«Құрмет Белгісі» орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты бүгінде еліміздегі офтальмологиялық қызметтерді бағыттаушы, үйлестіруші орталық болып табылады. Осы уақыт ауанында институт жұмысы 2004 жылы халықаралық қордың «Іс тәжірибедегі жоғары сапа үшін» Алтын медалімен аталып өтілсе, 2009 жылы отандық денсаулық сақтау саласында сіңірген еңбегі үшін институт директоры Т.Ботабекова «Парасат» орденімен марапатталды. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офтальмологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынгүл БОТАБЕКОВАМЕН бүгінгі әңгімеміз еліміздің офтальмология саласындағы қол жеткізген жетістіктер мен өзекті мәселелер жайында өрбімек.
– Тұрсынгүл Көпжасарқызы, қос жанардың адам өмірінде атқаратын қызметі айтып жеткізгісіз. Ендеше, алдымен осы аурудың бүгінгі жай-жапсарына тоқталып өтсеңіз.
– Иә, дұрыс айтасыз, көздің адам өмірі үшін рөлі ерекше, әрі маңызы зор. Айналадағы болып жатқан құбылыстарды көру табиғаттың берген үлкен сыйы.
Ресми мәлімет бойынша, республикада көру нашарлығымен 1 миллиондай адам тіркелсе, оның әрбір он алтыншысы ересек, әрбір сегізіншісі жасөспірім, әрбір жиырмасыншы балалар көз ағзасы патологиясының қандай да бір түрімен сырқаттанады. Сондай-ақ елімізде қазіргі уақытта 20 мыңнан астам көз ауруының мүгедегі бар. Мүгедектіктің негізгі себептері – су қараңғы (глаукома), аурудың оптикалық күшінің сәйкес келмеуі (рефракция аномалиясы), көзге ақ түсу (катаракта), қан тамырларының офтальмпатологиясы болып табылады. Ал балалар мен жасөспірімдерде көп ұшырасатыны – жақыннан көрмеушілік (миопия). Балалардың көз ауруына қатысты мына жайтты айта кетейін. 2002 жылдың Денсаулық жылы болуына байланысты республикадағы 12-18 жасқа дейінгі жасөспірімдер денсаулығын тексеруден өткізгенбіз. Осы зерттеу қорытындысында барлық аурулардың ішінде көз ауруы үшінші, ал Алматы қаласы бойынша жасөспірімдер бірінші орынға шығуы, көп нәрсені аңғартса керек.
Еліміздегі офтальмолог мамандарына келсек, бүгінде кадр жетіспеушілігі өткір мәселе болып отыр. Қазір республика бойынша 1000 дәрігер-офтальмолог жұмыс жасағанмен, 160 ауданға небәрі 129 дәрігерден ғана келеді. Сондықтан да 10 мың тұрғынға қажетті 0,7 дәрігердің орнына, небәрі 0,2-ден айналуда. Әсіресе, балалар офтальмологының тапшылығы айқын сезілуде. Егер Қазақстанда небәрі 167 балалар дәрігері болса, елді-мекендерде тек 6 маман ғана қызмет істейді. Жақсы бір жаңалығымыз, 2010 жылы Қазақ көз аурулары ҒЗИ-дың Астана қаласында филиалы ашылды. Бұл Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы тұрғындарға қызмет көрсетуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр.
– Ал елімізде көзі мүлдем көрмейтіндер саны қанша?
– Республикада қазіргі уақытта ресми түрде 7 мыңнан астам мүлдем көрмейтін және нашар көретін балалар тіркелген. Республиканың 14 облысында 8 ғана мамандандырылған мектеп жұмыс істеуде. Ондай арнайы мектептер мен балабақшалардағы күрделі мәселелер – жалпы оқу негіздерінің нашарлығы, білікті мамандардың жеткіліксіздігі, қазақ тілінде оқитын балалар үшін коррекциондық бағыттағы бағдарламаның жоқтығы, үйден оқитын балалардың дайындықтарының жеткіліксіздігі (аттестаттарында 4-5 пән ғана) болып табылады. Соңғы жылдары республикада тифлопедагогика мамандығы бойынша бірде-бір маман дайындалған жоқ. Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзі көрмейтін 2 адам, ал республикалық медицина колледжінде 16 адам массажист мамандығы бойынша оқиды.
– Институт еліміздегі көз аурулары ғылымымен айналысатын бірден-бір ғылыми мекеме. Ендеше, институт қандай жұмыстар атқарып, қандай жетістіктерге қол жеткізе алды?
– Қазақ көз аурулары ҒЗИ – еліміздегі байырғы бірден-бір ғылыми-практикалық, әрі офтальмология қызметіндегі негізгі орталық болып саналады. Мұнда көз ағзасы патологиясын емдеу және диагностика жасауда қазіргі заманғы жаңа әдістемелер қолданылып, енгізілуде. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу, емдеу-сауықтыру, ұйымдастыру-әдістемелік, әрі педагогикалық жұмыстар атқарылады. Соңғы жылдары диагностикалық мүмкіндіктер анағұрлым кеңейді.
Институтта кең көлемде көптеген хирургиялық емдеу жолдары жүргізіледі. Мәселен, ультрадыбыстық әдіспен катарактаны алып тастауды алайық. Егерде бұрын катарактамен ауырғандар оның жетілетін уақытын күтетін болса, енді жаңа технологияны қолдану нәтижесінде ауру туындаған кезінде операция жасауға болады. Суқараңғылықты жаңа хирургиялық әдіспен емдеу, торлы қабықтың ауруларын, екінші қайтара катарактаны, суқараңғы және т.б. көздің қан тамырлары ауруларын лазермен ота жасайды. Сонымен бірге, көз қылилығының күрделі түрлерін болдырмау үшін жетілдірілген хирургиялық техника, миопия мен көздегі әр түрлі рефракцияның аралас кездесуін (астигматизм) емдейтін жаңа әдістер, көз жарақатынан кейінгі операциялар, т.б. емдеу әдістері қолданылады. Яғни, институтта офтальмология диагностикасы мен емдеудің жаңа тәсілдері үздіксіз даму үстінде.
Жыл сайын институт көлемінде 4 мыңнан аса науқас жоғары мамандандырылған көмекті алады. Олардың елу пайызы бір көзі асқынған ауыр патологиялы науқастар. Жылына 5 мыңға жуық операция жасалынады. Республикада 2010 жылдан Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгені баршаға аян. Міне, осы жүйемен былтырғы жылы институтта 5007 адам ем алды. Осы жылдан бастап институтта күндізгі стационар бөлімі жұмыс істеп, онда Алматы қаласының мыңнан аса тұрғыны емделді.
– Бізді таңғалдырған жайт, институтта көзге жасалатын трансплантация. Бұл тәжірибе қашаннан жасалып келеді, оның мүмкіндігі қаншалықты?
–Жалпы көз трансплантациясы дегеніміз – толық мүшені емес, тек донор көздегі тінді көшіріп отырғызу. Мәселен, көздегі мөлдір қабықтың ағаруы болғанда, донордың мөлдір қабығын алып алмастырады. Сондай-ақ, көздің түбіндегі тор қабықта өзгеріс болғанда эмбрион тіні алынып, тор қабықтың астына енгізіледі. Өйткені, эмбрион тінінде биологиялық активті заттар көп. Бұл әдістер ауруға әр түрлі емдер, дәрі-дәрмектер көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады. Сондықтан, бұл көзді емдеудегі ең соңғы әдіс болып табылады.
– Бүгінде институтқа келушілер бұрын тек квотамен, қазіргі кезде Ұлттық бірыңғай жүйеге көшуімізге байланысты жолдамамен емделетін болғандықтан, олардың саны шектеулі деген сөз. Ал көз ауруымен сырқаттанатындар саны жыл сайын көбейе түсуде, осы тығырықтан шығудың жолын іздестірдіңіздер ме?
– Көз қос ағза болып саналады, сондықтан патологияда екі көз бірдей жарақаттанады. Бүгінде базалық жүктемеде бір көзді емдеу ғана кірген. Институтқа шалғай аймақтардан аурудың асқынған түрімен түсетіндіктен, олардың қатты зақымданған көзін емдейді. Ал екіншісін емдеу үшін қайта жолдама алу керек. Алыстан келгендерге бұл өте қолайсыз. Институтқа жатқызып емдеудің қиындығы, облыстық денсаулық сақтау басқармалары бюджеттік қаржыны өз аймағында сақтап қалуға мүдделі. Ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын көз бөлімшелері қаржының аздығынан келіп жатқан аурулардың бәрін емдеуге мүмкіндігі жоқ. Мысалы, Ақмола облысында катарактамен ауырғандар жоспары шұғыл емдеуді 6-8 ай күтуіне тура келеді.
Бұдан шығатын жол – көп аумақты құрылымды дамыта отырып, республиканың шалғай аймақтарындағы тұрғындарға жоғары мамандандырылған медициналық көмекті жақындату. Қазіргі уақытта қашықтықтан кеңес беру (телемедицина) жүйесі дамып келе жатыр. Әсіресе, шалғай телемедицина жабдықтары мемлекетіміздің бүкіл облыс орталықтарында орналасқан. Осы жүйе бойынша мамандандырылған кеңес беру мүмкіндіктеріміз бар.
– Бүгінде медицина қай салада болсын қарыштап даму үстінде. Осы ретте мамандардың білімін жетілдіруде қандай шаралар атқарылуда?
– Бұл мәселе қашанда бізде күн тәртібінен түспейді. Институт өз қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге көп көңіл бөліп, олардың алыс және жақын шет елдерде білімдерін көтеруге жағдай туғызуда. 2004 жылы институтта «WETLAB» операциалық-жаттықтыру орталығы ашылды. Мұнда негізінде дүниежүзіне танымал ғалымдардың қатысуымен аймақтық офтальмологтар үшін үнемі шеберлік кластары, тренингтер өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ институт «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтағы глаукома бөлмелерін жабдықтау жобасын жасады. Және де перинаталды орталықтардағы шала туған ретинопатиясы бар нәрестелер үшін мамандандырылған бөлмелер ашу жобасы әзірленіп жатыр.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.