• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2011

Қазақстан – әлемде өзіндік ықпалы бар ел

530 рет
көрсетілді

Былтырғы маусым айынан бері Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалық етуде. Осы ұйымға биыл 10 жыл толады. Оның мерейтойлық саммиті де Қазақстанда өткелі отыр. Осыған орай біз ұйымға мүше мемлекеттердің бірі – Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу ЛИ мырзаға жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік. – Құрметті Елші мырза! Шанхай ынтымақтастық ұйы­­мы жұмысының белсенділігін сіз қалай бағалайсыз? Ол өзіне жүктелген міндеттерді қалай атқаруда? – Өзі құрылған 10 жылдың ішінде бұл ұйым аймақтағы мү­ше мемлекеттер арасындағы дос­тық­ты және тату көршілікті ны­ғайтуда маңызды рөл атқара оты­рып, олар­дың арасындағы бар­лық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге жә­не бейбітшілік пен тұрақты­лық­ты сақтауға үл­кен ықпал жасап келеді. Нақты айтар болсақ, біріншіден, түрлі деңгейлер мен сала­лар­ды қамты­ған жетілдірілген жаңа құры­лым­дар пайда болды, мұның өзі берік құқылық және инсти­тут­тық негізге жол салды. Соның ішіндегі Хатшылық пен Аймақтық анти­террорлық құрылымдар қазір әбден жетіліп, үлкен тиімділікпен жұмыс істеуде. Екіншіден, мүше мемлекеттер арасындағы саяси өз­ара сенім тұрақты түрде нығая түсуде. Ұйым шеңберінде жылына бір рет мемлекет бас­шы­лары мен үкімет басшыларының кездесуі өтіп тұрады. Онда бас­шылар өзара ынтымақтастық мә­селелері тура­лы пікір алысады, сонымен бірге аймақтағы және халықаралық ма­ңыз­ды оқиға­лар­ды талқылап оты­рады. 2007 жылы ұйымға мүше барлық мемлекеттер Ұзақ мерзімдік тату көр­шілік, достық және ынты­мақ­тастық жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл келісім ұйым мү­ше­лерінің өзара сенім, тату көр­шілік және достықты терең­дету жө­ніндегі мақсаттарының құқық­тық негізін қалады. Үшіншіден, мүше-мемлекеттер лаңкестікке, сепаратизм мен экстремизмге, есірткі контрабандасы мен қару-жарақ­тың заңсыз сатылуына, ұйым­­дас­қан қылмысқа қарсы кү­ресте бір-біріне өзара қолдау көр­сетіп оты­ра­ды. Оның үстіне соңғы жыл­дары біздер ақпа­рат­тық қауіпсіз­дік, энергия тасымал­дау мен аса ірі халықаралық шаралардың қауіп­сіз­д­ігін қамта­ма­сыз ету істеріндегі ынтымақ­тас­тықты да дамытып келеміз. Осылардың бәрі де мүше ел­дердің қауіпсіздігін сақтау мүд­де­сінен шығып отыр. Сондай-ақ біз­дің ұйымымыз Ауған проб­ле­ма­ларын реттеуде де маңызды рөл атқаруда. Төртіншіден, мү­ше-мем­­ле­кеттердің арасындағы экономик­а­лық ынтымақтастық та артып келеді. Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағ­дарламасы біз­дің алдымызға тауардың, ақша қаражатының, қызмет көрсету мен технология­лардың еркін айналы­сы­на қол жеткізу мақсатын қойып отыр. Біз қаржы-экономикалық ын­ты­мақ­тастықты, перспективалы ай­мақ­тық жобаларды іске асыруды көздейтін ШЫҰ-ның Іскерлік ке­ңе­сі мен Банк бірлестігін құрдық. Бүгінгі күні сауда, инвестиция, қа­ра­жат, салық салу, кеден, энер­ге­тика, ауыл шаруашылығы, ғы­лым мен технология салаларын­дағы жүз­ден артық ұсынылған жобалар іске асуда. Бүкіләлемдік қаржылық дағдарыс басталғанда ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттер өз­ара тығыз ық­палдаса отырып, дағдарыстың салдарын еңсеруге арналған көп­жақ­ты экономика­лық ынты­мақтас­тықты белсендірек жүргізу жөнін­де бірлескен бастама көтерді. Со­ның ішінде көлікті, мониторингті және ай­мақ­тық экономикалық ын­тымақ­тас­тық перспективаларына сараптама жасауды дамыту баста­малары болды. Осы шаралардың бәрі ШЫҰ-ның экономикалық функцияларын нығайта отырып, мүше-мемлекеттер экономика­ла­ры­ның депрессиядан шығуына жә­не өсімді қалпына келтіруге қыз­мет етті. Бесіншіден, мүше мем­лекеттер гуманитарлық сала­дағы ынтымақтастыққа да үлкен мән беруде. Бүгінгі күні ғылым мен техника, білім беру, мәде­ниет, денсаулық сақтау, туризм, қорша­ған ортаны қорғау, БАҚ сала­ла­рында көпжақты ынты­мақта­стық­тардың жоспарлары жа­сал­ған жә­не олар іске асырылуда. Ал­тын­шыдан, ШЫҰ мөлдірлік және ашықтық қағидатын ұста­нып, бас­қа елдермен және халық­аралық ұйымдармен үнқатысу­лар­ды жан­дан­дыруда. Қазір ШЫҰ мен БҰҰ, АСЕАН, ТМД, Еур­АзЭҚ, ҰҚШҰ және басқа да халық­аралық ұйым­дар арасында түсініс­тік және ынты­мақтастық жөніндегі меморан­дум­дарға қол қойылған. Моңғолия, Пәк­стан, Иран және Үндістан мемлекеттері ұйымға байқаушылар, ал Беларусь пен Шри-Ланка диалог-әріптес ретінде тартылған. Сонымен бірге, ШЫҰ-Ауғанстан контактілік тобы да құрылған. Ұйымымыз ха­лық­аралық конференциялар мен фо­румдарға да белсене қатысады. Міне, осылардың бәрін қоры­тындылай келгенде ШЫҰ-ны өзара ынты­мақтастықтың жылдам дамып келе жатқан аймақтық тетігі деп айта аламыз. Ол аймақта және бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақты­лық­ты сақтауға, халықара­лық қа­ты­нас­тарды демократия­лан­дыруға, ырғақты дамитын аймақ құруға ықпал ете алатын қуатты әлеуеті бар маңызды ұйым. – Кейбір саясаткерлер ШЫҰ-ны біздің аймағымызға Амери­ка­ның әскери қатысын болдыр­мауға қарсы құрылған ұйым деседі. Сіз оған не айтар едіңіз? – ШЫҰ «Шанхай бестігі» те­ті­гінің негізінде құрылып, шекарада өзара сенім мен қарусыз­дану­ға қол жеткізуді мақсат етіп қ­ұ­рылған ұйым екені көпке мә­лім. Ол ал­ғаш­қы шекаралық ке­ліс­сөздерден бастап, ұйым болып құрылуға дейін бір-ақ айқын мақ­сатты көздеді. Нақты айтатын бол­сақ, ол – ай­мақ­тағы қауіпсіз­дік ортасын құру мен өзара сенімді қалыптастыру. Бұған қол жеткізу үшін ұйым тату көршілік пен достықты нығайтып, аймақта бей­бітшілік пен тұрақ­ты­лықты қам­тамасыз етуге ты­ры­са­ды. Со­ны­мен бірге ШЫҰ көрші елдер мен халықаралық ұйым­дар­дың бір-біріне қарсы келмеу қағи­да­тын ұстанады. Біз үш зұлым­дық: лаң­кес­тік, есірткі контра­бан­дасы және трансшекаралық ұйым­дас­қан қыл­мыс­қа қарсы күресті күшейту үшін бірлескен ойындар өткіземіз, осы бағыттағы ынты­мақ­тастықтарды жандандыру ар­қылы аймақтағы тыныштықты сақ­таймыз. Бірақ бұ­лар басқа елдер мен халық­аралық ұйымдарға қауіп төндірмейді және ешқандай үшінші жаққа қарсы бағытталмаған. – ШЫҰ лаңкестікке, сепаратизмге қарсы күрес ұйымынан бо­лашақта өзара бірлескен қор­ға­ныс одағына айналуы мүмкін бе? – Өз іс-әрекетінің басқа елдер мен халықаралық ұйымдарға қар­сы бағытталмағандығы – ШЫҰ хар­тиясына енгізілген маңызды қағи­дат. Осының өзі ШЫҰ-ның басқа халықаралық ұйымдардан, соның ішінде әскери-қорғаныс одақтары­нан негізгі айырмашылығы болып отыр. Оның үстіне Шанхай бесті­гінің ұйымды құрғандағы мақсаты – мүше мемлекеттердің өзара сенімін арттыруды ғана көздеген, демек ол сырттан болатын қауіпке қарсы бағытталмаған. Мен жоғары­да ШЫҰ шеңберінде қандай іс-әрекеттер жасалатынын атап бердім. ШЫҰ бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті сақтау үшін ынтымақ­тас­тық­ты арттыру, сондай-ақ басқаға қосылмау, елдер мен халықаралық ұйымдардың бір-біріне қарсы тұр­мауын жақтайтын қағидатты бас­шы­лыққа алған жаңа тұжыр­ымды қолдайды. Сондықтан ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттердің әскери сала­да­ғы ынтымақтастығы да аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың сақталуын ғана көздейді. Осы міндеттер ШЫҰ-ның болашақта қор­ғаныс блогын құруды көздемей­тіндігін көрсетіп тұр емес пе. – Бүгінгі күні ШЫҰ іс-әре­кетіндегі негізгі басымдық жо­ғарыда айтылған үш зұ­лым­дық­қа қарсы күреске беріліп отыр. Ал болашақта негізгі ба­сымдық экономикалық ынты­мақтастыққа берілуі мүмкін бе? – Экономикалық ынтымақтас­тық – кооперацияның маңызды са­ла­ларының бірі. Барлық мүше мем­лекеттер де ұйымның құді­ретті әлеуеті мен зор перспек­ти­ва­ларына байланысты экономи­ка­лық ынтымақтастықтың дамуына үлкен көңіл бөлуде. Жоғарыда атап өткен көпжақты сауда-эко­номикалық ынтымақтастық жө­нін­дегі бағдарлама мен оны жү­зеге асыру жоспарында бірлескен жұмыстар арқылы ортақ табыс әкелетін көптеген жобалар ай­тылған. Олардың біразы қазір іске асырылып та жатыр. Болашақта ШЫҰ аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты арттыра түсуді жоспарлап отыр. Соның ішінде тараптардың бәріне де табыс әке­летін бірлескен пайдалы жоба­ларды іске асыру ойымызда бар. Сауда мен инвестицияға жақсы жағдай туғызу үшін еркін сауда аймағын құру көзделуде. – Қытайдың сыртқы сауда айналымында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесі қандай? – Қытай және ШЫҰ-ға бас­қа да мүше мемлекеттер өзара сауда әріптестері болып табы­ла­ды. 2010 жылдың статистикалық мә­лі­мет­теріне қарағанда, Қытай мен Ресей арасындағы тауар ай­на­лымы 55,4 млрд. АҚШ доллары көлеміне жетті. Бұл дағдарысқа дейінгі көрсеткішке жетіп қалған меже. Ал Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы жыл қорытындысы бойынша 20,4 млрд. долларға жетті. Айта кетерлігі, Қытай Қазақстан үшін ең үлкен сауда әріптесіне айналды. Қытай мен Тәжікстан арасындағы тауар ай­на­лымы 4,2 млрд, қытай-өзбек сау­дасы 2,1 млрд, долларға же­тіп, біз бұл мемлекеттердің екін­ші орын­дағы сауда әріптесі болдық. Қытай жағы бұдан әрі де өзара ұтымды сау­да байланыс­тарын дамытуды жалғастыра беретін болады. Соның ішінде ШЫҰ-ға басқа да мүше мемлекеттер бар. – ШЫҰ-ға мүше-мемле­кет­тердің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы туралы да айтып берсеңіз. Соның ішінде осы салада Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын қай бағыт­тарда дамыта түсу керек деп ойлайсыз? – Ұйымға мүше барлық мем­лекеттердің де терең тарихы, тамаша мәдениеті бар. Олар бір-бірімен тығыз байланысты және бірін бірі байыта түседі. Өзінің 10 жылдық тарихында мүше-мемлекеттер осы саладағы ын­ты­мақтастығын мәдениеттердің көп­түр­лілігін сыйлау қағидатын бас­шылыққа алған «Шанхай рухы­ның» бастамасымен үнемі алға дамытып келеді. Қазірдің өзінде оның қол жеткізген тамаша жетістіктері бар. Осының өзі әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттер өз­ара үйлесімді өмір сүре алатынын әлемге көрсетіп отыр. Өзара диалогтар мен пікір алысуларды тұрақты түрде нығайта беруді сая­си өзара сенімнің негізі және кепілі деп санауға болады. Тарап­тардың бәріне де пайдалы ынты­мақтастықтар ұйымның дамуы мен өміршеңдігінің маңызды фак­торы болып табылады. Болашақта тараптар өзара ынтымақтас­тық­тың жаңа әлеуеттерін аша түседі, соның ішінде билік бастама­шы­лық рөлін атқарса, халық белсенді түрде оны өздері жан­дан­ды­ра­тын болады. Сөйтіп, гумани­тар­лық саладағы ынтымақтастық на­рыққа бейімделіп, үлкен көлемге ие болады, мұның өзі ұйымның да дами түсуіне қызмет етеді деп ойлаймын. Қытай мен Қазақстан басшы­лы­ғы­ның тікелей қамқорлығы ар­қа­сында екі елдің арасындағы гу­манитарлық саладағы ынты­мақтас­тық стратегиялық әріптес­тік­тің құ­рамдас бөлігі ретінде сер­пінді да­мып келеді. Соңғы жыл­дары тараптар Конфуций инс­титут­та­рын құруда, сондай-ақ көркем­өнер­паз­дар ансамбльдерімен ал­масып, жақ­сы жетістіктерге қол жеткізді. Болашақта да осы саладағы ынтымақтастықтар дами түседі, сондай-ақ туристік ведомстволар мен қоршаған ор­таны қорғау қызметтері ара­сын­дағы байла­ныстар да терең­дейтін болады. – Интеграциялық үдеріс­терді тереңдету мақсатымен Қазақстан өзінің егемен би­лігінің бір бөлігін ұлтүстілік орган – Кеден одағы, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ секілді ұйымдардың құзырына берді. Ал Қытай тарабы интеграциялық үде­ріс­терді тереңдету үшін осын­дай қадамдарға бара алар ма еді? – Қытай жағы Қазақстанның аймақтық интеграцияны терең­дету жолындағы белсенді қадам­дарын жоғары бағалайды. Біз осы аймақтағы экономикалық интеграцияны тереңдетудің тамаша перспективалары бар деп санаймыз. Ашықтық принципі ұсталынатын, экономикалық ин­те­грациясы бар дамушы өңір әрқашанда аймақ елдерінің, тіпті бүкіл әлемнің интегра­ция­лануына жақсы жағдай туғыза алады. Осыған байланысты Қы­тай ШЫҰ шеңберіндегі еркін сауда аймағының құрылуын белсенді түрде қолдайды. Сонымен бірге, осы экономикалық интеграциялану үдерісін ынталан­дыру үшін ұлттық заңдары мен саяси ұстанымдарының мөлдір­лік деңгейін арттыру, порттар құ­рылысын салу мен оларды бас­қару­ды жандандыру, кедендік про­цедураларды жеңілдету, стан­дарттар мен тауарлар сапасы сер­тификаттарын біріздендіруді ын­та­ландыру, шекарадан өту үде­рістерін жеңілдетуді және т.б. мүмкіндіктерді қолдайтын бо­лады. – Сіз Қазақстанның аймақ­тық және жаһандық проб­ле­маларды шешуге белсенділікпен қатысып жүргенін қалай бағалар едіңіз? – Аймағымыздағы әлемдік ықпалы бар ірі ел ретінде Қазақ­стан халықаралық және өңірлік мәселелерді реттеуде маңызды рөл атқарып келеді және қауіп­сіздікті сақтау ісін ынталан­ды­ру­­да айтарлықтай күш болып отыр. Қазақстан өркениеттер ара­­сындағы үнқатысулардың дамуы, аймақта өзара сенімді қауіпсіз ортаның қалыптасуы жолында белсенді әрекеттер жасауда. Оның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралар жөніндегі  кеңесті (АӨСШК) құру және Шанхай ынтымақтастық ұйы­мын құруға белсене қатысуы аймақтағы, тіпті бүкіл әлемдегі қауіпсіздікті сақтау жолындағы жаңа қолда­ған іздеген маңызды бастамалар болып табылады. Был­тыр және биыл Қа­зақстан ЕҚЫҰ, ШЫҰ және ИКҰ сияқты беделді ұйым­дарға төр­ағалық етуде, VII Қыс­қы Азия ойын­дарын тамаша ұйымдастыра білді. Міне, осы­лар­дың нәтиже­сінде оның әлем­дік ықпалы мен рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Біз дос көрші ретінде Қазақстанның табыстарына шын жүректен қуа­намыз. Қытай жағы Қазақстанның қол жеткізген табыстарын қуа­нышпен атай отырып, онымен бірге тұрақты бейбітшілік пен бірлесе дамуды қалайтын ортақ аймағымызды гүлдендіре беруге күш салуға дайын. – Былтырғы жылдың мау­сым айында Ташкент қала­сын­да ШЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға берілді. Одан бері де бір жылға таяу уақыт өтті. Сіз Қазақстан төрағалығын қалайша бағалайсыз? – Төрағалық міндетті алған бойында Қазақстан ұйымның да­муына, оның халықаралық аре­надағы беделінің артуына, саяси өзара сенімнің нығаюына және пайдалы ынтымақтастық дең­гейі­нің көтеріле түсуіне ықпал ететін бірқатар тиімді шаралар ұйымдастырды және ай­тар­лық­тай нәтижелерге қол жеткізді. Қытай тарабы Қазақстан­ның осы ұмтылыстарын жоғары бағалай­ды және оны осы та­быстарымен құт­тық­тайды. Биыл Астанада ШЫҰ мерейтойлық саммиті болғалы жа­тыр. Қытай басқа да мүше мемле­кет­термен бірге оны табысты өт­кізуде Қазақ­станды белсенді түр­де қолдайды. Біз Қазақстан жағы бүкіл әлемнің назарын аударар­лық ұмытылмас салтанат өткізе алатынына сенеміз және бұл оқи­ға ШЫҰ тарихындағы жарқ­ын беттер болатынынан үміттіміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.