• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Солтүстік спортында серпіліс бар

259 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан облысында спорт саласына жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде өңірде көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, саламатты өмір салтын қалаған жұрттың игілігіне жұмыс істей бастады. Облыс спортшыларының да халықаралық, ел ішіндегі жарыстарда көрсетіп жүрген нәтижелері де ауыз толтырып айтарлықтай. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан ЕСЕНАЛИНМЕН әңгіме барысында бұған көзіміз анық жетті. – Руслан Бақыттыұлы, бүгінде өңір тұрғындарының үштен біріне жуығы бұқа­ра­лық спорт түрлерімен айна­лысатын көрінеді. Бұл дең­гейге қалай жеттіңіздер? – Президентіміз 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс деген міндет қойды. Біз бұл межені еңсеру жолында тиянақты түрде жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы жылдары материалдық-техникалық база, кадрлық әлеует әлдеқайда нығайды. Жаңа спорт нысандары көптеп бой көтерді. Қалпына келтірілгендері де жеткілікті. Облыста 1994 жылы 9 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ), 1403 спорт ғимараты болса, қазір олардың саны, сәйкесінше 26-ға және 2816-ға жетті. Осыдан екі жыл бұрын арнайы бағдарлама түзіліп, аудандар мен елді мекендердің жағдайына баса назар аударылды. Бескөл, Жаркен, Новоишим елді мекендерінде көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жүзу бассейндері салынды. Жуырда Жаңажол, Новоникольское ауылдарында, Сергеевка кентінде жаңа үлгідегі спорт ғимараттары пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда ғана 393 хоккей корты салынды. Мемлекет-жекеменшік әріптестік үлкен қолдау көрсетіп отыр. Есіл, Айыртау, Ақжар аудандарында демеушілердің көмегімен жабық мұз айдындары тұрғызылды. Бескөл кентінде, облыс орталығында гимнас­тика және олимпиялық спорт түрлеріне арналған алаңдар осы заман үлгісімен жабдықталды. 46 футбол алаңы жаңартылды. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері қызмет көрсетіп келе жатса да, еш жөндеу көрмеген «Қарасай батыр» стадионы қалпына келтірілді. «Нептун» аквапаркінде жүзу бассейні, жаттығу алаңы, спорт залдары жұмыс істейді. – Облыс орталығында А.Винокуров атындағы спорт сарайының жұртшылық игі­лігіне берілуін басты оқиға­ның біріне жатқызуға болатын шығар? – Әрине. Кешеннің ашылуын үлкен-кішінің тағатсыздана күткені рас. Оның құрылысына 3 миллиард теңге мөлшерінде қаржы жұмсалды. Мұнда спорт­тың 12 түрімен еркін ай­на­лысуға болады. Жабық мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, велотрек алаңдары орналасқан. Енді оның жанынан әмбебап теннис орталығын ашу жоспарланған. Бұған қосарым, суға жү­зу, акробатика, бокс, ұлт­тық ой­ындар, гимнастика, ат спорты, тағы басқа спорт тү­лері бойынша балалар жә­не жасөспірімдер спорт мек­теп­терінің филиалдары молайып, ауылдық жерлерде кеңінен қанат жая түсті. Жоғары спорт ше­берлігі мектебі 2009 жылдан бері 15 халықаралық дәрежегі спорт шебері мен 34 спорт шеберін дайындап шықты. – Кәсіби спорт клуб­тары­ның аяқ алысы қалай? – «Қызылжар СК» футбол командасы бірінші лига құра­мында үшінші орынды иеленіп, жанкүйерлерін қуанышқа бө­леді. Волейболшыларымыз да осал емес. Кезінде Қазақстан кубогын жеңіп алғанын, төрт мәрте екінші орын алғанын ескерсек, олардан үлкен же­ңіс­тер күтеріміз заңды. Кілең жергілікті ойыншылардан құралған «Қуаныш» қыздар ко­мандасының аяқ алысы қуан­тады. Азия ойындарының жүлдегері Михаил Дедов жат­тықтыратын баскетболшыларымыз жоғары лигада жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. 2015 жылы құрылған «Құлагер» хоккей клубы туралы сөз ерекше. Сол жылы қола медальды қанжығаға байласа, былтыр ел кубогын жеңіп алды. «Vino4ever SKO» велошабандоздар клубының атағы шет елге де жақсы таныс. Қазір азиялық командалар арасында рейтинг бойынша алдыңғы орында тұр. «Үміт» мүгедектер клубының Сергей Харламов, Елена Мазуренко, Қайрат Қанафин, Владимир Эрман секілді белді мүшелері паралимпиялық ойындарға қатысып жүр. – Олимпиада чемпионы Александр Винокуров секілді облыстың, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген айбынды спортшыларымыз кімдер? – Былтыр Бразилияда өткен байрақты бәсекеге 6 жерлесіміз қатысты. Олардың арасынан бокстан Дариға Шәкімова, об­лы­сымыздың тумасы, еркін күрес шебері Эльмира Сыз­ды­қова қола жүлдеге ие болды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аралығында Олимпиялық ой­ындарға қатысқан Нұрым Дүй­сенов, Роман Мелешин, Вадим Шақшақбаев, Владислав Поля­ков, Бақтияр Қожатаев, Мар­гарита Мұқашева, Ека­тери­на Эктова, Дмитрий Ба­бен­ко, тағы басқаларының есім­­дері құрметпен аталады. Алек­сан­дрдың ізбасары Алек­сей Лу­ценко өткен жылы «Тур Хай­наня» халықаралық жарысында алдына жан салмады. Бұған жерлесіміз, кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновтың жақында WBA /Super/ және IBO тұжырымдары бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атанғанын айтсақ, табысы­мыздың еселене түсері анық. Яғни, бүгінгі күнде солтүстік өңір­дің спортында үлкен серпі­ліс бар деп сеніммен айтуға бо­лады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы