• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Су неге шуға айналды?

231 рет
көрсетілді

Өңірде ауылдарды орта­лық­тандырылған су жүйелерімен жабдықтау үшін 2013-2016 жыл­дар аралығында «Ақбұлақ» бағ­дар­ламасы бекітілген-ді. Біз жазып отырған Май ауданында Май топтық су құбырын қайта құру жұмыстары 2011 жылы басталып, 2016 жылдың 10 қазанында аяқталуы керек еді. Топтық су құбыры 11 мыңдай адамы бар ауданның 23 ауылына су жеткізетін болған-ды. Өткен шақпен айтуға мәжбүрміз. Сөйтсек, аудан орта­лығы Көктөбе, Баскөл, тіпті, шалғайдағы Ақшиман ауылдарын орталықтандырылған су жүйесіне қосатын жоба енді ғана дайын­далып жатса керек. Облыс әкімдігінің сайтында аудан орталығы Көктөбе ауы­лы­ның тұрғындары да су құрыл­ғыларының жұмысы бір күн бар, бір күн жоқ, ішетін таза су таба алмай отырғандарын жазыпты. Ал Майтүбек ауылының тұрғын­дары болса ішуге жарамаса да, құдық суын пайдалануда. Біз­ге хабарласқан тұрғындар су­ды тазартып беретін кешенді блок модулі жоқтығын айтып ша­ғымданды. Негізі, ауылға кешенді блок модулін салу жобасы осыдан 7 жыл бұрын басталыпты. Мердігер ком­пания міндетін дұрыс атқармай, ақыры қылмыстық жауап­кершілікке тартылып, жұ­мыс тоқтап қалыпты. Ал аудан басшылығы Майтүбек ауылын да орталықтандырылған су жүйесіне қосуды жоспарлап отырса керек, бірақ, бұл жұмыстың қашан іске асатыны тағы да белгісіз. Жоба жасалмаған. Сондықтан, біраз уақыт шыдай тұруға тура келер, деген екен аудан әкімі Ардақ Қаң­тарбаев жуырда өткен Майтүбек ауылы тұрғындарымен болған есепті кездесуінде. Ең бастысы, ауылға модуль керек пе, әлде орталық су жүйесі қажет пе, қайсысы тиімді деген мәселенің шешімі болуы керек. Жаңа Жолдауда «Әкімдер өңірлік және жергілікті маңызы бар мәсе­лелерді шешуге тиіс...» деп атап өтті Елбасы. Ауыл шыдады, әлі де шыдар. Бірақ шыдамның да шегі бар емес пе?.. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Май ауданы