Ел президенттігінен үміткер Ғани Қасымов, байқап отырсақ, шешілмеген проблемаларға көңіл бөліп қана қоймай, әртүрлі сала қызметтерімен өзі жақын танысқан кезде солардың жақсы тәжірибесін жалпы жұртшылыққа паш ете жүру мақсатын да көздейді. Жақында Патриоттар партиясының көшбасшысы «Жұқпалы ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер ғылыми орталығы» РМК-да болып, онда қызметкер ғалымдармен кездесіп әңгімелесті.
Ғ.Қасымовтың саяси тұғырнамасында отандық іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді тиімді дамыту, оларды әлемдік зияткерлік рыногында ілгері бастыру қажеттігі алға тартылған. Кандидаттың пайымдауынша, нақ осы мақсатта еліміздің мемлекеттік ғылым академиясын құру қажет.
Ғанекең келген ғылыми орталық жаңа үлгідегі ұйым болып табылады. Медициналық препараттар жасау жөніндегі жұмыс мұнда теориялық болжам мен химия саласындағы академиялық зерттеулер сатысында атқарылады. Орталық қызметінің түпкі мақсаты – тәжірибелік өндірісті ұйымдастыру және әзірленімдерді коммерциялық жолға салу.
Жоба жетекшісі, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының академигі Мұрат Құлманов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нәтижесінде орталықтың Германияда, Жапонияда, АҚШ-та, Корея Республикасында өндірілген әлемдік деңгейдегі бірегей жабдықтарға ие болып отырғандығын атап көрсетті. Мысалы, мекеме зертханасында сатып алу үшін АҚШ Конгресінің арнайы рұқсаты талап етілетін аспап-құралдар бар көрінеді. Бұларды алу Қазақстанның әлемдік ғылымдағы биік беделі арқасында мүмкін болған.
Президенттіктен үміткер шетелге шыққанда әртүрлі ғылыми орталықтарда болып, олардың жұмысымен таныс болғандықтан, мәселеге қанықтығын байқатты. Ол қазақстандық ғылыми орталық осындай шетелдік мекемелерге дес бермейтініне, тіпті көп жағдайлар бойынша олардан асып түсетіндігіне жұртты сендірді. Парламент Сенатының депутаты ретінде Ғани Есенгелдіұлы өзі осы орталыққа ұдайы қолұшын беріп те келеді екен.
Қазіргі уақытта ветеринарлық және медициналық емдік дәрі-дәрмектер тәжірибелік өндірісінің қуаттылығы тәулігіне 14 мың құтыға дейін жетіп отыр. Орталық қызметкерлері дәрілерді капсул, таблетка, егу ерітіндісі түрінде де шығарады.
Президенттіктен үміткер өз ықыласы түскен орталық ұжымының осындай ізгілікті бағытта жұмыс істеп жатқандығына сүйінішін жасырмады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.