Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласындағы «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ауыл шаруашылығы техникасын құрастырып шығаратын
кәсіпорын қазіргі уақытта Беларусь және Ресеймен бірлесіп, түрлі құрал-жабдықтар шығарып келеді. Бұл кәсіпорынның ашылу салтанатына өткен жылы Мемлекет
басшысы Н.Назарбаев қатысып, Қазақстанның солтүстік аймағының астықты өңірлерінің ауыл шаруашылығы үшін қажетті техника мен түрлі жабдықтардың шығарыла
бастауын агросекторды ілгері дамытуға жаңа серпін беретіндігін атап өткен болатын.
Біз өңірлерде сапарда болғанымызда, осы кәсіпорынның жұмысымен жақынырақ таныстық. Қазірдің өзінде 1,5 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, жоғары технологиялы жабдықтар сатып алынған. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын басынан бастап, жоғары деңгейде шығаруды қолға алған еліміздегі бірден-бір өндіріс орны.
Осы кәсіпорынның басшыларымен, мамандарымен, жұмысшылармен пікір алмасу барысында олар
Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің «Арнайы инвестициялық жобалар аясындағы инвестициялық преференция мен оларды тіркеу тәртібі» және «Арнайы типті инвестициялық келісім- шарттарды бекіту туралы» бұйрықтарының жобасындағы бос тұрған қоймалардың иелеріне оларды 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеуден өткізу жөнінде қойылып отырған шектеудің талабын алып тастауды өтініп, осы мәселеге депутаттардың да назар аударуын сұрады. Бұл шектеу кәсіпорынды Кеден одағы және алыс-жақын шетелдердің өзге де тауар импорттаушылары мен тауар өндірушілері алдында теңсіздік жағдайға тіреп отырған көрінеді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетудің белгілі бір мерзімнен «не бұрын, не кейін ашылған» деп мұндай шектеу қою жоқ екен. Егер де осы талап өз күшінде қалатын болса, кәсіпорын қазіргі уақытта өндірісте жұмыс істеп жүрген 100-ден астам адамды қысқартуға мәжбүр болып, шығаратын техниканы тек қана шетке жөнелтумен ғана айналыспақшы.
Осыған орай, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекке депутаттық сауал жолдап аталған мәселені тереңірек зерделеп, отандық кәсіпорын ұжымының ұсынысының оң шешілуін қарастыруын өтіндім. Сауалды әріптесім Рашит Әкімов те қолдап, қолын қойды. Министр бұл мәселені тереңнен зерделейтін шығар деген үмітіміз бар.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Сенат депутаты