Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Бас прокурор Жақып Асанов студенттермен және ұстаздармен кездесті. Ол студенттік шағы осы қара шаңырақта өткенін айтты, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Кездесуде Бас прокурор жаңа жұмысқа кіріскенде кадр таңдау мәселесіне баса назар аударғанын жеткізді. «Жастар арасында
сауалдама жүргіздік. Студенттердің 95 пайызы танысың, ағаң, көкең болмаса прокуратураға тұру мүмкін емес деп жауап берген. Осы көзқарасты біз өзгерттік. Қазір еш таныссыз, байланыссыз бізге жұмысқа тұруға болады. Екі конкурс өтті. 2 мың кандидаттың ішінен тек 126-сы жұмысқа қабылданды. Оның 21-і, яғни әрбір алтыншысы – осы университеттің түлегі. Сондықтан сіздерді құттықтаймын», деп жиналғандардың көңілін көтеріп тастады.
Бұған қоса, Ж.Асанов жастармен тәуелсіздіктің жетістіктері тұрғысындағы ойымен бөлісті. Егемендіктің қадірі, шекара мәртебесі және Астананың қарқындап дамуы жастардың қолындағы басты байлық екенін шегелеп айтты. Құрғақ сөз болмасын деп адамдардың өмір сүру деңгейін 90-шы жылдармен салыстырып берді.
Кездесуде Елбасы Жолдауында көрсетілген басты бағыттар да сөз болды. Бүгінгі күні қоғамда талқыға түсіп жатқан Конституцияның 26-бабына қатысты ойын да білдірді. Бас прокурор бұл өзгерістердің жерді сатуға мүлдем қатысы жоқтығын ескертті. Ешқандай жер өзгеге берілмейтінін шегелеп айтқан Ж.Асанов жұртшылықты қаңқу сөзге ермеуге шақырды. Қоғамға іріткі салуға құмарлардың әрекетіне жол берілмейтінін атап көрсетті.