• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Азиада-2017. Хоккейден Қазақстан құрамасы Қытайды ойсырата жеңді

148 рет
көрсетілді

Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VIII қысқы Азия ойындарында ерлер арасында хоккейден Қазақстан құрамасы Қытайды 8:0 есебімен жеңді. Жерлестеріміз ойын бастала сала қарсыластарын қыспаққа алып, бірқатар шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде, 10-минутта Максим Волков кездесудегі алғашқы шайбаны салды. 14-минутта Илья Ковзалов есепті еселей түскені сол еді, бір минут өтпей жатып Константин Савенков Қазақстан құрамасының үшінші голын соқты. Аспанасты елінің хоккейшілері де қарсы шабуылға шығып, Сергей Кудряцев қорғаған қақпаны бірнеше мәрте нысанаға алған. Бірақ бәрі сәтсіз аяқталып жатты. Екінші кезең де осы бағытта өрбіді. Жерлестеріміз «ә» дегеннен-ақ ойын тізгінін өз қолдарына алып, орайы келген сәттерді тиімді пайдалануға тырысты. Кездесудің 23-минутында Максим Волков дубль иесі атанса, 34-минутта Дмитрий Гренц басымдықты арттыра түсті. 37-минутта Константин Савенков өзінің осы матчтағы екінші голын салды. Соңғы 20 минутта отандастарымыз сауатты қорғанып, қарсы шабуылдарға жиі шықты. 45-минутта Савенков хет-трик иесі атанса, араға бес минут салып Кирилл Савицкий кездесудегі соңғы шайбаны соқты. Айта кетейік, Сергей Старыгин шәкірттері осымен екінші ойында жеңіске жетіп отыр. Бұған дейін оңтүстіккореялықтардан 4:0 есебімен басым түскен. Ал келесі матч 26 ақпан күні Жапония құрамасымен өтеді.