Осы күндері Дубайда өтіп жатқан The World Government Summit атты Халықаралық үкімет саммитінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев басқарған Қазақстан делегациясы Egov – mgov мобильді қосымшасын әзірлеп, ендіргені үшін First World Govtechineers Race-2017 сыйлығымен марапатталды.
Дәурен Абаевқа сыйлықты Дубай әмірі, БАӘ премьер-министрі және вице-президенті шейх Мохаммед ибн Рашид әл-Мактум табыс етті.
Egov.kz мобильді қосымшасы 2014 жылдың аяғында іске қосылып, осындай қысқа мерзім ішінде өзін көрсете білді әрі тиімділігін дәлелдеп үлгерді деп атап өтті саммит ұйымдастырушылары.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Бұл марапат осы саланың одан әрі дамуы үшін ынталандыру болып табылады», – деп атап өтті.
Egov.kz мобильді қосымшасы үш тұғырнамада (Android, iOS, Windows Phone) іске асырылған. Бүгінде онда 86 қызмет қолжетімді. Оның мақсаты халыққа мобильді байланыс арқылы қызмет көрсету үшін мобильді үкімет тұғырнамасын құру болып табылады.
Қосымшаны смартфондары бар қолданушылар пайдалана алады. Қосымшаны Google Play және App store, Microsoft Store онлайн-дүкендерінде жүктеп алуға болады. Mgov-тың тіркелген қолданушылар саны 2016 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша 1 636 937 қолданушыны құраған.
Сол сияқты Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Дубайда The World Government Summit-тің өткізілуі шеңберінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Экономика министрі Султан ибн Саид әл-Мансури мырзамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Дәурен Абаев цифрландыру саласындағы тәжірибемен, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен бөлісіп, Smart-city дамыту шеңберінде Астана хабын құру туралы айтып берді. Тараптар цифрлық трансформацияны ілгерілетуге және дамытуға бағытталған IT және жоғары технологиялар саласында өзара ынтымақтастық туралы келісті.
Бұдан басқа, Дәурен Абаев БАӘ Бақыт министрі Охуд әл-Румимен кездесті. Тараптар халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету, ұсынылатын рәсімдерді жеңілдету процесін жаңғырту саласындағы, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтер саласындағы менеджмент мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастық және ілгерілету мәселелерін талқылады.
«Егемен-ақпарат»