• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2011

85-тегі әжей 285 кітап сыйлады

354 рет
көрсетілді

Көктерек ауылы көктем мерекесін көл-көсір мейрамға айналдырды. Күні бойы ауылды ән-күй мен шаттық әуездері кернеді. Тағлымды шара­лардың бірі жергілікті негізгі мектепте болған еді. Ұлыстың ұлы күні Жария Жанайдарова 85 жылдығын атап өтті. Зеренді ауданының әртүрлі мектептерінде қырық жылдан астам ұстаздық қызмет атқарған Жария Абдрахманқызы өзі де кезінде Көк­терек мектебінде оқып, бастауыш сынып оқушы­ларын білім нәрімен сусындатқан. Алты бала өсіріп, 12 немере және 10 шөбере сүйіп отырған әжейдің немерелері Гаухар мен Асхат «Алтын белгі» иегерлері болса, Гаухар, сондай-ақ, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университетті үздік бітіріп шықты. Ел анасы жасының ұлғайғанына қарамастан, қоғамдық жұмыстардан, тағлым шараларынан шет қалған емес. Жария әжей Наурыз мейрамында Көктерек мектебіне айрықша сыйлық жасады. Енді білім ордасының кітапханасы ардагер ұстаз ұсынған 285 дана кітаппен толықты. Олардың ішінде Қазақстан мен әлем классиктерінің қолға түсе бермейтін шығармалары, көкшетаулық ақын, жазушылардың кітаптары бар. Кездесуде мектеп директоры Қарлығаш Мананова, ауыл ақсақалдары Сабыркен Өміров, Қадыр­жан Тумырзин, Майра Гималова Ж.Жанайдарованың ауыл өмірі мен мәдениетін көтеруге қатысты еңбектерін атап, естеліктерімен бөлісті. Мұнда арнайы көрме ұйымдастырылып, мектеп оқушылары өнер көрсетті. Бақберген  АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Зеренді ауданы.