• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Оразгүл

177 рет
көрсетілді

Айвазовскийдің «Тоғызыншы толқын» атты атақты картинасын көрген сайын, неге екенін білмеймін, менің есіме Оразгүл Асанғазы оралады. Бәлкім, бұл Оразгүлдің қат-қат шаруаны қатар алып, үнемі қарбалас тірліктің ортасында отыратынын көргенімнен болар. Расында да, Оразгүлдің ешқашан қол қусырып қарап отырғанын көрмеппін. Тіпті, әйел заты қызыға сөз ететін әртүрлі тақырыптағы бос әңгімесін де естімеген екенмін. Есесіне, онымен жүздесе қалсаңыз, тіл тағдыры, ел тағдыры, ұрпақ келешегі жайлы әңгімеге қарық болып қайтасыз. Онда да бәрі бітті, бәрі күйреді, су түбіне кеттік дейтін еңсеңді түсірер жылауық сөз емес, барды бар, жоқты жоқ деп ашық айта отырып, ілгері баспай жатқан олқылықтарды жолға қоюдың түрлі әдісін ойластырып, көңілге қонымды ойға келсе, балаша қуанатынын да көз көрді. Осы арада бір айта кететін жайт, әу баста басын ала қашса да, Оразгүлдің «уысына» бір түсіп қалған адамдардың біразының кейіннен нағыз тіл жанашырына айналғанын да көз көріп жүр. Өзімізге белгілі, ұлттық рухымыз, қа­зақты қазақ етіп тұрған ана тіліміз әлі де төрге оза алмай келеді. Оған ке­дер­гі боп отырған сандаған себеп те бар. Әйтсе де оның ең басты себебі – өзімізде. Өйткені, біздің біразымыз өзге тілде өзін судағы балықтай сезі­не­тін­діктен, қазақ тілінің аты озуына аса мүд­делі емес. Олардың қатарына рухы әл­сіз, ұлттық санасы таяз адамдар мен ай­наласына селқос қарайтын енжарларды қоссаңыз, кейде дүниеден баз кешіп кеткің де келеді. Алайда, осындай адамдардың ешқайсысынан Оразгүл күдер үзбейді. Оларды ортаға қайтару, өз ұлтын сүюге үйрету қажет дейді. Соған орай әр ортада жиі-жиі болып, өз үгітін жалғастырудан танған емес. Бірде академик Рымғали Нұрғали аға­мыздың бір топ жігіттермен әңгі­ме­сі­не куә болғаным бар еді. Сол кезде әлгі­лердің бірі Оразгүлдің бір өзі бәрін істеп тастайтындай, тым жанығып жүретінін айтып қалған. Дәл сол сәтте Рымғали ағамыз әңгімені кілт үзді де: «Әй, сен не айтып тұрсың? Сен кім, Оразгүл кім? Білмесең, мен айтайын, Оразгүл мына тұрған сендер құсап, үзіп-жұлқып арзан бедел жинап жүрген адам емес, турасын айтайын, өз басым оны мың еркекке айырбастамас едім. Ол менің туысым да, жерлесім де емес, бірақ оны күрескер болмысы үшін сыйлаймын. Әрі Оразгүлдің бойында нағыз күрескерге тән қасиеттің бәрі бар. Ол ештеңені жорта істемейді, көзге түсіп, көрініп қалсам демейді. Не істесе де, бар ынта-шынтасымен кіріседі. Өйткені, бойындағы күрескерлік рух оның мына сендерге ұқсауына жол бермейді. Иә, заты әйел болғанымен нағыз азамат сол. Батыр Баукеңді де кезінде талай адам түсіне алмады. Нақтырақ айтсам, түсінгісі келмеді. Алайда, ол тобырдың көңілінен шығуға тырыспады. Ащы айтса да, тұщы айтса да әр ісімен, әр сөзімен барша қазақтың жүрегіне сәуле түсуін мұрат тұтты. Піл­ге үрген кәнден іспеттілер балағына жар­масса да, олардың өзіне де, сөзіне де пысқырып қараған жоқ. Оразгүлден сол Бәукеңе ұқсас қасиеттерді көремін. Ен­деше, ісі мен сөзі қабысатын, қазаққа ке­рек іске батыл бастамашы боп жүрген Оразгүлді бүгінгінің батыры деуге әбден болады», деді ол. Олай болса, қашанда