Бүгінгі ең көкейкесті мәселелердің бірі әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру екені анық. Ал оны тұрақтандырып қана қоймай, белгілі бір деңгейде бағаның төмендеуіне қол жеткізіліп жатса ше? Сірә, бәрекелді деп дәл осындай жағдайда айтылатын шығар. Әйтсе де қымбатшылық етектен тартқан қазіргі кезеңде
бұлай болуы тіптен мүмкін еместей көрінеді. Дегенмен, өңірдегі іс басында отырған азаматтар осы мүмкін еместі мүмкін жасады десек бұған илана қояр ма едіңіз? Егер бұған күмән келтірсеңіз айтылған мәселеге көзіңізді жеткізу үшін төмендегідей жайттарды баяндап беруге болады.
Біріншіден, аймақтағы «Ақтөбе» ӘКК АҚ азық-түлік тауарлары нарығын дамытудың іргелі де кешенді шараларын белгілеп жүзеге асырған. Әсіресе олар бүгінгідей қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында сапасы жоғары жергілікті ауылшаруашылық өнімдерін төмендетілген бағамен қалай өткізуге болатындығын терең түрде зерделей білген. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстар тиімді, нәтижелі және сенімді түрде жүргізілген. Жоғарыда айтылғандай, негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өзгеріске ұшырамай тұра алмайды. Мұны ретке келтіруде облыста құрылған тұрақтандыру қорының септігі мол. Бағаның негізсіз өсуіне түрткі болатын жайттардың бірі – тауарды жеткізушілер мен тұтынушылардың арасында әлекедей жалаңдаған алыпсатарлар мен делдалдардың жүруі десек шындықтан алшақ кетпейміз. Осы келеңсіз құбылыстың алдын алу үшін өңірде аталған буындарды тікелей байланыстыратын заманауи инфрақұрылым орныққан. Осы арқылы ауылшаруашылық тауарын өндірушілер өз өнімдерін сауда орындарына тікелей өткізуге мүмкіндік алып отыр. Ал өз кезегінде тұтынушылар сапалы әрі құнарлы азық-түлік өнімдерін тиімді бағаға сатып ала алады.
Өңірде азық-түлік бағаларының қолжетімді болуына Ақтөбе қаласы аумағындағы «Табыс» коммуналдық базарының тигізіп жүрген ықпалы айтарлықтай. Оның жалпы аумағы 4400 шаршы метрді құрайды. Ал мұндағы көкөніс сақтау қоймасы мен көтерме базардың сыйымдылығы 1850 тоннаға тең. Аталған аумақта әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік түрлері мен ауылшаруашылық өнімдерін сатуға шығарудың ыңғайлы да тиімді жолдары белгіленген. Кеңейтілген шағын базарлар мен әлеуметтік павильондар желісі осы пікіріміздің айғағы. Міне, осындай іргелі де ілкімді ізденістердің арқасында ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы 10 пайызға дейін төмендегенін айту қажет. Бұған тауарлардың көрші аймақтардан жүк көтергіштігі 25 тонна құрайтын рефрижераторлардың көмегімен тікелей жеткізілуі де оң әсерін тигізген. Сондай-ақ, «Табыс» базары аумағында өткен жылы өткізілген ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкелері де маусымдық өнімдер бағасының әжептәуір төмендеуіне жол ашқан.
Соңғы кезде республика өңірлерінде құрылған аймақаралық интеграцияның игілігін де алғаш рет көре бастаған Ақтөбе облысының тұрғындары. Мұнда осының нәтижесінде әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік өнімдерінің бөлшек саудадағы орташа бағасы әжептәуір төмендеген. Сонымен бірге көршілес Қызылорда облысымен орнатылған байланыс күріштің, балық пен тұздың және өзге де азық-түлік түрлерінің бағасы төмендеуіне жол ашыпты. Мұндай жағдайда көршілес өңірлер экономикалық даму мен импортты алмастыру мәселелерінде өзара ынтымақтастықты нығайтуға барынша мүдделі екені айтпаса да түсінікті. Облыста бүгінгі басты мақсат – жаңа келісімшарттар жасауға және өнімдерді жеткізушілер аясын жергілікті заңды тұлғалар есебінен кеңейтуге бағытталған. Бұл әрі аймақаралық кооперацияны дамытудың басты бір тетігі ретінде қарастырылуда. Тұрақты қадағалау қай кезде де өзінің оң нәтижесін бермей қалмайды. Сондықтан да шығар облыс орталығында бүгінгі күні әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары азық-түлік өнімдерінің бағасы орташа көрсеткіштен 10-30 пайыз аралығында төмен болып отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