Биылғы жылдың соңында тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 20 жыл толады. Бұл өзі ғасырға бергісіз, жарқын оқиғаларға толы ұлы кезең болды десек, әсіреқызыл сөз емес. Рас, егемен ел атанып, шаңырағымызды көтеріп, уығымызды нықтай бастаған сәтте өтпелі шақтың қиындықтарынан да шет қалмадық. Дес бергенде алғашқы онжылдық соңына қарай еңсемізді тіктеп үлгердік. Сөйтіп, аз ғана уақыт ішінде әлемдік қауымдастыққа Орталық Азияда жаңа тұрпатты мемлекеттің пайда болғандығын мойындата білдік.
Ал соның бәрі егемен еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саладағы сарабдал саясатының жемісі екендігіне қазірде ешкімнің дауы жоқ. Яғни, ел ішінде ең алдымен бірлікті қалыптастырып, тұрақтылықтың тұғырын нықтай білген Елбасымыз одан кейінгі жерде өзінің сыртқы мәселелерде де сұңғыла саясаткер екендігін танытты. Бұл орайда басқасын айтпағанда, Астанада әлсін әлі өтіп келе жатқан діни келісімдерге арналған алқалы жиындар мен күні кешегі ЕҚЫҰ саммиті айқын дәлел болса керек. Ал одан кейінгі жерде ел мерейін аспандатқан қысқы Азиада өтті дүркіреп. Енді, міне, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында барша қазақстандықтар бір ту астында топтасып, өз таңдауын білдірді. Мен бұл арада күні кеше ғана зор ұйымшылдықпен өткен кезектен тыс Президент сайлауын айтып отырмын. Ал осының бәрі еліміздегі тұрақтылықтың, береке-бірліктің арқасы деп білемін. Әйтпесе, тәуелсіздікке қол жеткізіп тұрып, сондай бақыттан айырылып қалған мемлекеттер де болған.
Сондықтан басымызға қонған бағымызды бағалап, барымызды базарлай білейік деймін. Осыған орай сексеннің сеңгіріне көтерілген шағымызда өткенге көз жібере отырып, ой толғағанды жөн көрген едім. Және соның бәрін өзім куә болған оқиғалар мен жергілікті мысалдар негізінде қозғағаным дұрыс болар.
Нұрсұлтан Әбішұлын ең алғаш рет бетпе-бет 1989 жылдың күз айында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің алтыншы сессиясында көрдім. Бұл кезде бейнелеп айтсақ, біз базардан қайтып келе жатсақ, Нұрекеңнің базарға енді келе жатқан дер шағы еді. «Қаңғып келген шүрегей көлге пана бола алмай» ұшып кеткен соң еліміздегі билік басына жалындаған, жүзінен нұр төгілген өз азаматымыздың келуі баршамыздың мерейімізді тасытқан. Соның әсері де болар, және республика Жоғары Кеңесінің екі шақырылымына қатарынан екі рет сайланып, өзімді сақа депутат сезінгенім де шығар, маған сөз берілгенде аттың басын жіберіп, еркін көсілдім.
Бұл кезде кешегі қасаң түсініктерден арылып, қоғамды демократияландыру үрдісі қолға алынып жатқан шақ еді ғой. Соған орай кеңестердің рөлін арттыру мәселесі күн тәртібіне шыққан-ды. Сондықтан өз сөзімді сол кездегі республика Жоғары Кеңесі Президиуымының төрағасы Мақтай Сағдиевқа қарата айтып, кеңестердің рөлін көтеруді ең алдымен осы сессияның беделін көтеруден бастау керек дедім. Одан арғыда формализмнің жойылмай отырғанын, осындай сессияларға он жыл бойы қатысып, ауыл адамдарының көкейкесті мәселелерін қанша көтергенімізбен көптеген министрлердің қалғып-шұлғып отыратынын, бір де біреуі сол мәселелерді қағазға түртіп алмайтынын айттым. Бұдан соң биік мінбердегі мүмкіншілікті пайдалана отырып, ядролық сынақ зардаптары мен хакім Абайдың тақап келе жатқан 150 жылдық торқалы тойына байланысты атқарылуға тиіс шаралар туралы жеріне жеткізіп айтуға тырысып бақтым.
