• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

Экологтан табиғат та, адам да көмек сұрайды

289 рет
көрсетілді

Президенттікке кандидат, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовті бұл күндері бір жерден ұстау қиын. Соңғы күндерде ғана ол бірде еліміздің қиыр оңтүстігінде болса, келесі күні қиыр шығысында болып, одан Астана асып, өзінің тұрақты мекені Алматыға Наурыз мерекесі күндері ғана келгенмен, мұнда да талай жұрт күтіп тұрғандықтан, үйінде бір сәт кідіре алмайды. Ол жолдан келгеннен кейін бірден мүгедектердің түрлі қо­ғамдық бірлестіктерінің өкілде­рі­мен кездесті. Бәрінің де ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Олар әлеуметтік және құқықтық қорғауға мұқтаж. Оларға өз мүмкіндігіне орай жұмыс керек. Мемлекет тарапынан берілетін көмек қажетті өтей бермейді. Ал сол мүгедектердің, мүмкін­дік­те­рі шектеулі адамдардың ара­сын­да қабілеті жоғары адамдар көп. Тіпті, «Болашақ» бағдарламасын бітіргендер де бар екен. Тек олар­дың мүмкіндіктерін жан-жақты ескере отырып, жағдай жасау ғана керек. Президенттіктен үміткердің пікірінше, бұл үшін ең алдымен мүгедектердің құқықтары жан-жақты ескерілген заң қабылдаған жөн. Алдағы уақытта бұл заңды әзірлеу өзінің назарында болатынын айтты. Еліміздің бас экологы қашан да журналистер қауымына жа­қын жүреді. Ресейлік журналистер онымен кездесуді қалаған екен, Мэлс Хамзаұлы оларды аттап кете алмай, сол күні арала­ры­на барды. Қазақстан мен Ресейдің ара­сында ортақ мәселе көп. Тіпті кейде байлықтары да ортақ бо­лып жатады. Журналистермен әңгімеде Каспий теңізінің эколо­гиясы кеңірек сөз болды. Елеусізовтің аты аталғанда, жұрттың көңілінде ағаш егу жүреді. Сірә, қандай қызмет атқармасын, Мэлс Хамзаұлы бұл қасиетті шаруаны ұмыт қалдыр­майды. Өзінің туған күні 20 наурызда ол Боралдай қорған­дары ұлттық паркіне өзінің жол­дас-таныстарымен барып, 120 түп ағаш отырғызды. Бұл істі ол Өскемен және Астана қалала­рында да жалғастырды. Наурыз мерекесінің алғашқы күні жиналғандарды «Табиғат» экологиялық одағының тікелей атқаратын жұмысымен таныс­тыр­ды. Мұнда қоғамдық конс­трук­торлық бюро жұмыс істейді екен. Онда небір алтын қолды өнертапқыштар бас қосқан. Со­ның бірі Сергей Старков жер сілкінісі кезінде пайдаланылатын қорап жасап шығарыпты. Оған екі үлкен адам және бір бала паналай алады екен. Оған кіріп үлгерген адам қираған үйдің астында қалса да, аман қалады. Кімге де болса, туған жердің орны бөлек. Мэлс Елеусізов Нау­рыз мерекесінің екінші күні өзі­нің туған ауылы Балқаш ауда­нын­дағы Бақанас кентінде бол­ды. Президенттікке кандидат жерлестері атына жылы-жылы сөздер айтса, олар да өз кезегінде қоше­мет сөздерін аяған жоқ. Мерекеге арналған киіз үйдің төріне отыр­ғызып, көпшіліктің назарында жүрген азаматқа құрмет көрсетті. Әскерилерге де Мэлс Елеу­сізов­тің айрықша ықыласы бар. Кезінде өзі де әскери  қызметті өтеген, олардың жағдайын жақ­сы біледі. Әсіресе, офицерлер қауымының пәтерден қиындық көріп жүргенін үнемі естиді. Кеше сол әскерилердің өкілдерімен кездескенде, олардың мұқтажын жүрегімен сезінгендей болды. Алматы қаласының Ақбұлақ дейтін аумағында бұрын Қор­ғаныс министрлігіне қараған 4 гектардай жер бар екен. Сол жерден еліміздегі пәтерсіз жүрген 7740 офицерге арнап көп қа­бат­ты үй салсақ деген ұсынысқа қолдау көрсете отырып, президенттіктен үміткер  бұл мәселені оң шешу жөнінде қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата өтініш те білдірді. Бас экологтың бұл күндері уақыты қат. Мамадияр ЖАҚЫП.