• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Мақсат – басқарудың тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру

382 рет
көрсетілді

[caption id="attachment_103442" align="aligncenter" width="560"] ????????????????????????????????????[/caption] Бәзбіреулер барды айтуды көп кө­реді, жақсыны қызғанады, бере­­ке­нің ынсабын ойламайды. Егер, отаншылдық пен елшілдіктің нақ­ты бір қағидаты – дәстүр мен көшбас­шыны ардақтау десек, біз қашанда осы қағидатқа адал болып қалуымыз қажет. Бұл – әлемдік парасат. Мәселен, таяуда ғана жария­лан­ған Елбасының конституциялық реформа туралы Үндеуі мен елі­міздің Үшінші жаңғыруы туралы халыққа Жолдауындағы ой-тұжы­рымдар біздің Қазақстан үшін, болашақ үшін жауапкершілігімізді еселей түскендей болды. Біріншіден, елімізді неше түрлі сын-қатерлерден Елбасы ретінде абыроймен алып өткен Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттілік пен құзыреттілікті бөлу туралы келелі ойды халық талқысына сал­ды. Екіншіден, бұл Үндеу мен Жол­дау еліміздің халықаралық демо­­кратиялық құндылықтарға адал екенін тағы да бір дәлелдеді. Үшін­шіден, аталған Үндеу мен Жолдауды – дәстүр мен жаңа­шыл­дықтың жаңашыл ізашары әрі орайлы жалғасы деп білеміз. Халқымыз «Сабақты ине сәті­мен» дейді. Әр бастаманың қисы­ны мен жүйесі болуы тиіс. Қуат­ты да күшті президенттік билік тиімді, тез, шұғыл басқару жүйесін құру үшін қажет болды. Елбасы тиімді мемлекеттік басқаруды жаңа соқпақтан бастап, салиқалы саясаты мен байыпты білігінің арқасында талай қиындықтан алып өтті. Мемлекет басшысының ел басқару тұжырымдамасы ұлттық тарихпен, дәстүрмен, мәдениетпен ұштасты. Көпэтносты, көп дінді Қазақстанның жан қалауын, тамыр соғысын, асыл арманын, баянды мүддесін таба білді. Халықтың көкейінен шыққан «Мәңгілік Ел» идеясы осылай туды. Қазақ елі, қазақ тілі мен мәдениеті – елдік пен тұтастықтың темірқазығы болып, ешкімді алаламады, ешбір жанды өзекке теппеді. Ұлы Даланың кеңдігі мен тереңдігі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жарқын, жасампаз белестеріне айналды. Осындайда Батыс ойшылы Шарль де Монтескьенің мынан­дай тамаша сөзі ойға оралады: «Би­лік­ті теңдестіру, реттеу, сабасына түсіру, іске қосу, байыпты ету – шебер қайраткердің міндеті» деген. Президент Н.Назарбаев Тәуел­­сіздіктің 25 жылында осы қасиет­тердің бәріне қол жеткізді. Мұны халық көрді, әлем білді. Ел – Елбасына тірек, Елбасы – ел­ге қалқан. Бұл – бүгінгінің шын­дығы. Нұрсұлтан Назарбаев десе, Қазақ­стан, ал Қазақ елі десе, Нұрсұлтан Назарбаев ойға оралады, дейді әлем. Әлемнің шарайнасы: «Қазақстан – бақытты ел. Президенті пайымды, халқы қарымды, досы көп», – дейді. Десе дегендей-ақ! Ел тарихын тұлға­лар жасайды. Тұлға – елдің тұғы­ры, тұлға – елдің тұтқасы. Демек, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – осындай тұлға. Жалпы, Елбасының конс­титу­циялық реформаға өзгерістер енгізу­ге қатысты халыққа Үндеуі – елі­міз­дегі маңызды оқиға. Егер, өткен­ді көз алдымызға келтірсек, тәуелсіз­діктің алғашқы жылдары бізге ең алдымен, өз мемлекетімізді, өз инс­ти­туттарымызды құруымыз керек болды. Алдымызда әлемдік қоғам­дас­тықтың, БҰҰ-ның, өзге де халық­аралық ұйымдардың құрамына кіру міндеті тұрды. Сол арқылы Орталық Азияда орналасқан, өзіндік салт-дәстүрі мен заңдары бар осындай мемлекет бар екендігін баршаға танытуымыз керек болды. Ал бұл мақсат-міндетке қол жеткізу үшін сол кезде жол бастайтын мығым қол, мықты билік қажет еді. Мем­лекетті құру үшін сөзсіз, мықты билік керек. Әрине, ол кезде сыртқы саясаттан бөлек, ішкі саясатты, экономиканы жүргізудің, барлық әлеуметтік мәселені шешудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етті. Бұл оңай еңсерілетін міндет емес еді. Себебі, ол кезде нарықтық экономикасы бар жаңа мемлекетті құру төңірегіндегі тәжірибеміз аз болатын. Сол себепті, біз өзіміздің даму жолымызды айқындап, оны «дамудың қазақстандық жолы» деп атадық. Осы арқылы еркін, тәуелсіз, демократиялық, зайырлы мемлекет құруды мақсат тұттық. Бұл орайда, президенттік басқарудың арнайы моделі – «Назарбаев моделі» қабыл­­данды. Алайда, ол кезде Батыс сарапшылары, саясат­кер­лері біз­дегі мемлекеттік бас­қару авто­ри­тар­лық режімге негіз­делгенін, бар­лық мәселені бір адам ғана ше­шіп, бәріне Президент қана жауап беретінін, ал Үкімет пен Парламентке аз функция берілгенін алға тартып, бізді сынады. Сол кезде біз: «Демократия бірден қалыптаса қоймайды. Оған уақыт керек. Ал сіздер ше? Сіздер демократияны 200-300 жылға жуық уақыт бойы қалыптастырып келесіздер. Соған қарамастан, ол демократияны әлі де түбегейлі түрде құрып үлгерген жоқсыздар. Демократияны біртін­деп, әрбір қадамды нық баса жү­ріп, қалыптастыру керек. Уақыт кел­еді. Сол кезде мемлекетімізді демо­кра­тиялы түрде басқаруға қарай қадам басатын боламыз», – деп жауап берген едік. Міне, біз айтқан уақыт та келді. Елбасы өз Үндеуінде: «Мен Прези­дент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың не­ғұр­лым тиімді, орнықты, зама­науи жүйесін құру үшін жасап отырмын»,– деді. Мемлекет бас­шы­сы осы арқылы қоғамның қажет­тілігін өтейтін басқару формасын қалыптастыру керектігін айтып отыр. Батыс ел­дерінде билік өз өкілеттілігін дәл бұлай табыстай салмайды. Президенттер, керісінше, билікті, өз өкілеттіктерін мығым түрде қол­дарында ұстап отырады. Ал біздің Президент өз еркімен және бастамасымен 40-қа жуық өкі­лет­­тігін билік тармақтарына бөліп бермекші. Елбасы осындай шешім­ді жариялау арқылы жоғары өкі­летті және заң шығарушы орган ретін­де Парламенттің, мемлекеттің дұрыс қалыптасуына және оның аза­мат­тарының жақсы тұрмыс кешуіне жауап беретін орган ретін­де Үкіметтің қызметтеріне үлкен мүм­кіндік бергісі келетінін байқатты. Президенттің бұл бастамасын бүкіл Батыс қолдап отыр. Герма­нияның, АҚШ-тың, Франция­ның, Ұлыбританияның саясаткерлері аталған бастаманы, Қазақстан Пре­зидентінің қадамын қолдап-қуаттайтынын білдіруде. Әрине, Уинстон Черчилльдің сөзімен айт­сақ, «Демократия – бұл басқару­дың нашар формасы. Бірақ, адамзат қоғамды басқарудың басқа, бала­малы формасын тапқан жоқ». Алай­да, әлемнің көптеген елінде мем­ле­кет­ті басқарудың дәл осындай стилі бар және ол қалыптасқан. Ол жетілдіріліп, тарихи-эволюциялық