Содан үзіліске шықтық. Мақтай Рамазанұлы Семей педагогика институтының түлегі еді. Сол себептен де ертеден таныстығымыз бар болатын. Үзілісте амандасып, сәлемдесіп жатқанда ол кісі мені қасындағы Нұрсұлтан Әбішұлына жете таныстыра келіп: «Жаңа мына кісі өз сөзінде қатырды ғой» дегені. Нұрекең ойланып тұрмастан дереу: «Қатырды дегеніңіз аз, көкелерін көздеріне көрсетті ғой» деп риясыз жымиып күліп алып, ризашылығын білдіріп жатты.
Сонда жаңа басшының сөз парқына үңіле білетіндігіне разы болып қалған едік. Мұндай қолдаудан соң кез келген адам қанаттанып, көңілі марқайып қалатыны рас қой. Келер жылы Мәскеуге коммунистік партияның ең соңғы съезіне делегат болып қатысқанда ядролық сынақ зардаптарын айтып, соған баршаның көзін жеткізу мақсатымен микрофонға ұмтылғанымыз да сондықтан. Съезде бұған дейін тек Чернобыль апаты туралы ғана айтылып жатқаны жанға батқанын қайтіп жасырарсың! Әйтеуір, дес бергенде ядролық сынақ зардаптарын жою туралы біздің ұсыныс та өтіп, съезд қарарына ілікті.
Бірақ бұл тіптен де сонымен барлық мәселе шешілді деген сөз емес-ті. Ендігі жерде осыдан жыл жарым жыл бұрын арқалы ақынымыз Олжас бастаған «Невада-Семей» қозғалысының жұмысын одан әрі жандандыру қажеттілігі туындады. Осы тұста Семей облысының бірінші басшысы Кешірім Бозтаев одақтық әскери ведомстволарға қарсы атойлап ұрысқа шықты. Ал соның бәрінде қай-қайсымыз болмасын Нұрекеңе арқа сүйедік. Ол кісі болса, осының арты қалай болады деместен, жігерімізді жани түсті. Осы орайда өз басым ақын мен әкімнің, яғни Олжекең мен Нұрекеңнің арасындағы ежелден қалыптасқан өзара түсіністік пен сыйластыққа және соның бүгінгі күнге дейін ұласып келе жатқанына дән ризамын. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді дейді халқымыз. Елбасымыздың ел ішінде бірлік пен тұрақтылықты қашанда ту етіп көтеріп келе жатқаны да сондықтан ба деймін. Елбасымыз бұл мәселеге ақыр соңында өзі нүкте қойды. Яғни, Нұрекеңнің республика Президенті болып сайланғаннан кейінгі жерде алғашқы Жарлықтарының бірімен «ажал аждаһасы» атанған Семей атом полигонын жапқаны тарихи шындық. Қазақстан Президентінің ұсынысымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының бекітуімен бұрнағы жылдан бастап Семей атом полигонының жабылған күні – 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланғаны да көп нәрсені аңғартса керек.
Иә, қазір бәрі айтқанға ғана оңай. Олай дейтініміз, Семей атом полигоны жабылған шақта Одақ әлі тарамаған-ды. Ал жыланды қанша кессең де кесірткелік әлі бар екені рас қой. Соған қарамастан, Тұңғыш Президентіміз тың шешім қабылдап, батыл қадамға барды. Және осы шешімімен әлемдік қауымдастыққа өзін мойындата білді. Соның игілігін қай мәселеде болмасын, іле-шала көріп жаттық. Айталық, хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойы сонау тоқсаныншы жылдардың ортасындағы қиын кезеңде, егемендігіміздің елең-алаң шағында әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілгені белгілі. Негізінде 150 жылдық мұндай дата жоғарыда аталған мәртебелі ұйымның күнтізбесіне енбейді екен. Соған қарамастан, Елбасымыздың беделі арқасында ел тілегі қабыл болып, данышпан ақын тойын әлемдік деңгейде атап өтуге мүмкіндік туды.
Осы арада шекара жағдайын мысалға келтіре кетсем деймін. Басқасы басқа, шекара мәселесі бұрынғы қызыл империя тұсында өз шешімін толықтай таппаған-ды. Соның салдарынан Қиыр Шығыста Дамаск, біздің елімізде Жалаңашкөл оқиғалары орын алды. Солайша ғұмыры жетпіс жылға созылған кешегі кеңес заманында нүкте қойылмаған бұл мәселе еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң-ақ өз шешімін тауып жатты.
