкен кемелерде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алған азамат. Сөзіміздің дәлелді болуына мына фактілер куә. Ол 2003 – 2006 жылдар аралығында Түркияның Карамусель оқу-жаттығу әскери-теңіз базасында теңізде бітімгерлік операцияларын жүр­гі­зу жөнінде дәріс алды, АҚШ-тың Вирджиния шта­ты Йорктаун қаласында командалық- штабтық курста оқып, Техас штаты Сан-Антонио қала­сында тілдік тәжірибесін дамытты. Кореяда кемелерді басқаруды үйреніп, корабль коман­дирінің көмекшісі қызметін атқарды. Бахрейн Корольдігіндегі АҚШ Әскери теңіз күштерінің жауынгерлік кемелерінде тағылымдамадан өтті. Әскери-теңіз күштері кенже дамыған әскер түрі болса да, бүгінгі таңда көптеген жауапты мін­деттерді атқарып келеді. Капитан-лейтенант Құсайын Алда­бергенұлы Умаровқа сеніп тап­сырылған әр тек­ті ди­визионның жеке құрамы Қазақстан Рес­публикасы Тә­уелсіздігінің 20 жыл­дығын лайықты қарсы алу жо­лын­дағы жауын­герлік сайысқа қо­сылды. Өткен 2010 жылы алға қойылған тапсырмалар орындалды. Жауынгерлік әзірлік тапсырмаларын орын­дау­­мен қатар, дивизион ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де белсенді түрде қаты­сып жүр. Әскери кемелердің кезекті айдынға шығуы кезінде Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордың үстіңгі және астыңғы қабаты зерттелуде. Жер ресурстарын бас­қару жөніндегі агенттік мамандарымен бірлесіп топографиялық және теңіз картасын жасау мақ­са­тында теңіз түбі бедерлерін зерттеу шаралары жүзеге асырылуда. Өткен жылы Орал қаласындағы «Зенит» зауы­тында «Барыс-МО» кемесінің құры­лысы бастал­ды. Бұл кеме 2012 жылы Қазақстан Әскери-теңіз күштеріндегі кемелердің қатарын толықтырып, өзінің жауынгерлік жалауын желбіретпек. Үсті­міздегі жылы дәл осындай тағы бір ке­ме­нің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның бір ерекшелігі басқа кемелермен салыс­тыр­ғанда, қуатты заманауи қару-жарақпен жаб­дық­та­латын­дығында. Сонымен бірге, теңіз тренажерлеріне, кеменің ұзақ мерзімге беріктігін қорғауға арнал­ған оқу-жаттығу станцияларына ие болу мүмкін­дігі бар. Аталған іс-шаралар, дивизион­ның ұрыс­қа қабілеттілігін едәуір арттыруға себеп болары анық. Әскери-теңіз күштері қатарын толық­тыратын жаңа әскери техникаларды мең­геретін кәсіби маман­дарды даярлау басты назарда. Мә­селен, 2010 жылы Әскери-теңіз базасына жоғары және орта оқу орын­дарын бітірген 49 маман келіп қосылды. Бүгінгі күні дивизион білімді де білікті теңізшілермен толық қамтамасыз етілді деуге болады Теңізшілердің жалақысы да тұрақты, соңғы екі жылда елу пайызға өсті. Биылғы жылы тағы да отыз пайызға көтерілмек. Елбасының тікелей тапсыр­масына сәйкес, келісім-шарт қызметіндегі әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысына қоса біліктілігі үшін үстемақы төленетін болды. Әскери атаққа ыңғайластыру арқылы ақы төлеу енгізілді. Енді әрбір әскери қызметші өзінің кәсі­би­лігін арттыруға, әскери атағы мен лауазы­мы­ның өсуіне баса назар аударады. Бүгінде Қазақ­стан армиясындағы әскери қызмет­шілердің «әлеу­­меттік пакеті» ТМД армиялары ара­сында көш басында екендігі белгілі. Оған Ақтау гар­ни­зоны әскери қызметшілері үшін салынып жат­қан 240 пәтерлі екі тұрғын үй мен 160 бөлмелі жатақхана дәлел бола алмақ. Демек, капитан-лейтенант Қ. Умаров жетекшілік ететін диви­зион­ның әскери теңізшілерінің де қоныс тойын той­лайтын күні алыс емес. Ендеше, Батыс шептегі теңіз шекарасы сенімді қолда деп нық сеніммен айтуға болады. «Жауын­герлік ерлігі үшін меда­лінің» иегері капитан-лейтенант Құсайын Умаров бас­қаратын әскери теңізшілер Елбасы – Қарулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қол­басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қойған кез келген тапсырмасын орындауға әзір. Жүніс ОМАР, полковник.   ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ КҮШТЕРІНІҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ: * Каспии теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шек­ара­сын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен эко­номикалық мүдделерін қорғау. * Агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға ат салысу. * Порттық аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және плат­фор­маларды қоса алғанда сулы аудандарды қор­ғау және күзету. * Су асты-диверсиясына қарсы қорғаныс жүргізу. * Құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету, теңіз десантын түсіруге жағдай жасау, әскерлер мен материалдық құралдарды тасымалдау, теңіз миналарын орналастыру. * Еліміздің Әуе шабуылына қарсы күрес мүддесінде теңіздегі радиолокациялық бақы­лауды қоса алғанда барлау қимылдарын жүргізу. * Халықаралық келісімдерге сәйкес бірлескен қорғаныс бойынша Каспии жағалауы мемлекеттері әскери-теңіз күштерімен бірлескен тап­сыр­маларды орындау. * Мұнай құйылған және басқа да азаматтық кемелерді шығарып салу. * Теңізде жүру қауіпсіздігін навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету. * Қазақстан Республикасы төтенше жағдай­лар жөніндегі министрлікпен бірлесе теңізде іздестіру-құтқару жұмыстарын іске асыру. * Қарулы Күштердің бөлімдері мен құ­рамалары және Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері, әскери құрылымдарымен бірлесе оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау. * ҚР ҚМ Әскери-теңіз институтының база­сында әскери-теңіз мамандарын даярлау. * Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына табиғатты қорғау және бақылау міндеттерін орындау, сондай-ақ теңіздегі апат немесе экологиялық апаттың зардабын жою бары­сында көмек көрсету.