• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Қоғамды нығайту жолындағы қадамдар

435 рет
көрсетілді

Қоғамдық қатынастар жыл­дам өзгеруде. Әлем­дегі эконо­микалық, қар­жы­лық, әлеуметтік және сая­си үрдістер әрбір елге тіке­лей ықпал­дарын тигізеді. Ашық қоғам орнатып жатқан мемле­­кет­тердегі ішкі саяси ахуалға, саяси институттардың қызме­тіне, халықтың саяси санасы мен мәдениетіне әлемдік саяси үрдістердің шешуші әсері болады. Қазақстан халқы дамы­ған мемлекеттер халықтары ұста­натын тренділерге ден қойды. Сондықтан ел билігі өзгерудегі әлемдік ерекшеліктерге сәйкес және оларға жауап беретін саяси өзгерістердің Қазақстанда да болғанын қалайды, соған мүдделі. Экономика мен саясат өзара тәуелді байланыста. Саяси жаңару экономикалық жаңаруға жол ашады. Конституциялық реформа Елбасының 2017 жылға арналған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді шешудің заңдық іргетасын жасайды. Демек, 25 қаңтарда жарияланған Президенттің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі мен 31 қаңтарда жарияланған Жол­дауды бірінен бірі туындай­тын, бірін бірі логикалық және тәжірибелік тұрғыдан толық­ты­рып тұратын маңызды мемлекеттік бағдарламалар болып табылады. Билік тармақтарының бөлінуі, бірін бірі бақылауы және олардың халық пен қоғам алдында жауапты болуы дамыған мемлекеттерге тән экономиканы жасаудың негізгі тетігі. Биліктің бөлінуі болмайынша, экономикадағы монополизм, көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік басқару, аппараттың шектен тыс бюрократиялануы, халықтың мұң-мұқ­тажын тиімді шешіп отыру, адами капиталды тиімді дамыту сияқты Жолдауда көрсетілген өзекті мәселелер ойдағыдай шешілмейді. Конституциялық реформалар демократиялық қоғам құрылысын нығайта береді. Ал Жолдаудағы міндеттер дамыған, бәсекеге қа­бі­летті елдерге тән экономиканы жа­сау міндеттерін шешеді. Демек, Президент ұсынған екі құжаттың да ортақ мақсатқа – Қазақстан хал­қының жағдайын жақсартуға, заманауи экономикасын құруға және демократиялық қоғамын қалыптастыруға қызмет ететіндігі дау­сыз. Заманауи талаптарға сәй­кес келетін экономиканы демо­кра­­тиялық қатынастарға негіз­дел­ген мемлекеттік құрылымдар жа­сайды. Экономикалық дамуға қол жет­кізген мемлекеттердің барлы­ғы­ның саяси жүйелері – демо­кратиялық жүйелер. Автори­тар­лық, тоталитарлық, диктатуралық саяси жүйелердің табыстары уақыт­ша, қысқа ғана кезеңде бо­латын­дығын әлемдік тарих әбден дәлелдеп кетті. Демокра­тиялық саяси жүйелер өз елдерінде эко­но­ми­калық бостандықтарға жол аша­тындығын және материал­дық өндірістің гүлденуін қамта­масыз ететіндігін көріп отырмыз. Себебі, билікті демократия құндылықтарына сәйкес құр­ған мемлекеттер халқы еркін, өздерінің шығармашылық мүм­кін­діктерін, ішкі таланты мен еңбек әлеуетін ашуға тиімді жолдарды тез табады. Керісінше, жа­бық автократиялық қоғамдар халқы тұйықталып, тұмшаланып, қор­қақтап өзінің ішкі әлеуетін аша алмай өмір сүреді. Эко­номика мен саясаттағы өза­ра тәуелді байла­ныс­­тың ең күрделі жері осында. Әділетті, теңдікті, демо­кратиялық жүйелер экономи­калық өрлеуге тірек және рефор­малардың тиімділігінің кепілі болып келеді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев – осы заңдылықты терең түсінген тұлға. Сондықтан Ел­ба­сы елде жүргізіліп келе жат­қан демократиялық реформаларға үнемі мұрындық болып келеді. Елбасы 25 қаңтар күні Қазақ­стан­да билік тармақтары арасын­да өкілеттіктерді қайта бөлу мәсе­лелері жөніндегі Қазақ­стан хал­қына Үндеуін жария­лады. Пре­зиденттің бұл жол­ғы ұсыныстарын елдегі конс­ти­туциялық рефор­м­алардың жаңа кезеңі деп батыл айтуға болады. Себебі, ел Конституциясының 18 бабына 22 өзгеріс пен толық­тыру енгізу және 2-баптың 4-тар­мақшасының алынып тасталуы ұсынылған. Бұл өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдумға немесе Парламенттің талқылауына тү­­седі. Конституциялық Кеңес мә­се­леге қатысты шешім қабыл­дайды. Өзгерістер мен толықтырулар Конституцияны түбегейлі өзгер­туді мақсат тұтпайды. Міндет би­лік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті, өзара тежеуді және бірін-бірі бақылауды қамтамасыз ету. Елдегі билік бөлінісі тура­лы бұрын да аз айтылған жоқ. Оның дәлелі 2007 жылғы сая­си реформалар болатын. 