өз ойын күл­білтелемей ашық айтатын, ешқашан бі­реудің ығына жығыла кетпейтін, ащы бол­са да ақиқаттың сөзін сөйлеуден тан­баған, аузы дуа­лы ағамыздың бұл пі­кірі Оразгүлге берген елінің бағасы де­сек, бұл артық айтқандық емес. Жә­не бұл сөзге өз тарапымыздан қо­са­ры­мыз, Оразгүлдің шынында да өзі­мен мұ­раттас, ниеттес адамдардың бә­рін туы­сындай көретіні, дос, бауыр са­най­ты­ны. Ең бастысы, өзім ғана бол­сам де­­мейді, біреудің жылт еткен жақ­сы­­лығын көрсе, қолтығынан демеуге тырысады. Сол көпшіл мінезінің ар­қа­сында айналасындағылардың бәрін ор­тақ іске жұмылдырып, қазақтың жо­ғын тү­гендеуге мұрындық боп келе жат­қа­нын көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Бұл орайда атқарған ісінің бәрін тізбелемей, соның біріне ғана тоқталып өтсек, бүгінде аз ғана уақыт ішінде елордамыздың барынша қазақыланып шы­ға келуіне біз ең алдымен Ораз­гүл бастаған тіл жанашырларына қарыз­да­р­мыз десем, бұрындары қазақша сөй­лесең, қасқыр көргендей одырая, үр­кіп қарайтын Ақмолаға қазақы сипат беру оңай болмағаны анық. Олай дейтінім, Оразгүлдің үстінен қарайтын қаншама адам болды. Қызмет бабында олармен санаспауға, тәк-тәгіне көн­­беуге шара жоқ. Ондай жағдайда ой­ла­ға­ныңның бәрін өз еркіңмен жүзеге асыру да қиынның қиыны. Оған осы қалада бұрыннан тұрып келе жатқан жандардың да Антоновка, Алексеевка деген атау­лардан оп-оңай айрыла салғысы келмегенін қосыңыз. Сондай-сондай ересен тосқауылдарды еңсеріп, елордамыздан қазақтың исі шығып тұруы үшін Оразгүл бастаған тіл жанашырлары қаншама тірлікті жолға қойды десеңізші. Тәубе, сол маңдай тер ақталды, еліміздегі атағы асқақтаған жер мен судың, аяулыларымыз бен ардақтыларымыздың есімдері көше аттарын иеленді. Бұған әрине, әрбір қазақ өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанды. Ал мұның бәрі әлгі жігіттер айтқандай, Оразгүлдің «жанығып» жү­ріп атқарған істерінің бір парасы ғана. Осындайда еріксіз еске түседі, атағынан ат үркетін, үлкен лауазымды қызметте отырған шенеуніктерді де көз көріп жүр. Соның бәрі болмаса да, біразының қан-сөлі жоқ сөзінен де, ісінен де еш нәтиже шыққан емес. Сондықтан да, ондай адамдар сол қызметінен кеткен күні-ақ ұмы­тылып қалады. Өйткені, оның өз мүд­десі болмаса, сол орында отырып, атқар­ған ауыз толтырып айтарлықтай жақ­сы ісі, есімін еске салар артында ізі жоқ. Сондайлардан зәрезап болған жұрт­шылықтың «Әттең, сондай ше­шу­ші буында Өзбекәлі, Оразгүл сияқ­ты азаматтар болса, қазақтың жо­ғы біраз түгенделіп қалар еді» деп ар­ман­дағанына да талай рет куә боп жүр­міз. Бұны халықтың өз ортасынан қай­нап шыққан қайраткер ұл-қызының ең­бе­гін орнымен бағалауы демеске лаж жоқ. Бұл жерде мен орнымен ба­ға­лауы деп жайдан-жай, сөз ретіне қа­рай айтып отырғаным жоқ. Өйткені, көпшілік елорда басшылығында осы қала­да туып-өскен, осы ортада қайнап же­тіліп, білім алған, несібесін теріп, бай-бағлан атанған азаматтардың да отыр­ғанын жақсы біледі. Елорданы жа­ңаша түрлендірем десе, олардың да қо­лын ешкім қаққан жоқ. Қайта істің ығын білетін адам келді деп қуанды, зор сенім артты. Тағы бір айта кететін жайт, осы күні қандай ортаға барсаң да, тіпті той-томалақтың үстінде де шенді-шек­­пенділер мен бай-бағландарға құ­­рақ ұшып, бұл біздің аса қадірлі қай­­рат­керіміз деп асыра әспеттеу әдет­ке ай­налып барады. Ал шын мә­нін­­де қай­рат­кер деген атауға кімдер лайық? Егер соның басын ашып ал­ғы­мыз келсе, біреулердің бар болғаны қал­тасы қалың болғаны үшін неме­се әртүрлі деңгейдегі әкімдердің мем­лекет қаржысына ара-тұра әлде­кімдерді «жарылқап» (көрдің бе, мен қандаймын дегендей, оны телеарналардан көрсетіп) тастағанына бола, оларды қайраткер деп атауымыз керек пе? Әрине, ондай қолдан жасаған қайраткерлік қасиетті біреуге таңу ең алдымен сол әспеттеп тұрған адамыңның ұятын таптау екенін біз неге ескермейміз? Иә, кімге не айтсақ та, балаға әкесінің шекпенін жауып жат­қандай күй кештірмей, әркімді өз бойына шақтап мадақтағанымыз абзал болар. Осыны есте тұтсақ, ел­­дік іске талмай өз үлесін қосып ке­ле жатқан, онысын бар саналы өмі­рі­нің мәні санайтын, темірқазығы іспет­тес көретін, ортақ іске қосқан үле­сін өзінің азаматтық парызым деп біле­тін, жасаған ісі үшін ешкімнен мақ­тау дәметпейтін, өресі биік ойымен жұртты артынан ерте алатын адамдар қай­раткер деген атаққа әбден лайық. Ал ­мұндай адамдар қатарымызда көп те, аз да емес. Сол санаулылардың бірі Оразгүл Асанғазы екенін де қалың қазақ жақсы біледі. Ең ғажабы сол, жыл өткен сайын Оразгүлдің қайраткерлік қасиеті шыңдала түскендей. Тіл тағдырына байланысты айтар идеясы да, атқарар шаруасы да жетіп артылады. Ол қай ортада жүрсе де, жан-жағына қазақтың иісін сіңіріп, қазақы рухты оятуға тырысады. Бұл сөзіме дәлел ретінде бір қауым жұрт алдында Дариға Нұрсұлтанқызы айтқан мына бір әңгімені келтіре кетсем, еш артықтық етпес. – Біздің Мәжіліс депутаттары (ол кезде Дариға Нұрсұлтанқызының Парламент Мәжілісінде вице-спикер кезі болатын) Оразгүл арамызға келгелі бері тек ана тілінде сөйлейтін болды. Өйткені, бәрі ойларын өзге тілде жеткізуден Оразгүлден тайсақтап тұрады. Тіпті, депутаттардың алдына келген министрлер де одан сескеніп, ана тілінде есеп беруді әдетке айналдыра бас­тады – деп әзіл-шынын араластыра Оразгүл апасының мерейін бір көтеріп тастаған. Егер Дариғаның әр сөзін текке айта салмайтынын ескерсек, бұл ел тірлігінің бір-бір уығын көтеріп жүрген қайраткер қыздарымыздың бірін-бірі бағалауы екенін аңғарамыз. Сонымен қатар, осы сөздің түбінде шындық жатқанын да біз жақсы білеміз. Олай дейтінім, Оразгүл отырған ортада жұрттың бәрі тек қазақша сөйлейтінін көз көріп жүр. Тіпті, бұрын-соңды аузынан ана тілінде бір ауыз сөз естімеген, ана тілінде амандассаң, меңіреу адамдай мелшиіп қалатын адамдардың да Оразгүлге айтар ойын ана тілінде жеткізуге тырысып жатқанын көріп, таңданғанымды да жасырғым келмейді. Сонда бұл ненің құдыреті? Өз басым оның сырына әлі бойлай алмай жүрмін. Бәлкім, қасиетті ана тіліміз бен ынта-шынтасыз сол тілге қызмет істеп жүрген Оразгүл Асанғазының есімі бүгінгі қазақтың түсінік-танымында бір ұғымға айналып бара ма екен? Қалай болғанда да бұл – қуанарлық жайт. Мұндайда шіркін, арамызда Оразгүл тәрізді рухы биік, санасы сергек, күрескер азаматтар қатары көп болса, ана тіліміздің бағы баяғыда-ақ жанар еді-ау деген ойға келесің. Жұмагүл СОЛТИЕВА