Осыдан үш күн бұрын облыстық психиатриялық аурухананың бұрынғы бас дәрігері,сот психиатриялық-сараптау комиссиясының төрайымы, жоғары санатты сот-психиатриялық сарапшы Рашида Сандыбаеваны пышақтап өлтірген күдікті үш адам қолға түскен болатын. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы жедел-тергеу тобының жүргізген кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Р.Сандыбаеваны өлтірудің барлық механизмі, тәсілі мен себебі толық ашылды.
Қарағанды облысынан ұсталған үш адам қылмыстың орын алғанын толық мойындап, қамалды. Екінші наурыз күні түске дейін облыстық психиатриялық ауруханадағы №4 бөлімнің меңгерушісі, жоғары санатты психиатр-нарколог дәрігер, 45 жастағы Зәуреш Ізалдина осы іске қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Бұл бізге жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының ресми емес көздерден алған ақпараттарды жариялауынан белгілі болды. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бұл жөнінде әлі ешқандай ақпарат бермей отыр. Тек ғана қазір қылмыстық топтың басқа мүшелерін ұстау және олардың кінәларын толық дәлелдеу үшін іс-қимыл шаралары жүргізілуде екенін ғана айтты.
Еске сала кетсек, осы жылдың 20 ақпан күні сот психиатриялық сараптау комиссиясының төрайымы, көп жылдар облыстық психиатриялық аурухананың бас дәрігері болған, облысқа белгілі жоғары санатты психиатр дәрігер, жоғары санатты сот психиатриялық сарапшы Рашида Сандыбаева өзінің пәтерінде айуандықпен пышақтап өлтірілген болатын. Оның денесіне қылмыскерлер 30 жерден пышақ ұрған.
Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»