• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2017

BAQ league: «Егемен Қазақстан» қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді

219 рет
көрсетілді

Бүгін елордада қалалық футбол федерациясының қолдауымен өтіп жатқан журналистер арасындағы BAQ league-дің кезекті ойындары ойналды. Алғаш болып алаңға «Егемен Қазақстан» мен «Dixinews.kz» командалары шықты. Тартысты өткен ойында бас басылымның жігіттері 10:5 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймда 3:3 есебі тіркелгенмен, келесі 20 минутта «Dixinews.kz» ұжымы санаулы минуттардың ішінде-ақ екі доп айырмашылығымен алға шықты. Алайда, намысқа басқан «егемендіктер» көп ұзамай, жеті голды бірінен соң бірін жаудырды. Бұл матчта команданың шабуыл шебінде өнер көрсететін Берік Уәли пента-трик жасаса, қорғаушы Еркебұлан Алдабергенов үш доптың авторы атанды. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» басылымының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен команда форварды Азамат Жандарбеков бір-бір мәрте мергендігімен танылды. Бұл күні сондай-ақ тағы да төрт матч өтті: «Sportsffa.kz» 4:2 «Қазақ радиосы» «24.kz» «Kazakh TV» «Sports 59» 7:3 «Жеңіс» «Хабар» 6:3 «Қазақстан» Айта кетейік, БАҚ өкілдері арасындағы біріншілік 11 желтоқсан күні «Астана» спорт кешенінде басталған. 11 ұжымның арасындағы чемпионаттың бүгінге дейін 10 туры өтті. Нәтижесінде, турнирлік кестеде 23 ұпаймен «Қазақ радиосы» көш бастап келе жатса, дәл осындай ұпаймен «Хабар» агенттігінің жігіттері ізін қуып келеді. Дегенмен, қосымша бір ойыны бар екенін айта кеткен жөн. Ал үздік үштікті 16 ұпаймен «Sportsffa.kz» түйіндеп тұр. Ал сұрмергендер тізімінде «Sports 59» шабуылшысы Сапарғали Қанат 20 голымен бірінші болып тұрса, екінші орынға 16 доп соққан «Қазақ радиосының» ойыншысы Нұрсұлтан Қабылбеков жайғасты. Ал қарсыласын 10 мәрте қапы қалдырған «Қазмедиа» форварды Қанат Такиров үштікке енді.