Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-та өткізетін жаттығулары, жаңа жаттықтырушысы жайлы ой бөлісті. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
«Осы айдың соңында немесе алдағы айдың басында Америкаға жол жүремін деп жоспарлап отырмын. Әзірге анық-қанығы белгісіз. Бірақ ағаммен (Дәурен Елеусінов – кәсіпқой боксшы) және әкеммен бірге жаттығатыным анық», – деді Рио Олимпиадасының чемпионы.
АҚШ-та Елеусінов жаңа бапкердің қол астында жаттығады. Бұл жөнінде ол:
«Олимпиаданың алдында келіп, Дерек Сантоспен бірге дайындалдым. Боксшыларға деген қарым-қатынасын, жаттығу тәсілдерін көрдім. Білікті бапкер, адами тұрғыдан да жақсы кісі. Онымен бірге жұмыс істеу де ыңғайлы», – деді ол.
«АҚШ-қа отбасымды толығымен алып кетемін. Уақытымның көбі сол жақта өтетіндіктен жақындарым ылғи да менің қасымда, маған қолдау беріп жүреді. Әрине, мұхиттың арғы бетінде қалып қоямын деп айтпаймын. Жекпе-жектерімнен кейін Қазақстанға жиі келіп тұрамын», – деді Данияр.
Айта кетейік, 25 жастағы боксшы өткен жылдың тамыз айында 69 кило салмақта Олимпиада чемпионы атанған. Ал кәсіпқой боксқа ауысу туралы 12 қаңтарда шешім қабылдады. Мұнда ол жартылай орта салмақта (66 килоға дейін) жұдырықтасады. Алғашқы жекпе-жегі осы жылдың мамыр айында Қытайда өтеді.
Кәсіпқой бокстағы Даниярдың басты қарсыластары туралы ақпаратты мына жерден біле аласыз.