Кеше Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов брифинг өткізіп, мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттар ұсынудың қорытындылары және тіркеу барысы туралы айтып берді.
ОСК хатшысының атап өтуінше, осы жылғы 26 наурызда республиканың 58 сайлау округінде болатын мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауда кандидаттарды ұсыну аяқталды, 13 депутат облыстық, 9-ы қалалық, 36-сы аудандық мәслихаттарға сайланады. Сайлау науқанының барысында 201 кандидат ұсынылды, олардың 63-ін саяси партиялар, 138-і өзін өзі ұсынған.
«Ұсынылған кандидаттар ішінде 154 ер адам және 47 әйел адам бар, – деді Б.Мелдешов. 65 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері болып табылады, 70-і партия қатарында жоқ, 66-сы партияға тиесілілігін көрсетпеген. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 6 ұлттың өкілі бар. Кандидаттардың орташа жасы – 41 жас, 156 кандидаттың жоғары білімі, 34-і орта арнаулы білімді және 11-інің орта білімі бар».
Бұдан соң ОСК хатшысы кандидаттардың жұмысы мен қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, кандидаттардың 54,2%-ы мемлекеттік мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, 35,3%-ы коммерциялық құрылымдардың, 4,5%-ы саяси партиялар мен ҮЕҰ қызметкерлері, 3,5%-ы уақытша жұмыссыз, 1,5%-ы жұмыс орнын көрсетпеген, 1%-ы зейнеткерлер. «Қазіргі уақытта мәсихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды тіркеу жалғасуда. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында тіркеу 1 наурызда, ал Астана қаласында 10 наурызда аяқталады, – деді ол әрі қарай. – 1 наурыздағы жағдай бойынша округтік сайлау комиссиялары 184 кандидатты тіркеді. Тіркеу мерзімі аяқталған соң, тіркелген барлық кандидат 24 наурыз күнгі сағат 24.00-ге дейін жүретін сайлауалды үгітке кіріседі».
Ал 11 наурыздан бастап сайлау болатын округтердің сайлаушылары учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізімдерімен танысып, өзі туралы мәліметтерді тексеріп және оларда жіберілген дәлсіздіктерді анықтаған жағдайда, түзетулер енгізе алады. Сайлау науқаны қажетті қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілген әрі сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес өтуде.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»