• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Табысқа толы бір жыл

193 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов халық алдында есепті кездесуін өткізді. 2016 жылы облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуы оң көрсеткіш көрсетті. Өңірдегі ең ірі өндіріс – Қарашығанақ кеніші жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты өнім көлемін 1,2%-ға төмендетсе де, облыста жалпы өнім өндіру былтырғымен салыстырғанда 2,6%-ға артты. Бұл өңірде шикізат өндіруден басқа салалар қарқынды дамып келе жатқанына дәлел.

Өңдеуші кәсіпорындар өрлеп келеді

Өткен жылдың 9 айында жалпы құны 1 триллион 620 мил­лиард теңгенің өнімі өнді­ріл­ген. Облыстың өңдеу кәсіп­орындарының жұмысында 2,5%-ға өсу бар, еңбек өнімділігі де 37,5%-ға артқан. Еңбек өнімділігінің артуына Орал трансформатор зауыты, «Конденсат» АҚ секілді жоғары технологиялы кәсіпорындар көп үлес қосты, мұнда құны 11 млрд теңге болатын 160 мың тоннадан аса өнім шығарылған. Айта кетейік, К-5 еуростандартына сай бензиннің 20 мың тоннасын жергілікті кәсіпорын өндірді. «Квант» жиһаз фабрикасы 2,5 млрд теңгенің өнімін шығарды, бюджетке 585 млн теңгенің үстінде салық түсті. Бұл жиһаздың бір бөлігі экспортқа шығарылады. Өнімдерінің 80 пайызын экспортқа шығарып отырған Орал трансформатор зауытында былтыр жаңадан 300 жұмыс орны ашылды. Олар 2,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ел қазынасына 300 млн теңге салық болып құйылды. 2016 жылы тұрақты 520 жұмыс орны ашылып, 10 жаңа индустриялық жоба іске қосылды. Бүгінде Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 335 млрд теңге болатын 47 жоба жүзеге асырылуда. Мұның бәрі Елбасының тікелей бақылауымен жүргізіліп жатқан жобалар, дейді Алтай Көлгінов. Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде де өндіріс көлемі 17 пайызға артқан. Егін шаруа­шы­лығы 42 пайызға, мал шаруа­шы­лығы 2 пайызға өсіп, табыс 123 млрд теңгені құрады. 2015 жылы бұл көрсеткіш 106 млрд теңге болатын. Бұл өсімге мемлекет тарапынан бөлінген 9 млрд-тан астам қаржы үлкен қолдау болғаны анық. Былтыр егін бітік шығып, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артық өнім жиналды. Мал басы саны 11,5 пайызға артты. Ет өнімдерінің экспорты 2 мың тонна болды. Облыста жаңадан 155 шаруа қожалығы құрылған. Мем­ле­кеттік бағдарламалар арқылы бөлінген 4 млрд-тан астам қаржыға 25 мыңнан астам мал және 343 техника сатып алынды. Облыста инвестиция көлемі 3,6 пайызға өскені байқалып отыр. Оның ең көп көлемі өңдеу саласына – 12%, кен өндіру саласына – 10,5%, кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығына 2,5 есе көп құйылған. Салық түсімі 36%-ға өсіп, 254 млрд теңгені құрады, бұл былтырғыдан 93 млрд теңгеге көп.

Жақсының бәрі – жәмиғатқа

Өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту – жергілікті биліктің басты назарында. Өткен жылы Орал қаласында көп пәтерлі 15 үй салынып, 1500 отбасы бас­паналы болды. Аудандарда бір пә­терлі 25 тұрғын үй берілді. Жал­пы, құрылыс саласында жасалған жұмыс көлемі 5,5 пайыз артып, 96 млрд теңге құраған. Адамға баспанадан кейін керегі газ, су, жол секілді тұр­мыстық қажеттіліктер. Батыс Қа­зақстан облысы – елімізде көгілдір отынның қызығын барынша көріп отырған өңір. Халықтың 93,6 пайызы, яғни 275 ауыл, 593 мың тұрғын газбен қамтылған. Электр қуатымен өзін өзі толық қамтитын санаулы өңірдің бірі де – БҚО. Индустрияландыру картасы аясында «Батыс Пауэр» компаниясы газ-турбиналы электр стансасының тәулігіне 70 МВатт өндіретін бірінші кешенін іске қосты. Оралда өндірілген электр қуаты Атырау мен Ақтау тұрғындарына да қызмет етіп жатыр. Бүгінде облыстың 164 елді мекеніне орталықтандырылған таза су жеткізілген. «Жерлес­теріміздің 36 пайызы ғана таза су тұтынады. Бұл мәселеде біз еліміз бойынша соңынан санағанда үшінші тұрмыз. Таза су – денсаулық кепілі. Сондықтан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлеміз. 2017 жылы 50-ден аса елді мекенге ауыз су тарта бастаймыз», деді облыс басшысы. Жыл бойы барлық салада 22 мың адам жаңадан жұмысқа тартылса, соның ішінде 6 мың адам тұрақты жұмыс тапқан. Қол жеткізген табыстың бәрі – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту», «Өңірлерді дамыту» және тағы басқа бағдарламалардың нәтижесі.

Мәдениетке зор маңыз

Былтыр Орал өңірінде де көптеген мәдени жетістіктер болыпты. Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының туғанына 155 жыл толуына орай республикалық домбырашылар байқауы өтті, облыс орталығында Құрманғазы мен Динаға арналған ескерткіш бой көтерді. Мұхит Мерәліұлының туғанына 175 жыл толуына орай республикалық әншілер байқауы ұйымдастырылды. Биыл да атқарылатын іс өте ауқымды. Алаш қозғалысына 1 ғасыр толды. Батыс алашор­да­шы­ларының көсемі болған қайраткер Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдығы сияқты мерейтойлар облыс көлемінде аталып өтілетін болады. Алаш зиялыларының асыл арманын жүзеге асыру бақыты ХХІ ғасырдың басында біздің маңдайымызға жазылған екен. Тәуелсіздігімізді қадірлейік, ел игілігі үшін бірге еңбек етейік, деді Алтай Сейдірұлы есепті баяндамасының соңында.

Түйін

Есепті кездесу қарсаңында Алтай Көлгінов екі мәрте «ашық әкімдік» шарасын ұйым­дастырып, барлық сала басшыларымен бірге халықты тікелей қабылдау өткізген болатын. Есепті кездесу де онлайн режімде эфирден таратылып, тұрғындардың сауал қоюға барлық мүмкіндігі жасалды. Кездесуге қатысушылар облыс басшылығының ашықтығына, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп отырғанына ризашылық білдірді. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