• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Ақ пен қара

421 рет
көрсетілді

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Георгий Соков алуан жанрда және түрлі техникамен жұмыс істейтін қылқалам шебері. Ол пейзаж жанрына көп қалам тартпағанын айтса да, осыдан шамалы уақыт бұрын көрермендеріне пленэрлік жұмыстарын ұсынған болатын. Енді ол қостанайлықтарға гра­фикалық шығармаларын тарту етті. Көр­мені суретші «Ақ пен қара» деп атап­ты. Ол көрменің ашылу салтанатында «Ақ пен қараның» мәнісін түсіндіріп өтті. – Мен бұл жолы тек графикалық жұмыстарымды көрсетуді мақсат еттім. Өйткені, біздің көрермендер көр­кемсурет өнерінің алтын ордасына ба­ла­йтын майлы бояуды, кескіндемені жа­қын тұтады, ал графикаға көңіл бөл­м­ейді. Мен осы түсінікті жоққа шы­ғарғым келді. Өнер бір жанрдан жә­не бірыңғайлықтан тұрмауы тиіс. Әр жанрдың, техниканың айтары, кереметтігі болуы керек. Мен ақ қағаз, қара қаламмен де көп дүние айтылатынына көрермен назарын аударғым келді, – деді Георгий Михайлович. Суретшінің 20 жыл ішінде сал­ған сексеннен аса графикалық шығар­ма­ла­ры мазмұны жағынан да сан алуан. Ол әлем және орыс классикалық әде­биеті шығармалары кейіпкерлерін біраз гра­фикалық еңбектеріне арқау еткен. Мысалы, «Ронсардың өлең­деріне» ли­нонақыш топтамасы, А.Пушкин мен М.Булгаковтың танымал туындыларына арналған парақтар соның айғағы. Сонымен қатар, графикалық туын­дылар сюжеттерінде дала салт атты­лары та­қы­рыб­ы да суретші қиялы­нан тыс қал­ма­ған. – Графикалық жұмыстар көп тер төгуді қажет етеді. Қазір суретшілер он­дай жұмысқа бара бермейді. Георгий Михай­лович секілді қылқалам өнерінің еңбек торылары ғана оған ерінбейді. Картиналары бірінен бірі өтеді, көрер­мендер таңданысын жасыра алмай тұр, – дейді суретшінің әріптесі Та­тьяна Изю­мова. Георгий Михайловичтің айтуынша, оның графикалық жұмыстары су­­ретші ретіндегі ізденістерінің де н­ә­­тижесі. Ең бастысы, суретші қыл­қа­­­лам арқылы ой айтуы керек қой. Алу­­ан түсті пайдаланатын кескіндеме өмір ақиқатына жақын, ал ақ пен қа­ра­дан ғана тұратын графика өзінің шек­теулі мүмкіндігі секілді өмірдегі шарт­ты түсініктерді беруге қолайлы. Су­ретшіні графикалық жұмыстарға же­телеген себептің бірі де осы екен. Оның еңбектеріндегі жоғары орындау мәдениетін, бай қиял, мәнерлілік, ақ пен қара түстердің кереғарлығын ұтымды пайдалануды әріптестері де, көрермендер де ерекше бағалады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