• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

Отандық ғылымға – кең өріс

338 рет
көрсетілді

Ел президенттігінен үміт­кер Ғани Қасымов, байқап отыр­сақ, шешілмеген пробле­ма­ларға көңіл бөліп қана қой­май, әртүрлі сала қызмет­тері­мен өзі жақын танысқан кезде солардың жақсы тәжірибесін жалпы жұртшылыққа паш ете жүру мақсатын да көздейді. Жақында Патриоттар пар­тиясының көшбасшысы «Жұқ­палы ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер ғылыми орталығы» РМК-да болып, онда қызмет­кер ғалымдармен кездесіп әң­гі­мелесті. Ғ.Қасымовтың саяси тұғыр­на­ма­сында отандық іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді тиімді дамыту, оларды әлем­дік зияткерлік рыногында ілгері бастыру қажеттігі алға тар­тыл­ған. Канди­дат­тың пайымдау­ын­ша, нақ осы мақсатта еліміздің мемлекеттік ғылым акаде­мия­сын құру қажет. Ғанекең келген ғылы­ми орта­лық жаңа үлгідегі ұйым болып табылады. Медициналық препараттар жасау жөніндегі жұ­мыс мұнда теориялық бол­жам мен химия сала­сын­дағы академия­лық зерттеулер са­ты­сында ат­қа­рылады. Орталық қыз­метінің түп­кі мақсаты – тәжірибелік өн­дірісті ұйымдастыру және әзір­ленімдерді коммерциялық жолға салу. Жоба жетекшісі, Қазақстан жа­ратылыстану ғылымдары ұлт­тық ака­демиясының академигі Мұрат Құл­ма­нов мемлекеттік-же­кеменшік әріп­тес­тік нәтиже­сін­де орталықтың Германияда, Жапонияда, АҚШ-та, Корея Рес­пуб­ликасында өндірілген әлем­дік дең­гейдегі бірегей жаб­дық­тарға ие болып отырғандығын атап көрсетті. Мысалы, мекеме зерт­ханасында сатып алу үшін АҚШ Конгресінің арнайы рұқ­са­ты талап етілетін аспап-құрал­дар бар көрі­неді. Бұларды алу Қазақстанның  әлемдік ғы­лы­мдағы биік беделі арқасында мүмкін болған. Президенттіктен үміткер шетелге шыққанда әртүрлі ғылыми орталық­тарда болып, олардың жұмысымен таныс болған­дық­тан, мәселеге қанық­тығын бай­қат­ты. Ол қазақстандық ғы­лыми орталық осындай шетелдік мекемелерге дес бермейтініне, тіпті көп жағ­дайлар бойынша олардан асып түсетіндігіне жұртты сендірді. Парламент Сенатының де­путаты ретінде Ғани Есен­гел­діұлы өзі осы орталыққа ұдайы қол­ұшын беріп те келеді екен. Қазіргі уақытта ве­те­ринар­лық және меди­циналық емдік дәрі-дәрмектер тәжірибелік өн­ді­рісінің қуаттылығы тәулігіне 14 мың құты­ға дейін жетіп отыр. Орталық қызметкер­ле­рі дәрі­лер­ді капсул, таблетка, егу ерітіндісі түрінде де шығарады. Президенттіктен үміткер өз ықыласы түскен орталық ұжы­мының осындай ізгілікті ба­ғыт­та жұмыс істеп жатқандығына сүйінішін жасырмады. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.