• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Конституциялық реформа және тарихи әділеттілік

295 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Н.Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінде халыққа «еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақ» ойын, «Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу» жөніндегі ұсыныстарын айтты. «Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр», дей келе, осы міндетті орындауға кірісу себебін былай деп өте орынды пайымдады: «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді». Содан соң өзінің «елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам» жасағанын ескертті және «екі негізгі бағыт бойынша іске» асырылмақ реформаға түсінік берді. Президенттің өзі атап айт­қандай, ұсынылып отырған бағ­дарлама үш міндетті шешуге жағдай жасайтын болады. Біріншіден, саяси жүйе­нің тұрақтылық қорын жасайды. Екіншіден, Үкімет пен Парламенттің рөлін арттырады. Бұл шара қазіргі заман­ғы сын-тегеуріндерге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді механизмін бермек. Президент мұны «басқарудың неғұрлым күрделі жүйесі» деп атады. Ол өз иелігіндегі өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін билік тармақтарына беруге саналы түрде барып отырғанын атап айтты. «Мен мұны жал­ғыз ғана мақсатпен – елді бас­қарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын», – деді. «Үшіншіден, әлем­де мемлекеттік құрылыстың әмбебап моделі жоқ. Бәрі де ізденіс үстінде» екенін ескерте келе, «біз өзіміздің, кейде ерекше шешімдерімізді» табатынымызды, «мемлекеттік құрылыстың бөгде модельдерін көшіріп алумен ешқашан ай­на­лыспағанымызды», бү­кіл­халықтық талқылауға «ұсы­нып отырған реформа ең алды­мен өз тәжірибемізге және Қазақ­станның өзінің қажеттіліктеріне арқа сүйейтінін» қадап айтты. Қазақстан қай бағытта жүре­ді деген сауалға жауап ретін­де аталған реформалар бағ­дар­ламасын ұсынды. Үндеу жарияланысымен көпшілік ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жобасын қолдап, оларды жақсарта түсуге бағытталған ұсыныстарын да білдіре бастады. Біз де Мемлекет басшысының сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетін арттыру­ға күш-жігерін жұмылдыру­ды көздеген шешіміне ризамыз. Осы жерде, мәселе конс­титу­ция­лық өзгерістер жайын­да бол­­ған­­дықтан, Конститу­ция­да би­­­лік­­тің сот тармағы жа­йын­­­да мемлекеттік тілде тұ­жы­­­рым­далған қағидаттарды мей­­лінше дұрыс түсіну үшін тер­ми­н­дердің дұрыс қол­даны­луы да маңызды екеніне назар ауда­р­ғанды жөн көріп отырмын. Ме­ніңше, енгі­зілетін өзге­ріс­тер қа­тарында бұларды да қапер­ге алған жөн болар еді. Мен жақ­сартуға тиіс кемшілікке балап отырған жайттар Негізгі Заң­ның мем­лекеттік тілде емес, орыс­­ша дайын­далып, қазақшаға ауда­­рылуы салдарынан кеткен болу­ға керек. Демек, оны түзе­те­тін уақыт та келді, орайы да туды. Сондай-ақ, конституциялық рефор­ма және тарихи әді­лет­тілік қол ұстасып қатар жүрсе деген тілектеміз. Мем­ле­­кет­­тік тәуел­сіздікке қол жет­кіз­гені­міз­бен, қазақ халқының бұ­ры­н­ғы режімдерде шектел­ген құқ­ықтарын толық қал­пы­на кел­тіру­мен шындап ай­налыс­падық. Жаңа мүмкі­н­діктерге ие болғалы отырған Парламент, бәл­кім, қазақтың ұлт мәселесін ескерер, арнайы талқылаулар жасар, шешілмеген тұстарын ай­қын­дар, тиісті құжаттар қабыл­дар, әр салада қазақтың ұлттық мүд­делерінің қоғалуын бірінші кезекке қояр деп үміттенеміз. Президенттің өз билігінің бірқатарынан ерікті түрде бас тартып, заң шығарушы және атқарушы билікті күшейтуге саналы түрде баруын баршамыз бағалай білейік және осы жасалмақ өзгерістердің жасампаздыққа ұласуына, билік салаларының халыққа қызмет ету дәрежесінің жақсаруына баршамыз бір кісідей көмектесейік деген тілек білдіремін. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары