Елбасының халыққа Жолдауында айтылған баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру мәселесі бойынша Атырау өңірінде нақты жұмыстар бастау алды.
«APEC PetroTechnic» жоғары колледжінде «Consolidated Construction Company» компаниясы бағдарламасының біліктілікті арттыру курстары ашылды. Оқу орталығында жастар заманға сай халықаралық дәрежедегі электр маманы, дәнекерлеуші, құбыр монтаждаушы және ұста мамандықтарын тегін меңгереді. Бұл өз кезегінде мұнай-газ саласындағы жобаларда білікті отандық мамандар қатарын көбейтуге мүмкіндік береді.
«ССС» компаниясының президенті Самер Хуридың айтуынша, оқыту барысында мамандар өндірістік қауіпсіздік бағытындағы халықаралық тәжірибелермен бөліседі. Ал үздік бітіріп шыққан жастар компанияның шет елдердегі ірі халықаралық құрылыс нысандарында сынақтан өтеді. Оқыту курстары төрт айға созылады. Жоба аясында жүзден астам азамат бес топта біліктіліктерін арттырып, халықаралық дәрежедегі сертификат иеленбек.
– Биыл облыс бойынша мемлекет тарапынан 500 жұмыссыз кәсіптік-техникалық бағытта оқытылады, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