«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен «Ұлттық тестілеу орталығы» РМК директоры Рамазан Әлімқұлов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған келісім негізінде тараптар Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлау бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Яғни, алдағы уақытта бас басылым биылғы түлектер мен жоғары оқу орнына құжат тапсырушыларға арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтары мен жауаптарын жариялай бастайды. Дархан Қуандықұлы газет ішіндегі кітапша түрінде жарияланатын бұл тест материалдары ҰБТ-ға даярлауға көмектесетінін айтты. Сонымен бірге, аталған жобаның оқырмандардың басым бөлігін құрайтын білім беру, жалпы бюджеттік сала қызметкерлеріне қолдау көрсету және интернет жүйесімен қамтылмаған алыс ауылдардағы оқырмандарға қолайлы мүмкіндік туғызу екенін атап өтті.
– Бүгінде газетімізде білім саласына арналған екі бет тұрақты түрде шыға бастады. «Тәлім» беті мұғалімдер әдістемесі мен мектеп саласына, бала тәрбиесіне арналса, «Білім» беті саланы тұтас қамтиды. Біз бүгінгі келісім аясында биылғы тестілеу ерекшеліктері мен жаңа мамандықтарды таңдау, гранттар туралы мәліметтерді оқырман назарына ұсынбақпыз. Басқа да техникалық мәселелер қамтылатын осы жоба арқылы түлектер өздеріне қажетті мәліметтерге қол жеткізе алса, психологиялық тұрғыдан дайын болып, дұрыс таңдау жасаса, көздеген мақсатымыздың орындалғаны, деді Д.Қыдырәлі.
«Ұлттық тестілеу орталығы» РМК директоры Рамазан Сихымұлы 200 мыңнан астам оқырманы бар «Егемен Қазақстан» газетімен бірлескен жобаны жүзеге асыру үлкен мәртебе екенін атап өтті.
– Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайтын еліміздегі ең ірі басылым арқылы жүзеге асатын жоба шеңберінде биылғы ҰБТ-ға қатысушылар деңгейінің жоғарылауына мүдделіміз, деді Р.Әлімқұлов.
Өз кезегінде басылым басшысы бұл жобаның оқырман сұранысын қанағаттандыратын бастама боларына сенім білдірді.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»