• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

БАҚ лиганы қызықты футбол турнирі деуге толық негіз бар

626 рет
көрсетілді

Астанада бірер ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында футбол біріншілігі басталды. Әр аптаны журналистер қауымы теңбіл доп жарысымен аяқтап жатады. Жарысты ұйымдастырушы - Астана футбол федерациясы. Кезекті тур соңына қарай федерация менеджері Ерік Шыншалиновпен сұхбаттасқан едік. – Құрметті Ерік мырза, сөзді БАҚ лиганы толықтай таныстырудан бастасақ. – Астана қаласы футбол федерациясының қолдауымен бүгінге дейін бірнеше футбол жарысы ұйымдастырылып келеді. Алғаш «Самұрық-Қазына» лигасы өтті. Қатысушылар оған жоғары баға берді. Жанкүйерлер де көбейді. Міне, төртінші жыл болды бұл турнир дәстүрге айналып келеді. БАҚ өкілдері арасындағы турнирді алғаш 2015 жылы өткіздік. Ол жолы 5 команда ғана қатысты. Тәжірибе жинақтай келе журналистер арасында тұрақты түрде ұйымдастыруды ойладық. Осылайша, федерацияның қолдауымен елордада 2016 жылдың 11 желтоқсаны күні БАҚ лиганың алғашқы ойындары басталып кетті. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде жылына екі мәрте өткізіп тұруды қолға алып отырмыз. Бұл лига осы аптаның соңында аяқталатын болса, келесісі мамыр айында өткізіледі. Бірақ 6х6 форматында, бестік добымен ұйымдастырылады. – Әне-міне дегенше турнир де аяқталып қалды. Қай ойыншының қандай деңгейде, қандай стильде ойнайтыны көрінді. «Осы журналист-футболшы кәсіпқой командалардың біріне ауысса, сіңісіп-ақ кетер еді» – дейтіндей жігіттер бар ма? – Қателеспесем, мұнда біраз уақыт бұрын футболмен кәсіби түрде айналысқан бірнеше жігіт бар. «Егемен Қазақстан» ұжымының сапындағы Еркебұлан Алдабергенов бір кездері «Оқжетпес» командасының қосалқы құрамында өнер көрсеткен. «Sportsffa.kz» командасында жүрген Сергей Надточенко Семейдің «Спартак» клубында ойнаған. «Бәйтерек» ұжымында доп тепкен Бимұхаммед Бөкеев бар. Қазір де барын салып ойнап жүр. Сондай-ақ, БАҚ лига құрамында жүрген «Спорт 59» командасында Сапарғали Қанат мықты футболшы. Әр командада кемінде екі-үштен жақсы ойыншы бар. Олардың басын қосып, білікті бапкердің қолына берсе, мықты команда шығаруға болатын секілді. – БАҚ лига алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, олқылықтары да жоқ емес. Келесі маусымда қай жағын жетілдіру керек деп ойлайсыз? Мәселен, негізгі уақытқа қосымша минуттар беру ережесі енгізілуі мүмкін бе? Немесе жарақат алып қалатын ойыншылар да болады. Сондай сәттерде тегін емделу мүмкіндігі қарастырыла ма? – Орынды сұрақ. Бірақ қазіргі уақытта оның бәрі бірден жүзеге асып кетеді деп айта алмаймын. Бұл футзал болғандықтан әрі жалға алған уақытымыз да санаулы. Негізгі уақытқа қосымша минуттар қосылу жағы әзірге белгісіз. Бірақ соңғы минутта айып добы белгіленер болса, қосымша уақыт қосып жатырмыз. Спорт болғаннан кейін жігіттердің қай кезде жарақат алып қалатынын білмейсің. Тегін емдеу қаржыға тіреледі. Егер алдағы уақытта журналистер лигасы дамып, демеушілері табылып жатса, бұл істі қолға алуға тырысамыз. Бірақ қазірдің өзінде біз қаржы жағынан азды-көпті көмектесіп отырған жайымыз бар. «Астана» спорт кешенін осы уақыт аралығында жалға алу құны 2 миллион 700 мың теңгені құрады. Жарысқа қатысқан 11 команда тек 100 мың теңгеден жарна төледі. Ал қалғанын Астана қаласы футбол федерациясы өз мойнына алды. Бұдан бөлек, бас төреші, оның көмекшілері бар. Олардың еңбекақысын төлеу керек. Сондай-ақ, бірнеше доп алдық. Олар жарылып қалатын сәттер болып жатады, тіпті соны дүние көріп, білдірмей алып кететіндер де жоқ емес. Оның орнын толтырамыз. – БАҚ лигасынан бөлек «Астана БАНК лигасы», «Оқушылар лигасы», «Самұрық-Қазына футзал лигасы» секілді ұйымдастырылып жатқан бірнеше біріншіліктер бар. Олардың ел футболына тигізер қандай пайдасы бар? – Сырттай бақылап тұрғанда, доп теуіп көрмеген кісілер де келетіні байқалады. Бірақ жарыстың алғашқы күні мен соңғы күніндегі олардың футболға деген пікірі, алған әсері толығымен өзгеріп жатады. Қазақта балам оқысын, білім қусын дегенді басты мақсат етіп, Еуропа елдері немесе Бразилиядағыдай футболға аса мән бермейді. Аталған чемпионаттарда түрлі салада жүрген, жасы отыздан асқан жандардың доп қуып, кәсіби түрде айналысып кетуі мүмкін емес. Бірақ олардың теңбіл допқа деген пікірі өзгеріп, балаларын үйірмелерге қатыстыруы мүмкін. Міне, солардың арасында қазақ футболын әлемдік деңгейге шығаратын футболшылар шығып қалар. Бәрі бірден бола кетпейді ғой. Күндердің бірінде Қазақстан футболы да қарыштап дамып, бізден де Месси, Роналду, Неймар секілді небір жұлдыздар шығатын күндер болар. – Чемпионат басталмай тұрып қай ұжым топ жарады деп болжадыңыз? – Жарыс басталмай тұрып, «Хабар» мен «Қазақстан» екеуінің бірі чемпион болады деп ойлағанмын. Бірақ «Қазақ радиосынан» мұндай жарқын ойындарды күтпеп едім. Ара-тұра «Спорт 59» ұжымы да жарқ етіп, үштіктен бір көрініп еді. Бірақ қазір жағдайы бұрынғыдай емес. Ал «Қазақ радиосы» көш басында тұрғанмен, ендігі чемпиондық «Хабардың» қолында. Алдағы жексенбіде «Dixinews.kz» жігіттерін жеңсе, Нұрсұлтан Құрман бастаған команда БАҚ лиганың алғашқы чемпионы атанбақ. - Соңғы турларда «Қазмедиа» жақсы ойнап жүр. Оның сыры неде? Ал үздік үштікке енеді деп жүрген «Спорт 59» ұжымы керісінше алғашқы қарқынынан жаңылып, бүгінде 6-орынға түсіп қалды. Бұған не себеп? Әлде команданы алға сүйреп жүрген бір ғана Сапарғали Қанаттың ойыны ма? – Командасына тактикалық тұрғыдан өзгерістер енгізгеннен кейін «Қазмедианың» да бойына қан жүріп, 8:0, 9:1 есептерімен ұтып келеді. Бәлкім, жаттықтырушы жалдап, дайындалып жүрген болар. Әйтеуір, соңғы екі ойыны еріксіз таң қалдырып келеді. Бейне бір, ағылшын премьер-лигасында орнын сақтап қалу үшін жанұшыра алға ұмтылып жүрген «Сандерленд», «Халл Сити» командалары сияқты. Ал «Спорт 59» командасына келер болсақ, тек Сапарғали Қанатқа байланып тұрды деп айта алмаймын. Команда бірнеше футболшыдан тұрады. Әркімнің алар орны, атқарар міндеті болады. Сапарғалидан айырылғаннан кейін бәлкім соның орнын, алаңдағы рөлін әріптестері баса алмай жүрген болар. «Қазақ радиосы» мен турнирдің аутсайдері саналған «Қазмедиадан» ұтылғанмен, «Жеңісті» ойсырата жеңді. Сондай-ақ, Сапарғали ылғи хет-тригімен көзге түссе, міне Бағлан Оразалы төрт голдың авторы атанды. – Жарыс қаншалықты қызықты әрі тартысты өтіп жатыр? – Алғашында «Хабар» арнасы алға шықса, өкшелеп келген «Қазақ радиосы» басып озды. Енді міне, күтпеген жерден «Sportsffa.kz» командасына есе жіберіп отыр. Ал үштікке кіреді деп ойлаған «Қазақстан» 4-орынға сырғыды. Трансферлік уақытта күшейген «Егемен Қазақстан» қарсыластарына дес бермей келеді. «Қазмедианы» айтып өттік. Турнирдің қызықтығы арта береді деуге негіз бар. Сұхбаттасқан Аян Әбдуәли