• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Түркі алтыны ғылымдағы тамаша жаңалық болды

347 рет
көрсетілді

Белгілі тарихшы ғалым, археолог, профессор Амантай Исин Алаш бесігінде туып-өскен жан. Әкесі Иса Биназарұлы Жүсіпбек Аймауытовпен дос, үзеңгілес болыпты. Амантай аға Абыралы өңірі, Қайнар ауылының тумасы, бірнеше монографиялық еңбектің, жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Орта ғасырлық шығыс және орыс деректері негізінде Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасының тарихын зерттеді. Мәскеудегі көне деректер мұрағаты қорындағы қазақ тарихына қатысты мәтіндерді жарыққа шығарған. Жарық көрген кітаптарының қатарында «Әділ сұлтан» эпикалык жыры», «Шыңғыстау, Берел, Шілікті, Абыралы: 1999-2003 жж. археологиялық зерттеулер» және тағы басқа да құнды дүниелері бар. – Амантай аға, соңғы кез­дері қазақстандық археология үшін табысты жылдар басталғандай. Бірінен кейін бірі тізбектеле шығып, елді дүр сілкіндірген жаңалықтар легі ашылуда. Бұл іске сіз қашан­нан бері қатысып келе жатырсыз? – Қаламыздағы жоғары білімнің қара шаңырағы Семей педагогикалық институтында археологиялық зерттеулердің жақсы дәстүрі бар. 70-жылдары бізге де сабақ берген Л.Чалая, ал 80-жылдары кіші әріптесім Л.Ермоленко зерттеулер жүргізді. Түркі кезеңімен шұғылданған Л.Ермоленко Кемерово қаласына қоныс аударып кеткен соң, институтта археология пәнінен дәріс беру тарихты ортағасырлық жазба деректер арқылы зерттеп жүрген маған жүктелді. Тәуелсіздіктен кейінгі бірнеше жылдар оңай болған жоқ. 90-жылдардағы экономикалық дағдарыс ғылымға да зардабын тигізді. Қаржыландыруды талап ететін жоспарлы көп істер тоқтап қалды. Археологиялық экспедициялар ауқымды бүкіл елімізде тарыла түскен. Аз жылдан соң еліміздегі тұрмыс-тіршілік те оңала берді. Далалық зерттеулерге қатысуға деген тілек өсті. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірге Шыңғыстау экпедициясы ұйымдастырылып, Сарыкөл маңындағы қазба жұмыстар елу жылдан соң жалғасын тапты. Этнограф және археолог Әбдеш Төлеубаевпен бірлескен зерттеулер сол жылы басталды. Жаз айларым археология істерімен өтеді. Менімен бірге Ерлан Сайлаубай да шығып тұрды. Тау-тасты армансыз аралап, өткен замандардың іздерін іздедік. – Шыңғыстау алтыны сол жылы табылды ма? – Жоқ, 2002 жылы тағы да ҚазҰУ профессоры Әб­деш Төлеубаевпен бірге Шың­ғыс­таудың қола ғасырын зерттедік. Түркі заманының ескерткіштері де тіркелді, алғашқысы сол 1999 жылдың өзінде қазылған болатын. Сол жылдардағы даладағы тірлік туралы түрлі басылым беттерінде кеңінен хабардар қылғанмын. Басты мақсат – жастардың өз тарихына деген қызығушылығын ояту болатын. 2003 жылы Шыңғыстау экспедициясы өз жемісін берді. Студенттерімізбен бірге Се­мей қаласы туралы фильм түсірушілерге ескерткіштерді көрсету үшін 30 мамыр күні жолға шыққанбыз. Екі күнде көп ескерткіштерді көрсетіп үлгердік. Дәл қайтар алдында біздің жасақ кездейсоқ табысқа қол жеткізді. Сарыкөл қасындағы түркілік ескерткіштен жерлеу-жәдігер түсіру заттар кешеніне тап болдық. Жиыны 60 шақты толықтай және сынықтарымен жеткен алтын, күміс, қола, темір заттар ішінде, ең таңғаларлығы, археологияда бірегей саналатын Алтын құман табылды. Алтын құман шыққанда мен ақжарылқап қуанышпен толассыз айғайлап, құт сапарға себепкер болған серіктеріме алғыс сөздерімді жаудыра беріппін. Кейін жасалған фильмінде осы эпизод бар. Батпаққа батқан ма­шинаны да итеріп шығарған, су жалдап, тас көтерген, екі күн ұйқы көрмеген ұлдар абдырап үнсіз тұрып қалыпты. Алматыда бейнежазбаны көрген Археология институтының мамандары «Студенттер неге құ­лықсыз тұр?» деп сұрақ қойды. Жастардың екі күн ұйқы көрмей шаршап-шалдыққанын, су жалдап, беті-қолымызды қан-жоса қылып маса талағанын түсіндіріп жауап хат жаздым. Құман Түркі алтыны еді. Несін айтасың, бұл түркі дүниесіне байланысты ғы­­лым­дағы тамаша жаңалық болды. – Шіліктідегі айтулы табыс ше? – Бір айдан соң студент­терімді ертіп, Зайсан ауданына аттандық. Шіліктіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ә.