ҚХР төрағасы лауазымына тағайындалғанына тура бір жыл өткеннен кейін Си Цзиньпин Орталық Азия мемлекеттерін аралағаны белгілі. Аймақтағы барлық елдермен арада құны миллиондаған долларлық келісімдер жасасқан Қытай басшысы олардың назарын өзіне аударып алды деуге болады. 2013 жылдың қыркүйегінде Си жолдас ежелгі Жібек жолының бойымен экономикалық белдеу құру туралы өзінің стратегиялық бастамасын жариялау үшін Астананы таңдаған болатын.
Содан бергі аралықта ғаламның әр түкпірінде Қытай бастамасына қатысты түрлі пікірталастар өрбіді. Си Цзиньпиннің бағдарламалық жобасы ретінде ойластырылған Жібек жолы экономикалық белдеуі бірнеше айдың ішінде ауқымы жағынан айтарлықтай өзгеріп үлгерді. Бұл идея Еуразиядағы барлық субъектілердің мүдделеріне сай келгенін түсінген қытайлық саяси технологтар идеяны одан әрі дамытып, соның нәтижесінде екі бірдей бағыттың кешенді стратегиясы пайда болды. Оның бірі құрлық жолы – Жібек жолы экономикалық белдеуі болса, екіншісі – ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы. Іле-шала Бейжің бұл оған «Бір белдеу – бір жол» деген атау берді. Сөйтіп, бірқатар Қытай сарапшыларының, оның ішінде Бейжің университетінің профессоры Ван Цзисидің атсалысуымен жасалған, ежелгі Жібек жолының желісін қамтитын күре жол қайта жаңғырып, жаңаша түрге енді. Оған экономикалық серпін беру үшін ҚХР бюджетінен миллиардтаған қаржы бөлінді.
2013 жылдан бері Қытай билігі өз бастамасын жүзеге асыру үшін күш-қуатын аяған емес. Үздіксіз насихат, болашақтағы экономикалық күрт өсім үдерісі туралы уәделердің арқасында Бейжің Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасына Орталық Азия мемлекеттері, Ресей, Иран, Түркия, Еуроодақ елдері сынды шешуші қатысушылардың назарын аудара білді. Осылайша, 2015 жылдың көктемінде Жібек жолы жобасын Еуразиялық экономикалық одақ сынды ықпалдастық үдерісімен үйлестіруге қол жеткізді.
Қытай тарапының бастамасы бірқатар объективті себептерге байланысты тез танылғанын айта кету керек. Бұл бастаманың көптеген елдер үшін тиімді әрі болашағы зор екені қазірдің өзінде анық байқалады. Си Цзиньпин Астанадағы сөзінде (2013 жылғы қыркүйек) атап өткендей, жобаның басты міндеті – оған қатысушы елдер арасында сауда және инвестициялық кедергілерді алдымен біртіндеп, кейінірек толықтай жою. Қытай тарапы Жібек жолы экономикалық белдеуіне атсалысатын елдердің сауда және инвестициялық әлеуетін толыққанды ашу үшін бұл өте қажет деп санайды.
Сонымен қатар, жоба аясында қаржы саласындағы көпжақты ынтымақтастықты күшейту, қатысушы елдердің арасында үздіксіз ақша айналымын қамтамасыз ету және валюталық жүйені үйлестіру қарастырылған. Осы міндет табысты жүзеге асырылған жағдайда аймақтық даму қаржы ұйымдарының желілерін құрып, қаржы ағынының қозғалысын оңтайландыру жоспарланып отыр.
Назарбаев Университетте сөйлеген сөзінде Си Цзиньпин бірінші кезекте, Орталық Азия елдері мен Қытай арасында өзара тиімді терең қарым-қатынастар орнатудың маңыздылығын атап өткен болатын. Сонымен қатар, ҚХР лидері қытайлық философтарға тән биязы мәнермен Қазақстан мен Қытай арасын ежелден байланыстыратын өзіндік сабақтастық бар екенін де тілге тиек еткен-ді.
Әрине, кез келген сыртқы жобалар сияқты, бұл бастаманың да өзіндік «су асты тастары» бар екенін айтпай кетуге болмайды. Жібек жолы экономикалық белдеуі бірінші кезекте Қытай экономикасының мүмкіндіктерін арттыруға, сол елдің мүдделерін қорғауға бағытталғанын түсінген жөн. Сондай-ақ, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясындағы түрлі талаптар, қиындықтар болғанымен, жобаға қатысушы елдер үшін үлкен мүмкіндіктер туғызатынын да назарға алу керек. Яғни, бұл жобаны көзге ілмеу немесе одан бас тарту үлкен қателік болар еді. Атап айтар болсақ, қытайлық сарапшылардың өзара пікірталастарын аңдай отырып, Қазақстанның Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасына қатысуына жол ашатын барынша тиімді әрі қиындықтары аз бағыттарды байқауға болады.
Бұл үдерістің қыр-сырын толық түсіне отырып, Қазақстан әуел бастан-ақ оған қатысу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Жібек жолы экономикалық белдеуінің артықшылықтарын ұлттық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға пайдалану мақсатында Астана оны «Нұрлы жол» ұлттық бағдарламасымен түйістіруді жөн санады. Бұл орайда, тараптар бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізгенін де айта кету керек. Мәселен, екі жылдан астам уақыт ішінде «Нұрлы жол» мен ЖЖЭБ жобасын түйістіре жүргізу арқылы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастықтың бірқатар бағыттары бойынша келісімдер жасасты. Қазіргі таңда өндіріс қуаттарын Қытайдан Қазақстан аумағына көшіру жобасының жүзеге асырылып жатқаны осының бір көрінісі. Бұл бағыт бойынша төрт жоба іске асса, тағы 46 жоба жоспарлау мен жүзеге асыру деңгейінде.
Ұлы Жібек жолын жаңғырту жөніндегі идеяның айтылғанына төрт жылға тарта уақыт өткенімен, әлі күнге дейін ешқандай ресми құжат, тұжырымдама немесе бағдарлама жасалған емес. Бұл орайда, тіл ұшына 2015 жылғы Боао форумында таныстырылған «Бір белдеу – бір жол» жол картасының стратегиясы ғана оралады. Алайда, атауына қарамастан, аталған құжатта ешқандай нақтылық жоқ. «Қытайдың бастамасы қалай және қандай тетіктер арқылы жүзеге асырылады?» деген басты сауалға жауап берілмеген.
Биылғы мамырда Қытай билігі «Бір белдеу – бір жол» форумын өткізуге бекініп отыр. Жалпы, алдағы мамыр айында бұл елде әлемдік көшбасшылардың қатысуымен екі бірдей ауқымды шара өтеді деп жоспарланған. Оның біріншісі – Жібек жолы саммиті (Бір белдеу – бір жол» саммиті деп те аталады). Саммитке әлемдік көшбасшылар, азулы халықаралық ұйымдардың басшылары, Үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық БАҚ-тардың өкілдері қатысып, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын талқылауға тиіс. Екінші шара – BRICS құрамындағы елдердің жыл сайынғы саммиті, ол Сямэнь қаласында өтпек.
Жуырда Гонконгте шығатын South China Morning Post (SCMP) басылымы Ресей президенті В.Путин мәртебелі меймандардың бірі болатыны, екі саммитке де қатысатыны туралы хабарлады. Басылымда айтылғандай, Ресей мен Қытай Сирия дағдарысы, Иранның ядролық бағдарламасы, Солтүстік Кореяның ядролық қатері сынды халықаралық аренадағы маңызды мәселелерде ортақ ұстаным білдірді. Сондай-ақ, Си Цзиньпин ҚХР төрағасы лауазымына келгеннен бергі аралықта басқа мемлекет басшыларымен салыстырғанда, В.Путинмен ең көп кездесу өткізген екен. Бұл ҚХР мен Ресей арасында екіжақты қатынастардың нығайып келе жатқанын білдірсе керек. Қалай болғанда да, Қытай мен Ресей арасында біршама жақындық орнағаны рас, алдағы мамыр айында өтетін шаралар кезінде тараптар инвестиция саласына қатысты ірі келісімдерге қол қоюы әбден мүмкін.
Соңғы жылдары Қытай билігі өзінің жаһандық ықпалын қарқынды түрде күшейтіп жатқаны байқалады. Жуырда өткен Давос форумындағы Си Цзиньпин сөзіне зер салсақ, Қытай жаһандық лидерге тән жауапкершілік жүгін көбірек арқалауға әзір екендігі анық байқалады. ҚХР көшбасшысы форумда елінің жаһандық экономикада қандай рөл атқаратынына тоқталған болатын. 1950-1916 жылдар аралығында Қытай жалпы көлемі 400 миллиард юань жұмсалған 5 мыңнан астам халықаралық көмек жобаларын қаржыландырыпты. Алдағы уақытта осымен шектеліп қалмақ емес. Ал құрлық жолы мен теңіз жолдарын қамтиын «Бір белдеу – бір жол» ұзақ мерзімді стратегиялық жобасы арқылы Қытай өзінің геосаяси мүдделерін шешіп алуды көздеп отыр.
Осы айтылғандарды қорыта келгенде, Жібек жолы саммитін өткізу Қытай билігінің жаһандық деңгейде белсенді рөл атқаруға ұмтылып, әлемдік көшбасшы держава болуды жоспарлап отырғанын көрсетеді. G20 саммиті, Давос форумы және басқалары сияқты, Бейжің саммиті де жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланатын және шешімін табатын
ауқымды шара болуы әбден ықтимал. Бүгінгі таңда ҚХР әлемдік экономиканың аса ірі қозғалтқышы екенін ескерсек, ондай болжам жасауға толық негіз бар. Қазірдің өзінде Бейжің дүниежүзілік және аймақтық деңгейдегі бірқатар тетіктерге ие.
Жалпы, капитал көлемі 100 миллиард доллардан астам Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің жұмысын қадағалап отырғаны көп жайтты аңғартса керек. Бұл банк өткен жылы 1,7 миллиард доллардан астам қаржыға түрлі ірі жобаларды қаржыландырып, жоспарды 200 миллион долларға асыра орындағаны мәлім. Азия-Тынық мұхиты елдерімен арада Еркін сауда айналымы идеясын да көтерген. Ал Жібек жолы экономикалық белдеуін жүзеге асыру үшін арнайы Жібек жолы қорын құрды (капиталы 40 миллиард доллар).
Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, мамырда өтетін Жібек жолы форумына қырықтан астам елдің көшбасшылары қатысуға тиіс. Шақырылған меймандардың арасында Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасы елдерінің басшылары бар.
Әзірге саммиттің күн тәртібіне шығарылатын мәселелер туралы нақты ештеңе айтылған жоқ. Дегенмен, қазірдің өзінде бұл шара аясында әлемдік экономиканың одан әрі даму жолындағы ең өзекті деген мәселелер талқыланады деп болжауға болады. Әлемдік көшбасшылар қатысатын аса маңызды форумда басым бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетін ежелгі Жібек жолын жаңғырту жолдары талқыланатыны көңіл қуантады.
Руслан ІЗІМОВ,
саясаттанушы