2007 жыл­ғы конституциялық рефор­ма­лар Қазақстанда қатаң, орта­лық­тандырылған президенттік билік жүйесінен президенттік-парламенттік билік моделіне ауысуды бастады. Президенттің біршама өкілеттігі Парламентке ауысты. 2017 жылғы консти­ту­ция­лық реформаларда осы үрдіс тереңдетілуде. Президент 40-шақ­ты өкілеттікті Парламент пен Үкіметке беруді ұсынды. Биылғы реформалар Үкіметтің атқарушы билік тармағы ретіндегі рөлін арттыра отыра, оның Парламенттің алдындағы жауаптылығын және есептілігін де күшейте түседі. Ал­дағы уақытта Үкімет елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуына бағытталатын бағдарламаларды жасауға және орындауға толықтай жауап беретін болады. Үкімет өз қызметінің негізгі бағыттары жайында Президент пен Парламент алдында есеп беріп отырады. Парламенттің Үкіметтің қыз­ме­тін бақылауы мен тексеру тетік­тері күшейтіледі. Мысалы, Парла­мент депутаттарының үштен бірінің бас­тамасымен Үкімет мү­шелерінің есептерін тыңдау құқы беріледі. Үкімет мүшесінің жұмысы нашар болса, депутаттар үштен екі құрамымен ол адам­ның қызметтен босауы туралы Президентке өтініш айтуға қақы­лы. Демек, Үкімет Парламент алдында жауапты бола түседі. Президент осы уақытқа дейін пайдаланып келген заң күші бар Жарлықтар шығару құқығынан бас тартады. Бұл Парламенттің заң шығарудағы рөлін көтеріп, оның қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Осыған дейін Үкімет өз қыз­метін ел Президентінің алдында до­ға­ратын болса, алдағы уақытта өкілеттігін жаңадан сайлан­ған Пар­ламент Мәжілісінің алдын­да тоқ­тататын болады. Сайлауда жең­­­ген партияның Үкіметті жа­сақ­­­­тай­тынын есепке алсақ, бұл өз­­­геріс өте дұрыс. Мәжі­лісте көп дауыс алған партия Үкі­­мет құра­ды. Сөйтіп, Үкімет парла­мент­тік сай­лауға және оның қыз­ме­тіне тәуел­ді болатын ахуал қалып­тасады. Өзгерістер мен толықтырулар елдегі сот билігін де жетілдіре түспек. Жоғарғы сот ендігі жерде жергілікті және басқа да сот­тар­дың жұмысын қадағалай алмайды. Әрбір сот ұйымдары тек заңды ғана басшылыққа алады. Заңдардың дұрыс орындалуын прокуратура қадағалайды деп ұсы­нылады. Ал прокурорлық қада­ғалау шеңберлері заңмен анық­талады. Сонымен, Конс­ти­туция­ға өзгерістер мен толық­ты­рулар­дың ұсынылуы 11 консти­туция­лық заңға, 20 кодекске, 298 заңға өз­герістер енгізуді талап етеді. Со­лар­дың ішінде 11 кодекс пен 80 заң Президенттің өкілеттік­теріне қатысты. Сот билігін күшейтудің жолы – сот­тардың тәуелсіздігі. Атқарушы биліктің соттарға ешқандай ық­палы болмайтындай жағдай қалып­тасуы – саяси жүйедегі тепе-теңдік­тің сақталуының кепілі. «Теле­фон құқығы» ешбір билік субъек­тісінде болмауына қол жет­кізу маңызды. Сондықтан сот ісіне қандай да болсын жолдармен арала­су әрекеттері заңмен жазаланады деп көрсетілуі қажеттілік. Екіншіден, сот пен прокура­тура ел халқының еңбек, әлеу­мет­тік, экономикалық, саяси, мәде­ни құқықтары бұзылуының қан­дай да болсын фактілеріне жол бермей­ді деп көрсетілуі де зәрулік. Әлеу­мет­тік әділеттілік принципін сот билігі ғана қамтамасыз ете алады. Би­лік пен халық текетіресте емес, ке­рі­сінше, билік халыққа қызмет ететін құқықтық ахуал қалып­тасуы дамудың кепілі болмақ. Әрине, кәсіпкер саясаткерлер толыққанды демократиялық сая­си жүйенің қысқа мерзімде қалыптаса қоймайтынын жақсы түсі­неді. Батыс елдеріндегі демок­ратия ХІХ ғасырдың 20-жылдары­нан басталады. Батыс демократия­сының 200 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар. Қазіргі демо­кра­тиялық құндылықтар ХХ ғасырдың 70-жылдарында ғана қалыптасқан. Яғни, бүгінгі жағдайға жету үшін, демократиялық саяси жүйені қалып­тастыру үшін Батысқа 150 жыл­дай уақыт қажет болды. Осы мерзімде халықтың демокра­тиялық мәдениеті, сайлау жүйесі, демократия құндылықтарына берілу психологиясы тәрбиеленді. Өкінішке қарай, еліміздегі кейбір қоғам қайраткерлері Қазақ­станда 25 жылда толықтай демо­кратияның батыстық стандарт­тарын жасауға болады деп есеп­тейді. Бұлай асығуға болмайды. Қа­зақ­стан халқы да, билігі де, сая­си жүйесі де әлі демократия қа­за­нында қайнап піскен жоқ. Де­мо­кратиялық реформаларды терең­дету барысында «халық­тың өзі, халық үшін, халықтың бас­қаруы­на» біртіндеп қол жеткізе аламыз. Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор АЛМАТЫ