• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Онлайн режімдегі ойласу

140 рет
көрсетілді

Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық кітап­ханасы, Абай атындағы Шы­ғыс Қазақстан облыстық кі­тап­­ханасы және Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы әкімдігі онлайн-режімде бас қосып, биылғы Алаш тойын ұйымшылдықпен атап өту жөнінде кеңесті. Бұл шараның өтуіне Сырым ауданы әкімдігі мұрындық болды. – Бұл конференция «Нұр Отан» партиясының «Ұлы дала қазынасы» партиялық бағытына сәйкес ұйым­дас­ты­­рылып отыр. Қазақ мемлекеттілік идея­­сының жасампаздығын, қазақ зия­лы­ла­рының қайраткерлігін насихат­тау – әр­бірімізге ортақ шаруа. Биыл Алаш қоз­ға­лысына 100 жыл, ал осы қоз­ға­лыстың бел­сенді қайраткері, заңгер Жаһанша Дос­мұхамедұлының туғанына 130 жыл то­лады. Бұл екі датаның да Сырым ауда­нына тікелей қатысы бар. Мұндай шараларды бірлесе өткізгеніміз абзал, – деді Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков. Жалпы, Алаш қозғалысына қа­тыс­­ты деректерді зерттеу жұмысы Шығыс Қазақстан облысында жақсы жол­ға қойылған. Бұл өңірде арнайы ғы­лыми орталық 2008 жылдан бері жұ­мыс істеп келеді. Бүгінге дейін бір­неше ондаған жинақ жарық көрген. Батысқазақстандық алаштанушы Дә­мет­­кен Сүлейменова «біздің облысқа да осындай орталық керек» деген ұсы­­нысын жеткізді. Семейдегі Алаш ҒЗ орта­лығының директоры Шаңбай Тұр­ды­құлдың пікірінше, алаштанушы ға­лымдар бір-бірімен дерек алмасып, қоян-қолтық жұмыс істесе, нәтиже де көп болмақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын жалпы білім беретін мектептерде Алаштану факультативтік курстарын жүргізу туралы нұсқау берілген еді. Курстың арнайы бағдарламасы да дайындалған. Алайда, бұл факультативтік курстар жүргізілген жоқ, жұмыс басталмай жатып тоқтатылды. – Алаш қозғалысы жайлы оқушылар терең білуі тиіс. Мен осы курстардың жүргізілгенін қалаймын, – деді Сырым ауданы Бұлан орта мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