2017 жылғы 17-19 ақпанда Сингапурда Туристік агенттіктерінің ұлттық қауымдастығы (National Association of Travel Agents of Singapore) ұйымдастырған «NATAS Travel Fair» атты мерейтойлық 50-ші туристік көрме өткізілді, деп жазады primeminister.kz.
Көрме барысында Сингапур жұртшылығына Қазақстанның туризм әлеуеті мен 2017 жылдың басты іс-шарасы «ЭКСПО-2017» Халықарылық көрмесі таныстырылды.
Осымен, Қазақстан аталған көрмеге үшінші рет қатысып отыр. «Қазақстан - Ұлы дала елі» атты павильонын Қазақстан Республикасының Сингапурдағы Елшілігі ұйымдастырған.
Қазақстандық павильонның негізгі серпіні еліміздің туристік әлеуетін Сингапур жұртшылығы және туристік операторлары арасында таныстыруға және «ЭКСПО-2017» көрмесіне тартуға бағытталған.
Сингапурдың туристік агенттіктерінің ұлттық қауымдастығының Президенті Дэвиндер Ори қазақстандық павильонды аралау барысында сингапурлық туристердің Қазақстанға ағынының айтарлықтай артқандығын, оның үстіне, Сингапурдың «ЭКСПО-2017» Көрмесіне қатысатынын ескере отырып, Астанадағы ЭКСПО көрмесінің ұйымдастырылуы әлемдік туристік нарықта Қазақстанға қатысты қызығушылыққа оң серпінін тигізетіндігін баса айтты.
Іс-шара өткізілуінің үш күні ішінде көрмеге 111 мыңнан астам адам келді. Қазақстандық павильонды 8 мыңнан астам адам тамашалады.