Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында бюджеттік саясатты жаңа экономикалық талаптарға сәйкестендіру және бюджет шығыстарын тиімді пайдалану міндеттерін қойды.
Бүгінде Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен Қаржы министрлігі аталған міндеттерді орындау жолдарының бірі ретінде құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қазынашылық сүйемелдеу енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Ұлттық статистика органдарының ресми деректері бойынша, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың көлемі ІЖӨ-нің кем дегенде 20 пайызын құрайды екен. Көлеңкелі экономиканың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі мемлекеттік сатып алулар кезінде бюджет қаражатын жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, жұмсап қоятын экономикалық қылмыстар екені белгілі. Бюджеттен бөлінетін қаражаттың үштен бірі құрылыс пен сауда-саттыққа тиесілі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда, құрылыс саласында шығындардың сметасын негізсіз көбейту, құрылыс мерзімдерін сақтамау, құрылыс сапасының төмендігі, айқын емес ақша қозғалыстары, салық жүктемесі коэффициентінің төмендігі, астыртын жұмыс күші, «сұр жалақы» төлеу тәжірибесін кең қолдану секілді күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер баршылық. Осының нәтижесінде, сот үкімімен жалған кәсіпкерлік деп танылған салық төлеушілердің әр үшіншісі құрылыс саласына қатысты болып шығады.
Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған механизм бойынша бюджет қаражатының бір бөлігі мердігерлердің екінші деңгейлік банктердегі есеп-шоттарына аванс түрінде аударылады да, қалған ақша атқарылған жұмыс актісі бойынша төленеді. Ал қаражаттың одан әрі қайда кеткені, қалай жұмсалғаны жөнінде бақылау болмайды, сөйтіп, тіпті атқарылған жұмыс актісі толықтай ұсынылған күннің өзінде, қаражаттың «қолма - қол ақшаға айналдыру» жолы арқылы уыстан шығып кету қаупі туындайды.
Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін және құрылыс саласындағы көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында, Қаржы министрлігі құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеу механизмін ұсынып отыр. Бұл процесті қарапайым тілмен айтар болсақ, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп болғаннан кейін, тапсырыс берушіден бастап тауар мен қызметтердің өнім берушілеріне дейінгі қаражаттың барлық қозғалысы қазынашылықпен сүйемелденетін болады. Осы мақсаттар үшін қазынашылық органдарында бас мердігерлер мен олардың барлық қосалқы мердігерлерінің шоттары ашылатын болады. Ақшаны алғанға дейін қатысушылардың барлығы мемлекеттік кірістер органдарының қатаң «тексерісінен» өтетін болады. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, алғаш рет жобаны басқару супервайзерінің (инжинирингтік компанияның) қызметіне жүгіну жоспарлануда. Супервайзер құрылыс сапасын ғана емес, шығыстардың негізділігін де тексеретін болады. Қазынашылық, өз кезегінде, қаражаттың мемлекеттік сатып алудың ашық шоттары арқылы мердігер мен қосалқы мердігерлерге мақсатты аударылуына бақылау жасайды, яғни төлемдер шығындар тізіліміне сәйкес және супервайзердің төлем сертификатының негізінде жүргізіледі.
Біздің бағалауымызша, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қазынашылық сүйемелдеу енгізудің мемлекетке тиімді тұстары көп. Атап айтсақ, төлемдердің ашықтығына, толыққанды салық төлеуге қол жетеді, құрылыс сапасын, бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға және қазақстандық үлесті қамтамасыз етуге бақылау күшейеді. Биыл аталған механизм республика бойынша Астана қаласы, Ақмола мен Қарағанды облыстарында сынақ ретінде енгізілмек.
Қазынашылық сүймелдеуге қатысты мәселелер бизнес қауымдастық тарапынан «Атамекен» ҰКП-мен, Қазақстан инженерлері ассоциациясымен, Қазақстан құрылысшылары ассоциациясымен, ірі құрылыс компанияларымен және тағы басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланғандығын баса айтып өткен жөн. Кәсіпкерлік субъектілеріне қызмет көрсету процедураларының барлығы анық белгіленетін болады. Бұл оларға жылдам әрі тиісті деңгейде жақсы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жалпы, аталған механизм мемлекеттің бюджет қаражатын тиімді пайдалануға арналған кешенді ірі іс-шаралардың тек кішігірім бір бөлігі ғана деуге болады.
Қанат БАЕДІЛОВ,
Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы