Елбасы ұсынған Конституциялық реформа мен Жолдаудағы міндеттерді өңір халқына насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Әуелі Тараз қаласындағы «Достық үйіне» келіп, жұртшылықпен жүздескен Гүлшара Наушақызы электронды «Тілек ағашына» Жамбыл халқына арналған тілегін қалдырды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған көрме жұмысымен танысты.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Достық үйінде» «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы – өсудің жаңа моделі» тақырыбында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Сонымен қатар, кеңес отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, облыс әкімі, өңірлік ассамблеяның төрағасы Кәрім Көкірекбаев, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, Жамбыл облысының этномәдени бірлестік жетекшілері, Алматы қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері қатысты.
Өз сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру жөніндегі бес басымдықты айқындап бергенін атап өтті.
– Ел Президенті Жолдауда «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деп атап көрсетті. Сонымен бірге, конституциялық реформа Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, осы күнге дейін жүргізіліп келген қоғамдық істерді одан әрі демократияландыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүйелі жалғасы болып табылады. Қазір еліміздің барлық өңірінде осы екі айтулы құжаттың маңыздылығы жан-жақты талқыланып, халыққа түсіндірілуде. Конституциялық өзгерістердің алдын ала шығарылуы, биліктің ашықтық қағидатын ұстанып отырғанын атап өткіміз келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы қабылдаған саяси шешімді алғашқылардың қатарында қолдап, заман талабына сай реформаны Қазақстанның серпінді дамуының жаңа үлгісі деп атады, – деді Гүлшара Наушақызы.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Елбасы Жолдауында айтылған мақсаттар мен міндеттерге тоқталды. Өз сөзінде хатшылық меңгерушісі өңірлермен қатар, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының да қоғамдық келісімнің нығаюына қосқан үлесін атап өтті.
– Қазақстандық әрбір азаматтың өмір сапасын арттыру ұлттық, мемлекеттік жауапкершілігі мол азамат тәрбиелейді. Негізінен Елбасы Жолдауын экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және ғылыми-рухани дамудың стратегиялық жоспары десек, артық болмайды, – деген Ералы Лұқпанұлы, екіншіден, бұл Жолдау Қазақстандағы бірегейлік пен бірліктің, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың, экономикалық-әлеуметтік нығаю мен дамудың тиімді жолы екенін де атап өтті.
Отырыс барысында «Қазфосфат» ЖШС жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Жанар Оразымбетова кәсіпорынның Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ, Шу аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Ләйлә Жүнісалиева аудандық кеңестің қайырымдылық жұмыстары туралы әңгімеледі. Ал Алматы облысы, Іле аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сакид Чатуев еліміздегі татулық пен тұрақтылық жайлы өз ойын ортаға салса, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков Қоғамдық келісім кеңестері мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы туралы пікірін білдірді. Өзге де азаматтар қоғамдық келісімді нығайту жұмыстары туралы өз ойларымен бөлісті.
Жиын соңында қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін жандандыру және олардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін арттыру бойынша шешімдер қабылданды.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық перинаталдық орталығында және Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында болды.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы