Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттікті бөліп беру туралы Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын солтүстікқазақстандықтар да еліміздің басты саяси құжаты ретінде қабыл алып, серпінді істермен жауап беруді серт етіп отыр.
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының бастамасымен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жергілікті билік өкілдерінің, депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың, студент-жастардың басын қосқан «Жалпыұлттық алаң» сұхбаты өтіп, саяси және экономикалық реформалар жан-жақты талқыланды.
Ашық пікір алысу үлгісінде өткен шарада облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко халық қалаулылары Елбасы белгілеген тапсырмаларды орындауда жоғары кәсібилік, жұртшылық аманатына адалдық танытатындығын жеткізді. Қазіргі таңда халық қалаулылары биылғы жылғы ең маңызды құжаттардан туындайтын талаптарды кеңінен түсіндіруге белсене атсалысып жүр. Жер-жерлерде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, әлеуметтік мәселелердің бірінші кезекте шешілуіне баса назар аударылған.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет елдегі демократиялық өзгерістерге байланысты билікті орталықсыздандыру жұмысы жаңаша мазмұнға ие болғанын атап өтті. Билік тармақтары арасында өкілеттікті бөліп беру жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырып, талап пен тәртіпті күшейтеді. Бұл қағидаттарды ойдағыдай жүзеге асыру бәріміздің басты борышымыз болмақ. Соңғы екі жылда орталық мемлекеттік органдардың 100-ге жуық өкілеттігі жергілікті атқарушы органдарға берілген. Алда мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуін қалыптастырудың, халықпен тығыз байланыс орнатудың тиімді жолдарын талмай іздестіру қажет. Түрлі деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында берген есебі барынша ашықтықты, мөлдірлікті қамтамасыз етіп, айтылған сын-пікірлер мен арыз-шағымдар тұрақты бақылауға алынды. Бірде-бір мәселе аяқсыз қалмайтын болады.
Шара барысында еңбек ардагері Иван Чиркалин, кәсіпкер Сайран Хамзин елдегі саяси және экономикалық жаңғыруларға байланысты өз көзқарастарын білдіріп, Үндеу мен Жолдау талаптарын қолдауға шақырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы