Осмий табиғатта жеті изотоп түрінде кездеседі. Соның ішінде ең қымбат тұратын осмий-187 изотопы, білетін адамдардың сөзіне қарағанда, тек Қазақстанда, соның ішінде Жезқазған кен орындарында ғана өндіріледі. Осмий-187 аэроғарыш саласында, ракета жасауда, қазіргі заманғы технологиялар мен көптеген дәрілік препараттарды синтездеу кезінде пайдаланылады екен.
Жалпы, мамандардың пікіріне қарағанда, осмийден де қымбат тұратын тағы бір элемент бар екен. Ол «калифорний» деп аталады. 1998 жылдың қыркүйек айында Ок-Риджск ұлттық зертханасында калифорний-249 изотопының 1 микрограмы (граммның миллионнан бір бөлігі) 180,25 долларға, ал калифорний-252 изотопының 1 микрограмы 56 долларға бағаланған. Яғни, егер микроскоппен қарамасаңыз, көзге көрінбейтін зат осыншама ақшаға бағаланған.
Алайда Калифорний табиғатта таза күйінде кездеспейді. Арнайы зертханада күрделі реакциялар жолымен плутонийді жаңа затқа айналдыру арқылы алынады. Мамандар калифорнийдің әлемдік қоры ең әрі кеткенде 5 грамнан аспайды деп болжам жасап отыр. Оның бағасының аса қымбат болуы да осы өте сирек кездесетіндігінен. Демек, АҚШ-тың Калифорния штатындағы университеттің Гленн Сиборг бастаған ғалымдар тобы 1950 жылы алғаш рет ядролық реакциялау жолымен алған бұл радиоактивті металды өмірде жоқ зат ретінде бағалауға да болады.
Сондықтан, біздің ойымызша, дүниеде бар, яғни табиғатта кездесетін және көзге көрінетін ең қымбат металдар тобын осмий бастауы тиіс. Осмий – калифорнийға қарағанда әлдеқайда кең таралған металл.
Осмий платина металдар тобына жатады. Қаттылығына, бу қысымына беріктігіне және өте жоғары температурада ғана балқитындығына байланысты осмий механикалық өңдеуге оңайлықпен көндіге қоймайды. Ол табиғатта кездесетін барлық заттардың ішіндегі ең тығызы деп есептеледі.
Осмий осы қасиетіне байланысты өзі қосылған затқа ғажайып беріктік береді. Әдетте қымбат қаламсаптардың үшін тозбау үшін алтынмен булайтыны белгілі. Ал егер оған осмийді қосатын болса, ол мүлдем тозбайтын болады. Техникалық, медициналық, өнеркәсіптік пышақтар, осмий қосылған жағдайда, барынша өткірлене түседі және жүзі қайтпайды. Осы қасиетіне байланысты осмий аэроғарыш құралдарын жасаған кезде қолданылады.
Осмийді алғаш рет 1803 жылы ағылшын химигі Смитсон Теннат әріптесі Уильям Х.Уоолластонмен бірігіп ашқан. Платинаны «патша арағына» салып еріткен кезде ыдыстың түбінде ерімеген күйінде шағын шөгінді қалады. Жаңа элемент осылайша ашылады. Ал оған «осмий» деген ат берілуіне оның жағымсыз иісі себеп болған. «Осмий» грек тілінде «иіс» деген мағынаны білдіреді екен. «Патша арағы» түбіндегі шөгіндіні жекелеп алған кезде одан хлордың немесе сасыған шомырдың (редьканың) иісі шығып, ол өңешті кернеп, қолқаны тұтып қалған.
Біз «патша арағы» деген сөзді екі рет қайталап отырмыз. Оны біреулер кәдімгі арақ немесе патшалар ішетін алкогольді ішімдік екен деп ойлауы мүмкін. Орыс тіліндегі «Царская водка» терминінен тікелей аударылып отырған «Патша арағы» – азот және тұз қышқылының қоспасы. Ерте замандарда алхимиктер оны металл қоспалардан алтын мен күмісті бөліп алу мақсатында пайдаланған. Алтынды «патша металы» деп атаған. «Патша арағы» деген сөз де осыдан барып пайда болса керек.
Жалпы «вода» сөзінен шыққан «водка» термині алғаш рет орыс тілінде ХІІІ-ХІV ғасырларда судың азайтылған түрі ретінде қолданылған көрінеді. Ал спирттік ішімдік ретіндегі нақты мағынасына тек ХІХ ғасырдан бастап ие болған. Яғни «патша арағы» сөзін бұл жерде өзінің қазіргі тура мағынасында емес, ерте замандардағы алхимиктердің бағалы металдарды алу мақсатында жасайтын химиялық әдістерінің негізгі құралы ретінде түсінгеніміз жөн.
