«Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығында «Қазақстан: саяси жаңғыруының жаңа кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Халықаралық
деңгейдегі шетелдік сарапшылар мен еліміздегі сарапшылық ұйым өкілдері қатысқан жиында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформа мәселесі талқыланды.
Қазіргі күні қоғам арасында конституциялық өзгерістер арқылы Президенттің біршама өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру, сот жүйесін күшейту және Үкіметтің Парламент алдында есептілігін арттыру жоспарланып отырғаны белгілі. Ал мұндай қадам демократияландыру жолындағы саяси үдерістің барлық қатысушыларының жауапкершілігін арттыратын шешім екені белгілі. Осы орайда, кемел келешек үшін қолға алынып жатқан жаңашылдықтарға шетелдік сарапшылар мен ғалымдар тобы қандай баға беруде?
Жиында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров Президент өкілеттігін бөлу жобасы – заманауи институттық нормативтік-құқықтық актілер талабына сай әрі мұндай қадам қазіргі қоғам көзқарасымен үндесетіндігін білдірді. «Демократияға жақындата түсетін осы секілді әдістердің жарқын үлгілерін Еуропа елдерінен байқауға болады және бұл өзгеріс елдегі партиялардың әлеуетін одан сайын арттыра түседі», – деді Н.Әбдіров.
Сондай-ақ, отырыста өз ойын білдірген Еуропалық интеграция мәселелері орталығының директоры Юрий Шевцов, Баку Халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі Тофик Аббасов, ЕАЭО институтының директоры, Ресей Ғылым академиясы ғылыми кеңесінің мүшесі Владимир Лепехин сынды сарапшы, ғалымдар соңғы кездері Қазақстанда қызу қолға алынып жатқан жарқын жобалар мен тың өзгерістерге жетелейтін бастамалар елдің дамуын одан сайын екпіндете түсетіндігін алға тартты.
Сонымен қатар, жиында Елбасының Жолдауында атап көрсетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында цифрлы технологияларға басымдық беру де өте орынды екендігі айтылды. Қатысушылар ел дамуын еселендіре түсетін мұндай жаңашыл қадамдар осы күндері әлемдік деңгейде де өте өзекті болып табылатындығын білдіріп, бұл бағыт болашақ үшін дамудың даңғыл жолы екендігін мәлімдеді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»