Төлеубаев басқарған экспедициясына қосылдық. Алтын адамы бар патша қорғанын қазу жұмыстарын сонда бастадық. Археология негізінен жастардың еншісінде, жерді қазу оңай шаруа еместігі белгілі. Көпшілігі Семейден аттанған 40-50 шақты жас. Қазбаны басқарып жүрген археолог Ғани Омаров, Ұлан Үмітқалиев сынды жігерлі жандардың табандылығымен биіктігі 8 метр обаны қазып шықтық. Қалың, үш қабатты топырақ үйінді астындағы таңғажайып тас қаптаулы, екі жер асты дәлізі бар бөренелі-тасты пирамида құрылысы ашылып, ішінде б.э.д. VII ғасырдың ірілі-ұсақты 4 мың алтын заттары табылды. Оның 368-і сынамасы өте жоғары алтын, одан аңдық бейне-мәнерде кескінделіп, құйылып жасалған өнер туындылары болып шықты. – Былтыр ғана еліміздің шығысында отандық ғылым­да сенсациялық жаңа­лыққа баланған Сақ ханшайымы жер­ленген қорған табылды. Үр­жар­да жүргізілген қазба жұ­мыс­тары жайында оқыр­ман­да­рымызға айтып берсеңіз. – Әлбетте, әр жерді түртіп қалсаң тарих тіл қатады. Бірақ оны ғылыми түрде дәйектеу, дәлелдеу қажет. Қатпарлы тарих қойнауы оңайлықпен сыр ашпайды. Үржар өңірі де тамыры тереңде жатқан тарихи жер. Алтыншоқы деген жер атауының да тегін еместігіне көзіміз жетті. Алтыншоқы ауыл­дық округіне қарасты Лай­бұлақ және Жаңатілек ауылдарының ортасындағы бір оба 2011 жылдың күзінде жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде белгілі болған еді. Таскескен – Бақты тас жолын жөндеу жұмыстары кезінде тас үйіндісімен жабылған оба алғаш рет көзге түскен болатын. Бір жарым жыл өткен соң жол жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты Әлкей Марғұлан атындағы Археология және этнография инс­титуты аталған тас қорымға зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарына павлодарлық архео­лог Темір Смағұлов басшылық жасап, экспедицияның ғылы­ми қызметкерінің бірі болып тағайын­далған менімен бірге семейлік он үш студент қазба жұмыстарына бардық. Қазы­латын оба ерекше бір ескерткіш дейтіндей сыр берген емес. Қазып шыққанда астынан басы мен бір қолы шабылған адам каңқасы шықты. Зат жоқ: құл. Иесі кім екен? – Құл иесімен бірге жер­ленетін болғаны ғой. Қазба жұмыстарын әрі қарай жал­ғаст­ырдыңыздар? – Маңайында елеусіз бір тас­тар шоғыры жатты. Қаза келе шұңқырды жапқан үш тақта тас көрінгенде қобалжу мен қуаныш сезімдері араласты. Ауыр тас тақталар жол жөндеушілер кранымен көтеріліп алынғанда тас жәшік ішінде шошақ төбелі, алтынды бас киіммен, үлкен құрметпен жерленген адамның өз орнындағы сүйектері көрінді. Әрі кеткенде б.з.д. IV-III ғасыр­ларда өмір сүрген, әйел адам. Қаңқа сүйектерінде жасыл және көк түсті матаның қалдықтары салтанатты киімін елестетуге мүмкіндік береді. Шұңқыр ішінен қой сүйектері мен керамикалық және ағаш ыдыс­тар табылды. Сақталып жету дәрежесі жоғары. Әрине, ең басты құндылық, танымдық мағлұмат – шошақ келген алтын әшекейлі бас киім. Бұл бас киім өсімдік әліптес өрнектермен және зооморф­ты айшықтар – қиял-ғажайып жануарлардың суреттерімен әдіптелген. Ою-өрнектері мен пошымы қазақтың сәукелесі мен бөрігін еске түсіреді. Мұндай үлгідегі бас киімдер ежелгі заманда салтанаттарда киетін киімдер үлгісінде болған. Сондықтан, ол көсемнің қызы не зайыбы болуы да мүмкін. Осыған орай тілшілер қауымы археологиялық олжаны бірден «Үржар ханшайымы» атандырып жіберді. Ханшайымның тас жәшігінің сыртында басы шабылған тағы бір адамның қаңқасы табылды. Ол құрбандық шалу кезінде қожайынымен бірге ана дүниеге жіберілген құл немесе күң болса керек. Яғни, сол заманның қатал ғұрыптарының құрбаны. Осыған ұқсас археологиялық олжа осыдан 44 жыл бұрын Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған еді. Бір қызығы сол, «Алтын адамның» жерленген кезеңі де Үржар ханшайымының жерленген уақытымен шамалас. Қазіргі кезде «үржарлық ханшайым» реставратор Қырым Алтынбековтің қолында. Қаң­қаны антропологтар да зерттеу­де. Көп ұзамай олар оның жас мөлшерін де дәлірек анықтайтын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист СЕМЕЙ Суреттерде: Амантай Исин; Түр­кі алтыны – Алтын құ­ман Суреттерді түсірген автор