Дәл осы уақытта өткен жылы Тарбағатай ауданының бірнеше елді мекенін су шайып, табиғат апаты 500-ге тарта тұрғын үйді, әлеуметтік ғимараттарды қиратып кеткен еді. Арада бір жыл өте шықты. Енді, міне, Тарбағатай ауданының тұрғындары Наурыз мерекесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге қарсы алды.
Өңір басшысы Жәнтекей ауылындағы жаңадан бой көтерген 180 орындық мектептің тұсауын кесті. Ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаған соң мектепке теледидар мен лингофон кабинетіне арналған жабдықтарды тапсырды. Тарбағатайлықтар сын сәтте жанашырлық танытқан билікке алғыстарын жаудырды.
Сол күні өңір басшысы Ақсуат ауылында жаңа орталық аурухананың салтанатты ашылуына қатысты. Бұрынғы аудан орталығы Ақжар ауылында туберкулезге қарсы 50 орындық аурухана құрылысы да аяқталып, облыс әкімі оны қабылдап алды. Аманшылық болса, төртінші тоқсаннан бастап, тасқын судан ең көп зардап шеккен Көкжыра ауылындағы 600 орындық зәулім мектепте оқушылар білім нәрімен сусындамақ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.