Ал бұл да ұлт Көшбасшысының көреген саясатының арқасында мүмкін болған шаруа. Оны да алаңдамай өмір сүруіміздің бір кепілдігі десек әбден болады. Бұл туралы өткенде ел газеті «Егеменде» «Шекарамызды шегендеуші» деген мақаламда таратыңқырап жазғаным да бар. Сондықтан ондағы сөзімнің бәрін қайталап айтпай-ақ қояйын. Десе де тұңғыш Президентіміздің шекара мәселесіндегі қажыр-қайратын еш уақытта ұмытуға тиіс емеспіз.
Келесі бір сөз кезегінде ана бір жылдары оңтайландыру саясатымен еліміз бойынша көршілес біраз облыстардың қалай біріктірілгені туралы айтпай кетуге болмас. Сол тұста Семей облысы таратылып, көршілес Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді. Бұған сөздің шындығын айтайық, семейліктер қуана қойған жоқ. Өйткені, сол кезде көбіміз бұл саясаттың негізгі астарын түсіне алмадық. Енді, міне, өмірдің өзі Елбасының бұл шешімінің дұрыс болғандығын дәлелдеп отыр. Яғни, облыс орталығы Өскемен қазақылана бастады. Соның нәтижесінде хакім Абайдың ескерткіші ешқандай ың-шыңсыз Өскеменнің төріне барып жайғасты.
Оның бер жағында, міне, шығыс өңірінің нәрлендіруші аймаққа айналғанына да біраз жыл болып қалды. Өскемен жағында Өскемен – Шар, ал Семей өңірі жағында Ақсу –Дегелең темір жол тармағының салынуы ел өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Семейдің өз басына келетін болсақ, ерке Ертіс жағасындағы көне қаланың қашанда ұлт көшбасшысының назарында екендігін айтпасқа болмайды. Соның айғағындай, Нұрекең жыл сайын дерлік Семейге бір соғып кетуден танған емес. Ал мұндағы күрделі мәселелердің бірі – жылу мәселесі республика Президентінің тұрақты назарында. Сол мақсатпен республикалық бюджеттен кезең-кезеңімен бөлініп жатқан ауқымды қаржы тиісінше игеріле бастады.
Семейліктер, бүкіл шығысқазақстандықтар Елбасының өздеріне жасап келе жатқан қамқорлықтарын ешуақытта ұмытпақ емес. Соның бір айғағындай, өткен жылдың аяғында мұнда Елбасы өкілеттілігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде бастамашыл топ құрылғаны баршамызға мәлім. Сол бастаманың бүкіл ел көлемінде зор қолдау тапқаны да белгілі.
Осы орайда бүгінде тарихқа айналған оқиғалар еске оралады. Мақтанды демеңіздер, тегінде мен Қазақстан халқы Ассамблеясына 12 жыл қатарынан мүше болған адаммын. Бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде тұңғыш Президентіміздің еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың кепілі бола білгендігіне сан мәрте куә болғанбыз. Ол да өз алдына жеке әңгіме. Ал осы Ассамблеяның 1995 жылдың көктемінде өткен алғашқы сессиясында сол тұстағы қиыншылықтарға байланысты Президенттік басқаруды нығайту мақсатымен Елбасы өкілеттілігін референдум арқылы 2000 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс жасаған едім. Бұл ұсыныс тек Ассамблея тарапынан ғана емес, бүкіл қазақстандықтар тарапынан зор қолдау тапқан-ды.
Ал бұл жолы қашанда заң шеңберінен аттап баспайтын және ішкі және сыртқы саясатты тамыршыдай біліп отыратын ұлт Көшбасшысы басқаша шешім қабылдады. Ол да дұрыс болды. Міне, кезектен тыс Президент сайлауы да өз мәресіне келіп жетті. Бір тудың астына топтасқан қазақстандықтар зор ұйымшылдықпен өз таңдауын жасады. Сөйтіп, алдағы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық тойына өз Президентімізбен бет алып барамыз. Бүкіл әлемдегі мынадай дүрбелеңге толы оқиғалар кезінде бағытымыздың дұрыс болып, кемеміздің шайқалмай келе жатқанына тәубе дейік, ағайын!
Хафиз МАТАЕВ, Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы.
Семей.