«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры болып Отыншин Раукен Сағызбайұлы тағайындалды. Серіктестік құрамында екі облыстық газет бар. Ал Раукен Отыншин бұған дейін «Қазақстан» РТРК Ақтөбе облыстық филиалын басқарып келді, деп хабарлады aktobenews.kz.
«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы өз еркімен жұмыстан кетіп, «Адырна» республикалық әдеби журналын басқаратын болды.
Облыс әкімінің орынбасары А.Шериязданов өз сөзінде Р.Отыншиннің орнына «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры болып Ернұр Бурахан тағайындалғанын атап өтті. Ал Р.Отыншин Ақтөбе және Атырау облыстарындағы БАҚ саласында жұмыс істеген еңбек тәжірибесі есепке алынып, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС басшысы болды.
Р.Отыншин 1960 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. Педагогикалық және заңгерлік мамандығы бар. Еңбек жолын кеңшарда бастап, кейін Байғанин ауданының Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте директорыдың орынбасары болған. 1987 және 1997 жылдар аралығында облыстық «Коммунизм жолы» газетінде жұмыс істеді. Одан соң, Атырау облысының БАҚ саласында еңбек етті. Соңғы 10 жылға жуық уақыт «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасын басқарып келді.