Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Владимир Мединскиймен кездесті. Кездесудің басында Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Ресейдің Мәдениет министріне халықтар арасындағы татулықты, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.
Кездесуде Мемлекеттік хатшы екі ел халқының сан ғасырлар бойы арқауы үзілмеген тарихи бауырластықты, достық пен тату көршілікті бекем ұстанып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Ресейдің Мәдениет министріне Кейкі батырдың сүйегін тарихи Отанына қайтару ісіне байланысты тығыз ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.
Бұған қоса, Г.Әбдіқалықова Ресей тарапының шақыруы бойынша қазақстандықтардың түрлі іс-шараларға белсене қатысып жүргенін айтты. Мәселен, былтыр «Астана Балет» театры «Звезды белых ночей» халықаралық фестивалінде ерекше өнер көрсетсе, «Астана Опера» театры Санкт-Петербургте Морис Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балетін қойған болатын.
Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа ерекше назар аударды. Олардың айтуынша, қалыптасқан тарихи байланыстар негізінде ортақ мәдени кеңістікті нығайтуға септігін тигізетін бұл маңызды құжат екі елдің рухани және мәдени жақындығын сақтауға ықпал етпек.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы екі елдің Мәдениет министрліктері арасында 2019 жылды Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар жылы деп жариялау мүмкіндігі қарастырылып отырған Мәдениет саласындағы 2017 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Г.Әбдіқалықова биыл Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетініне, оның аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бүкіл қазақстандық мәдениеттің кең ауқымды таныстырылымы болатынына тоқтала келе, жалпы ЭКСПО-2017 көрмесіне Ресейдің белсене атсалысатынына сенім білдірді.
Ал В.Мединский II дәрежелі «Достық» орденін табыс еткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. «Мен мұны Ресейдің мәдениет саласының барлық қызметкерлеріне көрсетілген құрмет деп есептеймін. Олар Қазақстанға, Астанаға айрықша ықылас-ниетпен барады. Себебі, бұл ел – біздің жақын көршіміз», деді Ресейдің Мәдениет министрі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»