тұрғыдан алғанда, жанданып, жаң­ғы­рып келеді. Американың бұрын­ғы президенті Линкольн өз кезе­ңін­де: «Мен құл, құл иеленуші бол­ғым келмейді. Менің демократия тура­лы түсінігім, міне, осындай», – деген еді. Әрине, демократия бас­қарылуы тиіс. Егер, демократия заңға бағ­ын­байтын болса, онда ол демо­­­кратия болмайды. Бұл – хаос­қа, хаос­тық қоғамның дамуы­на алып кел­мек. Ал қоғам демо­кра­тия­­­лық басқару кезеңінде заң­мен бас­­қа­ры­лып, сол заңның алдында бар­­лы­ғы бірдей болуы тиіс. Прези­дент, міне, осындай мақсат-міндетті қойып отыр. Жалпы алғанда, осы 25 жыл­дың ішінде біздің елімізде, қоғамы­мызда демократия дамыды. Партия­лар пайда болды. Қоғамның, ха­лық­тың арасынан шыққан 3 пар­тия Парламентте отыр. Егер, Пре­зи­дент өз өкілеттігін билік тар­мақ­тарына бөліп берсе, әлі де көп­теген партияның саяси аренаға шығары анық. Ондай кезде түрлі партия­лардың Парламенттегі, Үкімет мү­ше­лерін айқындаудағы күші ана­ғұрлым орасан болары сөзсіз. Бүгінге дейін басқарушылықтың вертикальді басқару стилі кезінде барлық мәселенің шешімі Прези­дентке келіп тірелетін еді. Ол өндіріске, ауыл шаруашылығына, бағдарламалардың орындалуына, әлеуметтік мәселелерге, Үкімет мүше­лерін тағайындауға, сайлау­ларға – парламенттік сайлау, әкімдер сайлауы, олардың тағайындалуына тікелей өзі жауап беретін еді. Енді Үкімет өзінің бағдарламасына, бюд­жетке, бюджеттік жоспардың орындалуына, ал әрбір министрлік өз министрлігіне, әр министр өзіне жүктелген міндеттің орындалуына жауап беруі керек. Парламентке келсек, бұрын ол тек заң шығарумен ғана айналысатын еді. Ал негізінде, Парламент өзі шы­ға­ратын заңдардың дұрыс орын­далуын қадағалап, соған жауап беруі тиіс. Бұл – бақылаудың ма­ңыз­ды элементі. Екіншіден, Пар­ла­мент Үкіметтен, Премьер-Ми­нистр­ден, министрлерден өзі жыл сайын бекітетін жоспардың орындалу-орындалмауына, түрлі заң бұзушылыққа қатысты есепті сұрауы керек. Егер, қандай да бір министр өз жұмысын дұрыс атқара алмаса, оны қызметінен бо­сату туралы мәселені Үкіметтің ал­ды­на нақты түрде қоюы керек. Пар­ламентті халық сайлайды. Демек, Парламент өз қызметіне жауап­кершілікпен қарағаны жөн. Бізде түйткілді мәселелер аз ба? Мәселен, ауыз судың зардабын тартып отырған ауылдар, ауылдық округтер бар. Мәселен, ауыз судың жеткіліксіздігін Ақтау, Атырау аймақтары көріп отыр. Семей аймағы, оның кейбір аудандары да ауыз судың тапшылығын бастан кешуде. Сондықтан, Парламент Үкі­метпен, қала, аудан, ауыл әкім­дерімен бірлесіп, міне, осындай өмірлік маңызы бар мәселелердің күрмеуін шешуі тиіс. Сол кезде ғана президенттік-парламенттік басқару жүйесі тиімді болмақ. Әрине, қоғамда егер, аталған тетіктер жүзеге асса, Парламент пен Үкімет өздеріне жүктелген жауап­кершілік жүгін көтере ала ма деген сауал туындауы мүмкін. Бұ­ған қатысты мынаны айтар едім. Жалпы, конституциялық өзгеріс­терді бәрібір де жүзеге асыру керек. Үкімет, Парламент мұн­дай өз­герістерге дәл қазір дайын болмау­лары мүмкін. Бірақ, бәрін уақыт көрсетеді. Себебі, 25 жылдың ішінде біздің еліміздің менталитеті өзгеріп, өсті. Біз анағұрлым білімді, білікті, мәдениетті бола түстік. Сондықтан, Елбасы Парламент пен Үкіметке өз өкілеттігінің біраз бөлігін беру туралы дұрыс шешім қабылдап отыр деп есептеймін. Бұл ретте, Президент ұстаны­мы­ның батылдығын, мемлекеттік билік органдарына деген сенімін айрықша атап өту керек. Бұл сенім бізде орын алып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік үдерістерге жауап қатып, үн қоса алатын және түрлі талқылаулар мен шешім қабылдауларға, сондай-ақ, олардың жүзеге асырылуына қатыса алатын кемелденген, білікті азаматтық қоғамның қалыптасып үлгергенімен де байланысты. Сонымен, таяу болашақта билік өкілеттігін бөлу жөнінде рефор­ма жүреді. Ол, әрине, демокра­­тия­лық құндылықтарға сай, халық талқысынан, сарабынан өтеді. Бүгін­де бұқаралық ақпарат құрал­дарын­да қаншама құнды пікірлер айтылып, жазылып жатыр. Соның бірсыпырасы – билік тетіктерін рет­тейтін құрылым туралы. Біздің­ше, ондай әрі дәнекер, әрі жауапты, әрі тиімді құрылым – Мемлекеттік кеңес болуы тиіс. Сондықтан, бұл ретте, Мемлекеттік кеңес немесе Ұлттық кеңес органын құрудың қажеттілігі туындайды. Ол ақсақалдар мен түрлі әлеуметтік топтардың сыйлы да қадірлі өкілдерінен тұру арқылы азаматтық қоғамның мүддесін танытуы тиіс. Бұл қоғамдық маңы­зы бар мәселелерді талқылап, ха­лық­тың ой-пікіріне құлақ асуға мүм­кіндік берер еді. Егер өз тарихымызға қарасақ, арғы заманнан бері қағанның да, ханның да кеңесі болған. Халық айтатын «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген мәтел­дің тарихы тереңде жатыр. Әлем тарихына қарасақ, «мемлекеттік кеңес» ұғымымен бір ел президенті басқаратын биік басқару органын, ал екінші ел парламентін атай­ды. Бірақ, қалай болғанда да, осы ұғым­нан билікке деген жауап­кершілік, бақылау, сенім аңғарылады. Қазақ­стандағы жаңа саяси рефор­ма тиім­ділігін, яғни билік тармақ­тары­­ның үйлесімділігін реттейтін құры­лым­ды Мемлекеттік кеңес абырой­мен атқара алады деп сенеміз. Әрине, оның төрағасы елі сенген Елба­сы болуы тиіс. Оған билік өкілет­тігін бөліп беріп, оның мәртебе­сін Конституцияда бекіту қажет. Президент конституциялық құры­лыстың кепілі және жоғары арбитр-төрешісі ретінде мемлекет­тік билік тармақтарынан жоғары тұруы тиіс. Міне, сонда тепе-тең­дік те, қоғамның саяси жүйесінің үйлесімі де жүзеге асады. Ендеше, біздің ойымызша, Конституцияға енгізілетін өзгеріс барысында билік тар­мақтары тепе-теңдігіне жауап­ты Елбасы ұғымына, мәрте­бесіне екпін жасалынса, ол саяси тұрақ­тылықтың салмағын арт­тыр­мақ. Ұлт дәстүрінде және көпэтнос­ты Қазақстан халқының бүгін­гі танымында Елбасы ұғымы қалып­тасқан Президент ұғымы­нан әлдеқайда биік және тегеурін­ді. Сондай-ақ, қалың жұртшы­лық бұл ұғымнан елге жауапкерші­лік пен елдікті сақтау мен қорғау­­дың қалқанын, қамалын, қуатын көре­ді, сезінеді, түйсінеді. Үндістанда Махатма Ганди, Қытайда Сунь Ятсен, Түркияда Мұстафа Ататүрік құбы­лысының Қазақстандағы шуағын, жалғасын халық Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланыс­тыра­ды. Бұл – тарих пен тағдыр жауа­бын берген айтулы таңдау. Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі