• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Азық-түлік қауіпсіздігі

519 рет
көрсетілді

Қазақстанда ауыл адамдарының саны 1970 жылы жалпы халықтың 50 пайызы еді. 2006 жылдан бері 47 пайыздың төңірегінде. Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымына сәй­кес ауылдық аудандарда тұрғын саны 50 пайыздан кем болмауы тиіс делінген. Ғасыр басына қарай біздің елімізде 22 пайыз халық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Сол кезде БҰҰ Даму бағдарламасының мәлі­меті бойынша, Қазақстанның экономикасы 50 пайыз өсті, оның 9 пайызы ауыл шаруашылығына қатысты болды. Осы мәліметте барлық жұмыссыздардың 23 пайызы ауыл үлесінде екені де көр­сетілген. Оған қоса ауылдағы шаруа­ның табысы қала тұрғындарының табысынан екі есеге жуық аз. Тұрғындарымыздың тамақ өнім­дерін тұтыну көрсеткіштері соңғы 5 жыл ішінде орташа 67-69 кг болды. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 125 кг, Австрияда – 121, Испанияда – 110, Ресейде – 60,3, Беларусьте – 72, Өзбекстанда – 26 кг. Біздің оқырмандарымызды өзбек елінің көрсеткіші таңғалдыруы мүмкін. Дегенмен, ол елде адамдардың негізгі тұтынатын тамағы тандыр наны, жазда жүзім, қыста мейіз екенін және олар 300 адам қатысқан тойды бір қойдың етімен өткізетінін біледі. Бізде ондай тойға жылқы сойылады, тағы сонша қой немесе сиыр еті жұмсалады. ФАО (Азық-түлік және ауылшаруа­шылық ұйымы) сырттан келетін азық-түлік тауары 16 пайыздан көбеймеуі тиіс дейді. Қазіргі заманғы халықаралық нормалар азық-түлік өнімдерінің им­порты 30 пайыздан асуы өте қауіпті деп тұжырымдайды. Қазақстанда азық-түлік өнімділігі АҚШ-тан 3 есе, Еуропадан 2 есе тө­мен. Табиғаты барлық жағынан ұқсас Кана­дамен салыстырғанда, бізде өнімділік 4 есе төмен. Мұншалықты айырмашылық болуы аграрлық ғылымның нәтижесіздігі мен саладағы еңбек өнімділігінің төмендігінен деуге болады. Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін біз өзімізде өндірілетін өнім­дердің қажет көлемін ең аз дегенде 70 пайызға жеткізуіміз қажет десек, өнімдер көлемін сол қауіпсіз қалыпта ұстау үшін мәселені өндірген өніміміз 70 пайыздан кем болмауы ғана емес, екі есе өндіруіміз (мәселен, бидай сияқты) қажет. Елбасы елдегі ет өндіруді ұлғайтып 60 мың тонна етті сыртқа сататын болсақ, онда 4 миллион тонна бидай сатқанда алынатын табысқа тең табыс аламыз деген еді. Осылай өндіріп, артығын сатқанда немесе айырбасқа жұмсағанда ғана бізде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Мұндай жетістікке жету үшін ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу жұмыстарын күрт жандандыру шаралары ертеректе-ақ басталды. Алдымен Елбасы шешімімен 2003-2005 жылдар ауыл жылдары деп жарияланып, саланы қолдау қауырт арттырылды. 2005 жылы «Агроөнеркәсіптік ке­шенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Бұл – өте тамаша заң. Оның бүкіл тұла бойы, әсіресе, 9,11-баптары ауылдағы кәсіпорындар мен шаруаларды қолдаудың нақты бағыттарын көрсетіп берген. Осы заңға сәйкес мемлекеттік реттеу мен қаржылай қолдаудың түр-түрі жасалып келеді. Бұл заңда көрсетілмеген ауыл шаруашылығын қолдауға жұм­са­латын шығыстар бюджеттік талқылауларға қабылданбайды. Бізде осындай заңдарды түсініп оқу, нақты кәсіпте тиімді пайдалану ісі нашар. Заңдарды елге жеткізіп насихаттау да мәз емес. Басқаларды айтпағанда, біздің ауыл шаруашылығы экономикасымен айналысатын ғалымдарымыздың, Пар­ламент депутаттарының көбі қазақ­­стандық заңнаманы жетік біл­мейді, болашақты болжайтын талдау­лар жасамайды. Жаңадан құрылған «Ауыл» партиясының ауыл экономи­касын көтеруге бағытталу белсенділік коэффициенті нөлге тең. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қорғалған канди­даттық және докторлық диссер­тациялардың басым бөлігінде Ресей заңнамасын сілтемелер көп болатын. Бұл әлі де байқалып қалады. Ауыл шаруашылығын қорғамасақ болмайтыны басы ашық мәселе. Жеріміздің кеңдігінен, тасымалдың ұзақтығынан, біраз қиындықтарға тап келіп отырмыз. Оңтүстік Қазақстанда жылыжайларда өндірілген қызанақтың бір килосы Орталық Қазақстандағы жылыжайда өндірілген қызанақтың бір килосынан 3 есе қымбат. Өз өнімімізді көптеп шығара түссек баға міндетті түрде төмендер еді. Өн­діруші мен тұтынушы ара­сындағы делдалдардың көптігі, алыпсатарлардың арсыздығы мен тойымсыздығына тоқтам болар еді. Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы