[caption id="attachment_103442" align="aligncenter" width="560"] ????????????????????????????????????[/caption]
Бәзбіреулер барды айтуды көп көреді, жақсыны қызғанады, берекенің ынсабын ойламайды. Егер, отаншылдық пен елшілдіктің нақты бір қағидаты – дәстүр мен көшбасшыны ардақтау десек, біз қашанда осы қағидатқа адал болып қалуымыз қажет. Бұл – әлемдік парасат.
Мәселен, таяуда ғана жарияланған Елбасының конституциялық реформа туралы Үндеуі мен еліміздің Үшінші жаңғыруы туралы халыққа Жолдауындағы ой-тұжырымдар біздің Қазақстан үшін, болашақ үшін жауапкершілігімізді еселей түскендей болды. Біріншіден, елімізді неше түрлі сын-қатерлерден Елбасы ретінде абыроймен алып өткен Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттілік пен құзыреттілікті бөлу туралы келелі ойды халық талқысына салды. Екіншіден, бұл Үндеу мен Жолдау еліміздің халықаралық демократиялық құндылықтарға адал екенін тағы да бір дәлелдеді. Үшіншіден, аталған Үндеу мен Жолдауды – дәстүр мен жаңашылдықтың жаңашыл ізашары әрі орайлы жалғасы деп білеміз.
Халқымыз «Сабақты ине сәтімен» дейді. Әр бастаманың қисыны мен жүйесі болуы тиіс. Қуатты да күшті президенттік билік тиімді, тез, шұғыл басқару жүйесін құру үшін қажет болды. Елбасы тиімді мемлекеттік басқаруды жаңа соқпақтан бастап, салиқалы саясаты мен байыпты білігінің арқасында талай қиындықтан алып өтті. Мемлекет басшысының ел басқару тұжырымдамасы ұлттық тарихпен, дәстүрмен, мәдениетпен ұштасты. Көпэтносты, көп дінді Қазақстанның жан қалауын, тамыр соғысын, асыл арманын, баянды мүддесін таба білді. Халықтың көкейінен шыққан «Мәңгілік Ел» идеясы осылай туды. Қазақ елі, қазақ тілі мен мәдениеті – елдік пен тұтастықтың темірқазығы болып, ешкімді алаламады, ешбір жанды өзекке теппеді. Ұлы Даланың кеңдігі мен тереңдігі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жарқын, жасампаз белестеріне айналды.
Осындайда Батыс ойшылы Шарль де Монтескьенің мынандай тамаша сөзі ойға оралады: «Билікті теңдестіру, реттеу, сабасына түсіру, іске қосу, байыпты ету – шебер қайраткердің міндеті» деген. Президент Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылында осы қасиеттердің бәріне қол жеткізді. Мұны халық көрді, әлем білді. Ел – Елбасына тірек, Елбасы – елге қалқан. Бұл – бүгінгінің шындығы. Нұрсұлтан Назарбаев десе, Қазақстан, ал Қазақ елі десе, Нұрсұлтан Назарбаев ойға оралады, дейді әлем. Әлемнің шарайнасы: «Қазақстан – бақытты ел. Президенті пайымды, халқы қарымды, досы көп», – дейді. Десе дегендей-ақ! Ел тарихын тұлғалар жасайды. Тұлға – елдің тұғыры, тұлға – елдің тұтқасы. Демек, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – осындай тұлға.
Жалпы, Елбасының конституциялық реформаға өзгерістер енгізуге қатысты халыққа Үндеуі – еліміздегі маңызды оқиға. Егер, өткенді көз алдымызға келтірсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізге ең алдымен, өз мемлекетімізді, өз институттарымызды құруымыз керек болды. Алдымызда әлемдік қоғамдастықтың, БҰҰ-ның, өзге де халықаралық ұйымдардың құрамына кіру міндеті тұрды. Сол арқылы Орталық Азияда орналасқан, өзіндік салт-дәстүрі мен заңдары бар осындай мемлекет бар екендігін баршаға танытуымыз керек болды. Ал бұл мақсат-міндетке қол жеткізу үшін сол кезде жол бастайтын мығым қол, мықты билік қажет еді. Мемлекетті құру үшін сөзсіз, мықты билік керек. Әрине, ол кезде сыртқы саясаттан бөлек, ішкі саясатты, экономиканы жүргізудің, барлық әлеуметтік мәселені шешудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етті.
Бұл оңай еңсерілетін міндет емес еді. Себебі, ол кезде нарықтық экономикасы бар жаңа мемлекетті құру төңірегіндегі тәжірибеміз аз болатын. Сол себепті, біз өзіміздің даму жолымызды айқындап, оны «дамудың қазақстандық жолы» деп атадық. Осы арқылы еркін, тәуелсіз, демократиялық, зайырлы мемлекет құруды мақсат тұттық. Бұл орайда, президенттік басқарудың арнайы моделі – «Назарбаев моделі» қабылданды. Алайда, ол кезде Батыс сарапшылары, саясаткерлері біздегі мемлекеттік басқару авторитарлық режімге негізделгенін, барлық мәселені бір адам ғана шешіп, бәріне Президент қана жауап беретінін, ал Үкімет пен Парламентке аз функция берілгенін алға тартып, бізді сынады. Сол кезде біз: «Демократия бірден қалыптаса қоймайды. Оған уақыт керек. Ал сіздер ше? Сіздер демократияны 200-300 жылға жуық уақыт бойы қалыптастырып келесіздер. Соған қарамастан, ол демократияны әлі де түбегейлі түрде құрып үлгерген жоқсыздар. Демократияны біртіндеп, әрбір қадамды нық баса жүріп, қалыптастыру керек. Уақыт келеді. Сол кезде мемлекетімізді демократиялы түрде басқаруға қарай қадам басатын боламыз», – деп жауап берген едік.
Міне, біз айтқан уақыт та келді. Елбасы өз Үндеуінде: «Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын»,– деді. Мемлекет басшысы осы арқылы қоғамның қажеттілігін өтейтін басқару формасын қалыптастыру керектігін айтып отыр. Батыс елдерінде билік өз өкілеттілігін дәл бұлай табыстай салмайды. Президенттер, керісінше, билікті, өз өкілеттіктерін мығым түрде қолдарында ұстап отырады. Ал біздің Президент өз еркімен және бастамасымен 40-қа жуық өкілеттігін билік тармақтарына бөліп бермекші. Елбасы осындай шешімді жариялау арқылы жоғары өкілетті және заң шығарушы орган ретінде Парламенттің, мемлекеттің дұрыс қалыптасуына және оның азаматтарының жақсы тұрмыс кешуіне жауап беретін орган ретінде Үкіметтің қызметтеріне үлкен мүмкіндік бергісі келетінін байқатты.
Президенттің бұл бастамасын бүкіл Батыс қолдап отыр. Германияның, АҚШ-тың, Францияның, Ұлыбританияның саясаткерлері аталған бастаманы, Қазақстан Президентінің қадамын қолдап-қуаттайтынын білдіруде. Әрине, Уинстон Черчилльдің сөзімен айтсақ, «Демократия – бұл басқарудың нашар формасы. Бірақ, адамзат қоғамды басқарудың басқа, баламалы формасын тапқан жоқ». Алайда, әлемнің көптеген елінде мемлекетті басқарудың дәл осындай стилі бар және ол қалыптасқан. Ол жетілдіріліп, тарихи-эволюциялық тұрғыдан алғанда, жанданып, жаңғырып келеді. Американың бұрынғы президенті Линкольн өз кезеңінде: «Мен құл, құл иеленуші болғым келмейді. Менің демократия туралы түсінігім, міне, осындай», – деген еді. Әрине, демократия басқарылуы тиіс. Егер, демократия заңға бағынбайтын болса, онда ол демократия болмайды. Бұл – хаосқа, хаостық қоғамның дамуына алып келмек. Ал қоғам демократиялық басқару кезеңінде заңмен басқарылып, сол заңның алдында барлығы бірдей болуы тиіс. Президент, міне, осындай мақсат-міндетті қойып отыр.
Жалпы алғанда, осы 25 жылдың ішінде біздің елімізде, қоғамымызда демократия дамыды. Партиялар пайда болды. Қоғамның, халықтың арасынан шыққан 3 партия Парламентте отыр. Егер, Президент өз өкілеттігін билік тармақтарына бөліп берсе, әлі де көптеген партияның саяси аренаға шығары анық. Ондай кезде түрлі партиялардың Парламенттегі, Үкімет мүшелерін айқындаудағы күші анағұрлым орасан болары сөзсіз.
Бүгінге дейін басқарушылықтың вертикальді басқару стилі кезінде барлық мәселенің шешімі Президентке келіп тірелетін еді. Ол өндіріске, ауыл шаруашылығына, бағдарламалардың орындалуына, әлеуметтік мәселелерге, Үкімет мүшелерін тағайындауға, сайлауларға – парламенттік сайлау, әкімдер сайлауы, олардың тағайындалуына тікелей өзі жауап беретін еді. Енді Үкімет өзінің бағдарламасына, бюджетке, бюджеттік жоспардың орындалуына, ал әрбір министрлік өз министрлігіне, әр министр өзіне жүктелген міндеттің орындалуына жауап беруі керек.
Парламентке келсек, бұрын ол тек заң шығарумен ғана айналысатын еді. Ал негізінде, Парламент өзі шығаратын заңдардың дұрыс орындалуын қадағалап, соған жауап беруі тиіс. Бұл – бақылаудың маңызды элементі. Екіншіден, Парламент Үкіметтен, Премьер-Министрден, министрлерден өзі жыл сайын бекітетін жоспардың орындалу-орындалмауына, түрлі заң бұзушылыққа қатысты есепті сұрауы керек. Егер, қандай да бір министр өз жұмысын дұрыс атқара алмаса, оны қызметінен босату туралы мәселені Үкіметтің алдына нақты түрде қоюы керек. Парламентті халық сайлайды. Демек, Парламент өз қызметіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Бізде түйткілді мәселелер аз ба? Мәселен, ауыз судың зардабын тартып отырған ауылдар, ауылдық округтер бар. Мәселен, ауыз судың жеткіліксіздігін Ақтау, Атырау аймақтары көріп отыр. Семей аймағы, оның кейбір аудандары да ауыз судың тапшылығын бастан кешуде. Сондықтан, Парламент Үкіметпен, қала, аудан, ауыл әкімдерімен бірлесіп, міне, осындай өмірлік маңызы бар мәселелердің күрмеуін шешуі тиіс. Сол кезде ғана президенттік-парламенттік басқару жүйесі тиімді болмақ.
Әрине, қоғамда егер, аталған тетіктер жүзеге асса, Парламент пен Үкімет өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін көтере ала ма деген сауал туындауы мүмкін. Бұған қатысты мынаны айтар едім. Жалпы, конституциялық өзгерістерді бәрібір де жүзеге асыру керек. Үкімет, Парламент мұндай өзгерістерге дәл қазір дайын болмаулары мүмкін. Бірақ, бәрін уақыт көрсетеді. Себебі, 25 жылдың ішінде біздің еліміздің менталитеті өзгеріп, өсті. Біз анағұрлым білімді, білікті, мәдениетті бола түстік. Сондықтан, Елбасы Парламент пен Үкіметке өз өкілеттігінің біраз бөлігін беру туралы дұрыс шешім қабылдап отыр деп есептеймін.
Бұл ретте, Президент ұстанымының батылдығын, мемлекеттік билік органдарына деген сенімін айрықша атап өту керек. Бұл сенім бізде орын алып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік үдерістерге жауап қатып, үн қоса алатын және түрлі талқылаулар мен шешім қабылдауларға, сондай-ақ, олардың жүзеге асырылуына қатыса алатын кемелденген, білікті азаматтық қоғамның қалыптасып үлгергенімен де байланысты.
Сонымен, таяу болашақта билік өкілеттігін бөлу жөнінде реформа жүреді. Ол, әрине, демократиялық құндылықтарға сай, халық талқысынан, сарабынан өтеді. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында қаншама құнды пікірлер айтылып, жазылып жатыр. Соның бірсыпырасы – билік тетіктерін реттейтін құрылым туралы. Біздіңше, ондай әрі дәнекер, әрі жауапты, әрі тиімді құрылым – Мемлекеттік кеңес болуы тиіс. Сондықтан, бұл ретте, Мемлекеттік кеңес немесе Ұлттық кеңес органын құрудың қажеттілігі туындайды. Ол ақсақалдар мен түрлі әлеуметтік топтардың сыйлы да қадірлі өкілдерінен тұру арқылы азаматтық қоғамның мүддесін танытуы тиіс. Бұл қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылап, халықтың ой-пікіріне құлақ асуға мүмкіндік берер еді.
Егер өз тарихымызға қарасақ, арғы заманнан бері қағанның да, ханның да кеңесі болған. Халық айтатын «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген мәтелдің тарихы тереңде жатыр. Әлем тарихына қарасақ, «мемлекеттік кеңес» ұғымымен бір ел президенті басқаратын биік басқару органын, ал екінші ел парламентін атайды. Бірақ, қалай болғанда да, осы ұғымнан билікке деген жауапкершілік, бақылау, сенім аңғарылады. Қазақстандағы жаңа саяси реформа тиімділігін, яғни билік тармақтарының үйлесімділігін реттейтін құрылымды Мемлекеттік кеңес абыроймен атқара алады деп сенеміз. Әрине, оның төрағасы елі сенген Елбасы болуы тиіс. Оған билік өкілеттігін бөліп беріп, оның мәртебесін Конституцияда бекіту қажет. Президент конституциялық құрылыстың кепілі және жоғары арбитр-төрешісі ретінде мемлекеттік билік тармақтарынан жоғары тұруы тиіс. Міне, сонда тепе-теңдік те, қоғамның саяси жүйесінің үйлесімі де жүзеге асады. Ендеше, біздің ойымызша, Конституцияға енгізілетін өзгеріс барысында билік тармақтары тепе-теңдігіне жауапты Елбасы ұғымына, мәртебесіне екпін жасалынса, ол саяси тұрақтылықтың салмағын арттырмақ. Ұлт дәстүрінде және көпэтносты Қазақстан халқының бүгінгі танымында Елбасы ұғымы қалыптасқан Президент ұғымынан әлдеқайда биік және тегеурінді. Сондай-ақ, қалың жұртшылық бұл ұғымнан елге жауапкершілік пен елдікті сақтау мен қорғаудың қалқанын, қамалын, қуатын көреді, сезінеді, түйсінеді. Үндістанда Махатма Ганди, Қытайда Сунь Ятсен, Түркияда Мұстафа Ататүрік құбылысының Қазақстандағы шуағын, жалғасын халық Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланыстырады. Бұл – тарих пен тағдыр жауабын берген айтулы таңдау.
Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі