• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Сала жұмысында сапа жоғары

261 рет
көрсетілді

Жиында алдымен министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет, спорт пен өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол Алматыда ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың сәтті өткенін, оған еліміздің жақсы дайындалғанын, жарысқа қатысқан шетелдің өкілдері ойындарға жоғары бағасын бергенін айтып, студенттер додасының арқасында көптеген спорт нысандарының салынғанын атап өтті. Осы орайда ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа баса назар аударылып отырғанын, былтыр Алматыда ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де спортты дамытуға қолда бар мүмкіндіктің бәрі жасалғанын айтты. – Мысалы, – деді ол, – қазір елімізде 11 000 спорт нысаны бар. Соңғы екі жылда қо­сымша қаржыландыру мен мем­ле­кет­тік-жеке серіктестік арқылы 18 де­не­шы­­нық­тыру-сауықтыру кешені ашылды. 450 ба­лалар мен жастардың спорт ме­кемесі, мүм­кіндігі шектеулі жандарға ар­налған 12 спорт клубы, 569 балалар мен жас­өс­пірімдер мектебі жұмыс істеуде. Сала­мат­ты өмір салтын насихаттау аясында елімізде жыл сайын 40 000-нан аса спорттық шара өткізіледі. Оған кем дегенде 5 миллион адам қатысады. Ал 125 жоғары оқу орындарында 180 000 студент-жастар спортпен айналысып келеді. Отырыста министр осылай дей келіп, алдағы уақытта да халықтың жаппай спортпен айналысуына барлық жағдайдың жасалатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол кәсіпқой спортшылардың былтырғы жарыс­тарына тоқталып, оған көңілі толатынын жеткізді. А.Мұхамедиұлы Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиялық ойындарда Қазақстан спортшыларының 3 алтын, 3 күміс және 11 қола медаль жеңіп алуын үл­кен жетістік санайтынын, өйткені, 207 елдің өкіл­дері қатысқан аламан додада солардың ал­дына шығып, жалпыкомандалық есепте 23-орынды иеленуі спорттағы жеңістеріміздің бірі деп бағалайтынын айтты. Сол сияқты ол отандастарымыздың Паралимпидадағы жеңістері туралы да айта келіп, еліміз тарихында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғаш рет Паралимпиаданың алтын медалін жеңіп алғанын атап өтті. Осыдан кейін ол министрліктің спортқа қатысты биылға жоспарлаған жұмыстарын хабарлады. Ведомство басшысы әуелі спорт түрлерін қаржыландыруда әділетсіздіктің болып жатқанын, мысалы жергілікті жерде футболға қыруар қаражат бөлінсе, ұлттық спортқа, басқа да спорт түрлеріне азғантай ғана ақша берілетінін ескертті. Осыған байла­нысты министрлік қаржыландырудағы те­пе-теңдікті сақтау үшін «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасына өзгер­ту­лер енгізгенін, онда спорт түрлері бойын­ша қара­жатты қайта қарау мәселесі қарас­ты­­ры­л­ғанын айтты. – Қазір бұл құжат Парламент Мәжілісінің қарауында. «Құжат бұқаралық спортты дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Біз осы мәселені әр облыстың ерекшелігіне байланысты жергілікті атқарушы билікпен, депутаттармен, қоғам қайраткерлері және спортшылармен бірге талқылайтын боламыз. Яғни, әр өңірде жақсы дамып жатқан спорт түрлерін жеке қарастырамыз. Бұл жеңіл атлетика немесе басқа да спорт түрлері болуы мүмкін. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында ескек есу спорты дамып келеді. Универсиада кезінде фристайлдан Алдабергенова, Арапбаева, Карпек, Бағланов есімді спортшылар жақсы өнер көрсетті. Олар осы өңірдің жастары. Сондықтан өңірдің спорттан жетістіктері болса, ол спорт түрін саралау тізіміне қосамыз», – деді министр. Одан әрі баяндамашы «Лоторея және лоторея қызметі туралы» Заңның мәні мен ма­ңы­зы туралы да айта кетті. Ол аталған құ­жат­­тың лоторея операторларының әр тоқ­сан сайын билеттерді сатудан тапқан табыс­та­ры мен сыйлық қорының арасындағы айырмашылықтың кем дегенде 10 пайыз қа­ражатын аударып отыруын көздейтінін жет­кізді. Жиында министр мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Ол қазір «Кинематография туралы» және кино саласын дамыту тұжырымдамасы бойынша жұмыстардың Үкіметтің қолдауымен іске асып жатқанын, мәдени саясаттың тұжырымына сәйкес, 2014 жылдан бастап, еліміздегі барлық шығармашылық орындардың Мәдениет министрлігінің қарамағында екендігін еске салды. Одан кейін А.Мұхамедиұлы өз баяндамасында халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанның музей және музей-қорықтары қызметі саласын кеңейту, мемлекет тарихы мен мәдениеті туралы ауқымды кино және тележобаларды жасау жөнінде «Мәңгілік Ел» кешенді жоспарын іске асыру, 2020 жылға дейін туристік сала тұжырымдамасының жа­ңа жобасын әзірлеу, тарихи-мәдени ес­кер­т­кіш­тер­ді сақтау мәселелеріне тоқталды. Отырыстың соңында 2016 жылдың спорт саласындағы үздік ұйымдары мен мамандары марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік спорттық өңір» аталымы Астана қаласының дене шыны­қ­тыру және спорт басқармасына берілді. «Ау­дан­дық үздік дене шынықтыру және спорт бө­­лімі» аталымы бойынша Шығыс Қазақстан об­лысы Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік спорт федерациясы» аталымында жеңімпаз Қазақстанның бокс федерациясы болды. «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» атағын Әлімжан Сүлейменов жеңіп алды. Қазір ол Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» МКҚК-да жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс істейді. «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» аталымы бойынша Спорттық медицина және оңалту орталығының массаж жасаушысы Наталья Максимова марапатталды. «Спорттың ауылдық жердегі үздік нұсқаушы-әдіскері» аталымында Ақтөбе облысы Алға ауданының білім бөлімінің әдіскер-нұсқаушысы Қази Мұхамбеталин үздік атанды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»