Осмий құрамында платина мен палладийі бар полиметалл кен орындарында, сондай-ақ, алтын алынған кен қалдықтарында кездеседі. Оны таза күйінде иридиймен аралас күйде жолықтыруға болады. Кейде жеке-дара да кездеседі. Әсіресе, таза платина құрамында шоғырланады.
Құрамында осмийі бар иридий кен орындары Ресейде (Сібір мен Орал), АҚШ-та (Аляска, Калифорния), Колумбияда, Канадада, Оңтүстік Африка мен Тасмания және Австралия елдерінде орналасқан. Ең ірі қорларының бірі Оңтүстік Африкадағы Бушвельд кен орны деп есептеледі.
Ал Қазақстанда өндірілетін осмий-187 изотопының бағасы туралы әртүрлі ақпараттар бар. Бұл металдың өндірісі мен сатылуы көп жариялана бермейтін болса керек. Өйткені, бұл металл жайындағы ақпараттар өте жұтаң.
Осмий сырына қанығу үшін еліміздегі сирек металдар жөніндегі маман, Минералды шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың бас директоры Әбдірәсіл Жәрменовке телефон арқылы хабарласқан едік. Осмий-187 изотопы Қазақстанда өндірілетіндігін ол кісі де қуаттады. «Жалпы, әлемде сирек металдардың 14 түрі болса, соның барлығы біздің жерімізден табылып отыр. Бірақ оларды негізінен алғанда жеке компаниялар өндіріп жатқандықтан, еліміздегі сирек металдар өндірісі мемлекеттік бақылаудан тысқары қалып отыр деп айтуға болады», деді ол кісі.
Әлемде көп кездесе бермейтін сирек металдар кен орындарының Қазақстанда молынан шоғырлануы біздің жеріміздің қасиетінің бірегейлігін көрсетсе керек. Өкінішке орай, Алланың берген осы сыйын ел игілігіне дұрыс жарата алмай отырған секілдіміз. Бұл проблема осыдан бірнеше жыл бұрын көтеріліп, сирек металдар өндірісіне мемлекеттік монополия орнатуды қамтамасыз ететін арнайы заң жобасы да әзірленіп, ол Парламентте талқылауға түскен тұсы да болған екен. Бірақ пікірталастар барысында Үкіметтің бұл заң жобасын кейін қайтарып алғандығын естідік. Мәселе содан кейін қайтып қозғалмапты. Неге бұлай болғандығы бізге түсініксіз. Әлде лобби араласты ма екен? Егер сирек металдар өндірісі мен саудасына мемлекеттік бақылау орнатылса, мұны халық қолдар еді деген пікірдеміз.
Сондай-ақ, осмий-187 изотопының қаншаға бағаланатындығын да ешкім тап басып айта алмады. Бұл жөніндегі деректер де әртүрлі. Бір деректе 1 граммы 10 мың доллар делінсе, екінші бір деректе 200 мың долларға дейін бағаланатыны келтірілген. Үшінші біреулер «осмий-187 изотопының 1 граммы 3 килограмм алтыннан қымбат тұрады», дейді. Интернеттегі жазбаларға қарағанда, осмий-187 изотопы ашық саудаға шығарылмайтын көрінеді. Бір затқа әртүрлі бағаның айтылатындығы да содан секілді.
Тағы бір білгеніміз, бұрын сирек металдардың әлемдік нарығында көршіміз Қытай белсенді рөл ойнаған. Кейінгі жылдары бұл ел сирек металдарды сыртқа саудалағанды доғарған. Білуімізше, жоғары технологиялардың дамуына байланысты соңғы уақыттары сирек металдардың қолданыс аясы кеңейіп, оларды маңызы арта түскен. Қытайдың оларды сыртқа саудалауды тоқтатуының бір сыры осында болса керек. Сол секілді Қазақстан да осмий-187 изотопын сыртқа саудалап келген екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын доғарған. Не себеп? Ол жағы бізге белгісіз. Бірақ қара нарықта саудалау ісі әлі де кездесетін секілді. Мәселен, 2011 жылдың қазан айында Ресейдің Волгоград облысында осмий-187 изотопының бірнеше грамын саудалап жүрген қазақстандықтарды осы елдің федералдық қауіпсіздік қызметі өкілдерінің ұстағандығы туралы хабар таратылған екен. Хабарда Қазақстанның таза осмий-187 изотопын жалғыз экспорттаушы ел екендігі атап көрсетілген. Осындай хабарларды оқыған кезде әлемнің ең қымбат заты болып есептелетін және өте сирек кездесетін қазақстандық бұл металл «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқан жоқ па екен» дегендей ойға қаласыз. Демек, еліміздегі осмий секілді сирек металдар өндірісін және олардың сақталуы мен пайдаланылуын, сатылуын мемлекеттік тұрғыдан қайта реттеудің кезі келген секілді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»