«Нұр Отан» ХДП-ның Мәжілістегі фракциясының бір топ мүшесі – депутаттар Бауыржан Смайылов, Берік Бекжанов, Татьяна Яковлева, Петр Дмитриенко Астана қаласындағы кәмелетке толмаған балалар баспанасында болып, Наурыз мейрамы қарсаңында қайырымдылық акциясын өткізді.
Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» ХДП-ның Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың атынан Наурыз мерекесімен құттықтап, балаларға спорт залына қажетті құрал-жабдықтар мен әрқайсысына арналған мерекелік сыйлықтар тарту етті. Тәуелсіз Отанында қамқорлыққа бөленіп отырған балалардың жүздері қашанда шаттыққа толып, мақсаттары айқын болып, сол жолда жалықпай ізденулеріне тілектестік білдірді.
Халық қалаулыларын кәмелетке толмаған балалар баспанасының «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының мүшелері өз өнерлерін көрсетіп қарсы алды.
«Осында ата-аналарының тағдырлары дағдарысқа ұшырауына байланысты қырық жеті жасөспірім уақытша тұрып жатыр. Олар жанымыздағы №19 мектептен білім алуда. Болашақта баспананы балалар үйіне айналдырып, оларға тұрақты мекен жасасақ деген мақсатымыз бар», – деді баспана директоры Сергей Шәріпов қонақтарға өз ойын жеткізіп.
«Егемен-ақпарат».