Елбасы ұсынған конституциялық реформа мемлетекетіміздің дамуын және бүкіл Қазақстан халқының мүдделерін толықтай қамтамасыз етеді деп сенемін. Сонымен қатар, мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі биліктің үш тармағы, яғни сот, заң шығарушы және атқарушы биліктер арасындағы тепе-теңдік қалыптасады деп ойлаймын. Яғни бір-бірін тежеу және теңеу механизмі күшейтіледі. Үкімет пен Парламентке өкілеттіктер беріліп отыр, яғни Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі, сондай-ақ, Парламенттің халықтың алдындағы жауапкершілігі де жоғарылай түседі. Басқаша айтқанда, Үкімет халыққа жақынырық болады.
Тағы бір айта кететін мәселе, Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауында басты мәселе ретінде адами ресурстар аталып өткен болатын. Адами ресурстар еліміздің дамуына тікелей септігін тигізеді деп айтсақ болады. Мен үштілділік саясатын қолдаймын. Қазақстанда ағылшын тілін оқыту ісі қолға алынып жатыр. Әрбір Қазақстан азаматы ағылшын тілін толық меңгерген болса, оның халықаралық аренадағы бәсекелестікке деген қабілеттілігі де артады. Мысалы, мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Вашингтон қаласындағы Джордж Вашингтон университетінде магистратурада оқимын. Мамандығым – Project Management. Бұл сала елімізде айтарлықтай мықты дамымаған. Сол себепті, осы жақта алған білімім мен тәжірибемді еліміздің инновациялық-индустриялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсасам деп ойлаймын.
Бақдәулет ТҰРҒАРАЕВ, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты