• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Soyle.kz порталының мобильдік нұсқасы таныстырылды

308 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Soyle.kz» порталының IOS платформасындағы мобильдік қосымшасы мен патриоттық тақырыптарға арналған басқа да қосымшалардың тұсаукесерін өткізді. Оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов пен Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев қатысты. Мобильді қосымшалар қазақ тілін үйренуді көпшілікке қолжетімді ету, қазақ халқының рухани, әдеби және мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттау, жастар арасында IT-білімдерін қалыптасыру және өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу  мақсатында жасалған. "Жаңа отандық ІТ-өнімдер Елбасының «Қазақстан халқына Жолдауындағы мемлекеттік тілді әрі қарай дамыту және жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеудегі қойылған міндеттерді іске асыру үшін жасалған. Осы Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет ІТ саласын дамыту, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек деп Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Әсіресе, Жолдаудағы Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту – деп аталатын бөлігінде білім беру жүйесінің рөлі өзгеріп, IT-білімді қалыптастыруға,  ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін айтты", – деді Азат Шауеев. Ал Сұлтан Айтжанов жиында былтыр Мемлекет басшының тілге қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін қорға берген қаржысына «Abaialemi.kz» онлайн-энциклопедиясы мен «Tattialma.kz» балалар әдеби сайтының мобильді қосымшалары, «Менің Қазақстаным», «Қазақстанның ұлы тұлғалары», «Қазақстанның мерекелері» мен «Кім білгіш?» атты тұңғыш отандық интелектуалды ойынының қосымшалары ашылғанын айтты. Сонымен бірге ол қордың 2008 жылдан бері ана тіліміздің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында нақты іс-шараларды қолға алып, жүздеген қоғамдық жобаларды іске асырғанын, соның ішінде елімізде тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режімінде тегін үйрететін «Soyle.kz» интернет-порталы, балаларды мектепке даярлауға және жан-жақты дамытуға арналған «bala.soyle.kz» онлайн сайты мен сөздерді жаттатуға арналған тақырыптық сөздік sozdik.soyle.kz сайтының ашылғанын тілге тиек етті. Бұдан кейін Сұлтан Айтжанов Soyle.kz порталының жаңартылған және жаңа бөлімдермен толықтырылған нұсқасымен таныстырды. Сайттың дизайны технологиялық тұрғыдан бүгінгі заман талаптарына сай өзгертілген. «Sozdik.soyle.kz», «Сайттар каталогы», «Мақал-мәтелдер», «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Бүгінгі күннің сөзі», «Іс-шаралар афишасы» секілді жаңа бөлімдер жасалған. Мысалы, «Кітапхана» бөлімінде «кітапты жүктеу» функциясы пайдаланушыларға өз кітаптарымен бөлісуге мүмкіндік береді. Латын қарпіне көшу фунциясы енгізілген. Ағылшын тілді пайдаланушылар үшін порталдың ағылшынша нұсқасын жасау қолға алынды. Оның айтуынша, 2016 жылдың қыркүйегінен Soyle.kz әдістемесі бойынша қазақ тілін Skype арқылы оқыту басталды. Бүгінгі таңда Skype арқылы Қазақстан мен шет елдерден 200-ден астам адам тегін қазақ тілін үйреніп жатыр. Soyle.kz – 2013 жылдың желтоқсанында ашылған қазақ тілін тегін үйрететін тұңғыш онлайн портал. Ашылғалы бері Қазақстан мен шет елдерден 1,5 млн.-нан астам  адам портал қызметін пайдаланса, тіркеліп оқып жатқандардың саны 50 мыңнан асты. «Soyle.kz» порталының әлеуметтік желілері арқылы 20 мыңнан астам адам  қазақ тілін үйреніп жатыр. Android  және iOS платформаларындағы «Soyle» қосымшасын 30 мыңнан астам адам жүктеп алса, «bala.soyle.kz» балалар сайтын күнделікті 1,5 мыңнан астам жас жеткіншектер пайдалануда. "Ал жаңа айтқан ұлы Абайдың 170 жылдығына орай ашылған «Abaialemi.kz» тұңғыш энциклопедиялық онлайн порталы, «Tattialma.kz» танымдық балалар әдебиеті сайты, «Кім Білгіш» атты тұңғыш интеллектуалды мобильді ойыны, «Менің Қазақстаным», «Великие люди Казахстана», «Праздники Казахстана» сияқты мобильді қосымшаларының іске қосылуы Қордың шынайы қажеттілікке сәйкес жоспарлы да жүйелі жұмыс істейтінін көрсетіп, жұртшылық тарапынан жылы қабылданып отыр. Келесі жылы «Soyle.kz» порталы бойынша тілді тереңдеп үйретуді жалғастырып, көпшіліктің сұрауы бойынша осы сайттың ағылшынша нұсқасын жасауды жоспарлап отырмыз. Іс қағаздарын қазақша жазып, қазақша толтыруға, сауатты әзірлеуге ықпал ету, көмек көрсету мақсатында «Құжат тілі» (Quzhat.kz) сайтын ашуды жоспарлап отырмыз. Жұмысты бастап та кеттік", – деді ол. Осы жерде ол ресми іс-қағаздарды жүргізуді онлайн үйрететін тұңғыш —  «Quzhat.kz» атты тегін интернет порталы мен қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын қамтитын «Жеті қазына» атты мобильді қосымшасына кеңірек тоқталды. Қазір олардың мобильдік қосымшалары  дайындалып жатқанын, жобалар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржысына жасалынатынын айтты. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»