• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2017

Деректермен дәйектелген еңбек

257 рет
көрсетілді

ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның енбек сінірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор С.Сатыбалдиннің «Тәуелсіз Қазақстан экономикасының өркендеуіне 25 жыл» атты ғылыми еңбегі 2016 жылы кітап болып шықты. Бұл ғалымның дамудың қазақ­стандық жолын зерттеп, ғылыми негіздеуге бағытталған 25 жылдық еңбегінің қорытындысы іспетті, құнды дүние. Автор осы еңбегін КСРО деп аталған алып державаның қирандысынан шаңырағын көтеріп, бұл күндері дүние жүзі түгел мойындаған және ырғақты да қарқынды да­му жолына түскен Қазақстан Республикасын құрып, оны жасампаздық идеямен байытқан, көреген, кемел Көшбасшы – елі­міздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнаған деген алғы сөзбен бас­тал­ған ауқымды монография­сында «Дамудың қазақстандық жолының» 25 жылдық барысын егжей-тегжейлі ғылыми зерттеп, негіздеп, осының барлығын Тұң­ғыш Президентіміздің қыз­метімен тікелей байланысты екенін айқындайды. Бұл экономика ғылымы саласындағы автордың ерекше және теңдессіз жаңалығы. Сатыбалдин Прези­дент қол қойған жарлықтар мен Елбасының тікелей ұсынысы немесе нұсқауы бойынша Пар­ла­мент қабылдаған заңдар, Үкімет қабылдаған қаулылар мен заң­намалық актілер, ақыр аяғында олардың халықаралық стандартқа сай үйлестірілуі елдегі экономикалық реформаның табысты өтуінен көрініс тапқанын негізге алып, «Дамудың қазақ­стан­­­дық жолының» авторы Пре­зи­­­дент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деген қорытынды жасайды. Циклды ғылыми ізденістің соңғы нүктесіндей «Тәуелсіз Қа­зақ­стан экономикасының өркен­­деуіне 25 жыл» атты ғылы­ми монография үш тарауға бөлі­ніп, қарастырылған. Бірінші тарау «Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдардағы экономикасы: Қазақстан экономикасының қиын өрлеуі» деген атаумен бекітілген. Мұнда автор тәуел­сіздік алған кездегі еліміздің эконо­микасы тірелген тұйық, соның салдарынан ел тұрғындары бастан кешкен ауыр әлеуметтік жағдай болмай қоймайтын табиғи құбылыс екенін дәлелдеуге, сондай-ақ, сол қиыншылықтан шығу жолындағы реформаларға, ақыр аяғында, Қазақстанның ырғақты және қарқынды даму арнасына түсуінің себептеріне ғылыми талдау жасаған. Екінші тарауда 2000 жылдан бастап қарқынды және ырғақты даму арнасына түскен Қазақстан экономикасының 2007 жылғы әлемде болып өткен қаржылық дағдарыстың себептері мен салдары және одан Қазақстан көретін залалын мейлінше азайтуға қатысты Президент Н.Ә.Назарбаевтың тіке­лей нұсқауымен атқарушы билік жасап, жүзеге асырған дағдарысқа қарсы күрес шаралары бағдарламасының қажетті­лігі мен нәтижесі ғылыми-зерт­теудің өзегіне айналған. Осы тарауда С.Сатыбалдин әлем­дік дағдарыстың себеп-салдарын түсіндіруге арнал­ған мақалаларында Президент Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық валюта және дүниежүзілік қаржы жүйесіне қатысты айтқан сын-ескерт­пелерінің ғылыми түрде «орынды және өміршең» бастама екенін дәлелдеп шығады. «Қазақстан-2050» стратегиясынан – «Мәңгілік Елге» деп аталатын үшінші тарауда ғалым-автор Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол», «Мәң­гілік Ел», Еуразиялық эконо­­микалық одақ, Кеден одағы, Қазақстанның 2050 жылға дейінге стратегиясы секілді кешенді идеяларына нақты талдау жасап, оның түпкілікті жемісі қандай болатынын дәлелдеп шыққан. Бұл орайда 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеудің мемлекеттік университетіне жиналған Ресей астанасы зиялы қауымның алдында лекция оқыған Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық одақ ту­ралы идеясы түптің-түбінде бүкіл адамзатты бейбіт мақсатта тұтастыратын өміршең бастама екенін, сондықтан да, ол ЕурАзЭҚ, Кеден одағы, еркін экономикалық аймақ ар­қылы өмірімізден көрініс тауып жатқанын, бұл орайда, Еуро­одақтың өзі осындай жолдардан өткенін ғылыми дәлелдеп шыққан. «Тәуелсіз Қазақстан экономи­касының өркендеуіне 25 жыл» ғалым-автордың ұзақ жылдар бойғы тірнектеп жинаған өмірлік деректері мен дәйектері ғылыми екшеуден өткен қорытындысы. Автор «капитализмнен социализмге өтудің ғылыми негізделген жолы болды, ал социализмнен капитализмге өтудің мұндай жолы болған жоқ. Сондықтан да, ол жолды КСРО державасынан енші алған мемлекеттер өздерінше салды. Мұның ішінде ең дұрысы – «Дамудың қазақстандық жолы» екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді, ал оның авторы Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» деген тұжырымдама жасайды. Ғылыми монография болға­нымен «Тәуелсіз Қазақстан экономикасының өркендеуіне 25 жыл» жатық, баршаға бірдей түсінікті тілмен жазылған құнды еңбек. Монография туралы елі­міздің көптеген ғалымдары, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, шетелдік сарапшылар жоғары бағасын бас­па­сөзде жариялап жатыр. Ол пікірлерде «монография Қазақ­стан Республикасы эконо­микалық болмыс-бітімінің шежі­ресі» деген байлам жасалған. Монография нақты көздерден алынған деректер мен дәйектерге толы. Көпжасар НӘРІБАЕВ, ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері