ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қар суын ауыл шаруашылығына пайдалануды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы жаңа су қоймаларын салуды тапсырды. Қар көп, бұл жақсы. Бірақ, оны тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығына жарату қажет. Бұған қоса, елді мекендерден де бұрып әкетеміз. Мұны кешенді қарау керек. Мүмкін 1-2 жыл қажет болар. Бірақ, бұл проблемаға қайтып оралмау үшін түбегейлі шешу керек», - деді Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында.
Сонымен қатар ол жылдан жылға су тасқынына қатысты проблема шешілмей отырғандығын, қандай күрмеулі мәселелердің бар екендігін өңір әкімдері жақсы білетіндігін баса айтты.
«ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, 6 жылда жергілікті бюджеттерден 17,9 млрд. теңге бөлінген. Бұған қоса республикалық бюджеттің 30 млрд. теңге қаржысы бар. Бірақ, ең қорқыныштысы мұндай жағдайларда сол бір жылдары адамдардан айырылып қалдық. Адам өмірін ешқандай да ақшамен өлшеуге болмайды. Сондықтан әр уақытта апаттан кейін республикалық бюджеттен ақша сұрай бермей бір рет бас қосып, кімде қандай проблема бар екендігін біліп, барлығын да бірден тәртіпке келтірейік», - деді Сағынтаев.