• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Қарышты қадамдар қанаттандырады

137 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы алдымызға жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру жөнінде іргелі міндеттер қойды, деп бастады тұрғындар алдындағы есебін облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Ол өткен жылдың қорытындылары бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсіміне қол жеткізілгенін атап өтіп, атқарылатын жұмыстар ауқымын белгіледі. Өңірде инвестиция тартуға үл­кен басымдық берілген. Оның негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік салаларына бағытталған. Ин­вес­­тициялық жобаларды қолдау мен жүргізу, келісімшарттарға қол қою әлеуеті кеңінен пайдаланылып келе­ді. Оның бір мысалына былтыр Астана қала­сында 33 дипломатиялық миссия­ның жетекшілерімен бизнес-ланч ұйым­дас­тырылғанын айтуға болады. Осы кез­десуден кейін Эстонияның, Германия­ның, Малайзияның, Швецияның, Қытай­дың, Ресейдің және басқа да елдердің іскер топтары арнайы келіп, ынтымақтас­тық­ты нығайтудың жолдарын талқыла­ды. Екінші халықаралық «Kyzylzhar Invest» инвестициялық форумы шеңберінде 22 меморандумға қол қойылып, жүзеге асырылуда. Баяндамашы астықты аймақтың бас­ты дамуын айқындайтын агроөнеркә­сіп­тік кешен жайына жан-жақты тоқталып өтті. Былтыр ауылшаруашы­лық өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсіп, 416,7 миллиард теңгені құраған. Гектар берекелілігі 17,2 центнерден айналып, Отан қамбасына 5,5 миллион тонна ас­тық құйылған. Алыс, жақын шет елдерге 1,5 миллион тонна астық, 250 мың тонна ұн, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымы жөнелтіледі. Алдағы басты міндеттердің бірі – егіншіліктің саласын әртараптандыру, теріскейдің тәуекел­ді климатына төзімді бидай сорттарын өсіруге бейімделу. Жаңа элеваторлар, астық кептіргіштер салу жұмыстары жалғасын табады. Жергілікті жерлердегі қоймаларды есептегенде, жалпы астық қабылдау сыйымдылығы 6,6 миллион тоннаға жетеғабыл. Агроқұрылымдарға егіншілік­пен қатар, мал шаруашылығын да табыс көзіне айналдыру жөнінде талаптар қойып отырмыз, деді өз сөзінде Ерік Хамзаұлы. Әсіресе, табындарды асыл тұқымды малдармен толықтыру, мал асылдандыру ісін жолға қою кезек күтпес шаралар болып табылады. Былтыр 20 мың бас ірі қара малы сатып алынды. Тиісті орындарға елді мекендерде коо­перативтер құру, ауылдықтарды тұрақ­ты жұмыстарға орналастыру, қосал­қы шаруашылықтар әлеуетін тиімді пайдалану талаптарын ұтымды жүргізу тапсырмалары жүктелді. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу маңызды бағыттардың бірі саналады. Оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 60 пайыз. Тамақ өнімдерінің өн­дірісі 83,6 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде сары май өндірісі – 1,6, ұн – 32,7, ірімшік пен сүзбе – 6,6, кондитерлік өнімдер 12 пайызға өскен. Келешекте ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде 3,4 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 191 миллиард теңгенің 64 инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген. Өңірлік дамуды қалыптастырушы саланың бірі – өнеркәсіп. Былтыр 192 миллиард теңгенің өнімдері шығарылды. Тау-кен, жеңіл, химия, өнеркәсібін дамытуға үлкен екпін түсірілген. Машина жасау кәсіпорындары арасында «ЗИКСТО»АҚ жетекші орынға ие. Өнім шығаруды 1,7 есеге арттыра білді. Жиында тапсырыстар портфелін қалып­тастыру және келісімдер жасау бойынша көп жұмыстар атқарылуы керек­тігі айтылды. Былтырғыға қара­ғанда бұл көрсеткіш 2 есе өсіп, 15 миллиард теңгені құрады. Олардың 83 пайызы темір жол кешеніне, 12 па­йызы мұнай-газ саласына тиесілі. Өнеркәсіпте жаңа жоғары технологиялық өндіріс құру бойынша іргелі міндеттер тұр. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында екінші бесжылдықта экономиканың басым секторларында жүзеге асырылатын жобаларды екі есеге дейін көбейту қажет. Ол үшін 100 миллиард теңге болатын 60-тан астам жобаның 41-і жүзеге асырылуда. Былтыр 9 жоба пайдалануға беріліп, 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Петропавл трактор зауыты «К-704-4Р «Батыр» брендімен заманауи техникалар шығарады. Майлы дақылдар өңдейтін «Тайынша-май» ЖШС-нің бірінші кезеңі іске қосылды. Жылдық жобалық қуаты – 300 мың тонна. Сергеевка қаласында жылына 10 мың тонна қант шығаратын зауыт бой көтереді. Оған жергілікті шикізат пайдаланылады. Соңғы бір жарым жыл ішінде 15 кәсіпорынның жұмысы қайта жан­да­нып, 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Былтыр 5 өндіріс орны қалпына келтірілді. Олардың ішінде «Биохим» өндірістік кешенінің қызметін қайтадан қалпына келтіру ерекше маңызға ие. Онда 2018 жылы биоэтанол шығару белгіленген. Облыста кәсіпкерліктің 28 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді. Оларда экономикалық белсенді тұрғындар­дың үштен бір бөлігі жұмыспен қамтыл­ған. Шағын және орта бизнестің жалпы өңір өніміндегі үлесі – 23,9 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша республикада алтын­шы орынды иеленсек те, ішкі резерв көз­дері аз емес. Бұл орайда, мемлекеттік қол­дау тетіктерін белсенді пайдаланудың тиім­ділігі зор. Сөз арасында демеуқаржы босату бойынша облыс бірінші орында тұрғанын айта кеткен жөн. Ауқымды жобаларды іске асырудың нәтижесінде 10 836 жұмыс орны сақталып қалса, биыл 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Баяндамада тұрғындарды қатты алаңдататын жол-көлік инфрақұрылы­мын жақсарту және жаңғырту мәселелері де қамтылды. Ұзындығы 143 шақырым «Астана – Петропавл» автожолын жаңарту жұмыстары аяқталды. Енді «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» Қорған қаласы бағытында жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жер­гі­лікті маңыздағы 385 шақырым авто­жолды жөндеуге 6,8 миллиард теңге жұмсалған. Биыл 10,7 миллиард теңге қарастырылып, ресурс үнемдеу техно­логиясы қолданылады. Есепті кездесуде тұрғындар тарапы­нан қойылған сауалдарға жауап берілді. Ұсыныс-пікірлердің бірқатары сол жерде шешімін тапты. Ал қордалы проблемалар жинақталып, бақылауға алынатын болды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы